Ерекше саяхат, өзгеше көңіл-күй
Патриотизм – сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас өскіннің екінші жан дүниесі, ой санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Қазақтың патриоттық – отансүйгіштік тәрбиесі – тереңнен тамырын тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетаным – көзқарасының, ақыл-ойы мен салт - дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпай, келер ұрпақты патриоттық – отансүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш - жігері мен ақыл-қайрат жұмсап, отаншыл азаматтарды, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп өсіру мүмкін емес.
Міне, осы ретте, «Береке-Жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараны атап өтуге болады. Жастардың патриоттық рухын көтеру, Қазақстан армиясының атақ-даңқын ұлықтау, қуаттылығын дәріптеу, жасөспірімдер мен жастардың өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, ұлтжандылыққа тәрбиелеу үшін мектеп оқушыларын «2019 Ұзынқұдық» шекара әскери бөлімшесіне алып барған болатын. Саяхат түрінде өткен шараға 60 оқушы және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері қатысты. Әскери базадағы қару-жарақтармен танысқан олар арнайы қолға үйретілген иттердің жаттығуларын да тамашалады. Жеткіншекте осылайша ерекше саяхат жасап, өзгеше көңіл-күйді бастан кешті.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.