Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Желідегі дәріге сене берме

Желідегі дәріге сене берме


«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсіл бар қазақта. Қазір не көп аурудың түрі көп. Инстаграм, ватсап желісі арқылы түрлі науқасқа шалдыққан балалар мен ересек адамдар халықтан көмек сұрап жатады. Тіпті, құлақ естімеген аурулар туралы да әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Осы ауруларға ем болатын дәрі-дәрмектердің де қатары көбейіп барады. Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз болды, дәрілерге жасалған жарнамадан көз сүрінеді.

Бауыр, өт, ішек, асқазан, жүрек, қан тамырлары, буын ауруларын жақсартатын түрлі шетелдік компаниялардың өнімдерін жарнамалаудан жарыс өтіп жатқандай. 100 пайыз табиғи өнімнен жасалған 70 түрлі ауруға шипа деген жарнамаларды оқығанда кез келген науқас жан сол дәріні еміне шипа болады деп үміттенеді. Өйткені, тірі адам тіршілікте ауырмай тұрмайтындықтан, дәрінің тұтынушысы азаймасы белгілі.
Басы ауырып, балтыры сыздап, сырқаттанған жағдайда бірінші кезекте емге шипа болатын дәрілерді іздейтін халқымыз денсаулығы үшін, оның бағасына да қарамайды. Құрамында түрлі дәрумендер, дәрілік өсімдіктерден жасалған желідегі дәрілердің қаншалықты денсаулыққа пайдасы және бағасы жайлы біз дәрігер маманның өзінен сұрағанды жөн көрдік. Ұлжан Жүнісова «Көкшоқы» мөлтек ауданы амбулаториясының меңгерушісі: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізде дәрі жетіспеушілігі орын алды. Сол уақытта сырттан келген кез келген медициналық препараттың нарықта таралуына жол берілді. Ал, қазір қаржы көзі ұлғайып, сапалы өнімге қол жеткізуге мүмкіндік туған соң, сыннан өтпеген өнімнің мемлекетке енуіне тыйым салынады. Мәселен, қазір дәрі сапасына қатысты бір мәселе қолға алынуда. Яғни, еліміздің фармацевтика саласындағы білікті сарапшылары өзге мемлекеттегі дәрі шығаратын зауыттың қандай халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп жатқандығын және технологиялық жұмыстарының сапасын тексереді», – дейді дәрігер.
Өзге жұрт сырт елден келетін өнімге күдікпен қарап, сапасы жоғары затты ғана пайдалануға тырысады. Ал, бізде мүлдем басқаша. Әсіресе, әйелдер көбіне аздыратын, салмақ түсіретін шөптік шайларға қызығып жатады. Алайда, артынан келер зардабын ойлап жатқандары шамалы. Желідегі дәрінің бір пайдасы болғанымен, ол екінші жағынан келесі бір ағзаға зиян келтіреді. Сондықтан, халқымыз ең әуелі ауруына шипа іздесе, дәрігерлердің көмегіне жүгінгені жөн.
Бейресми деректерге сүйенсек, Қытайдан тасымалданатын дәрілер кеденнен жасырылып өткізіледі екен. Сондықтан, күніне қанша дәрі шекара асып, Қазақстанға келіп жатқанын дөп басып айту қиын. Ал, осы дәрі-дәрмек саудасына мемлекеттік дәрежеде көңіл бөліп, бақылау жасауды да күшейткен абзал. Өйткені, дәрі-дәрмектің сапасын, оның емдік әсерін тек қана мемлекеттік тұрғыдан бақылап, қадағалап отыруға тиіспіз. Бұл халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін болғаннан кейін, бұған немқұрайлы қарауға болмайды. Егер кез келген адам желіде отырып, дәрі-дәрмек саудасымен айналыса берсе, онда сапасыз дәрілер көбейіп кетуі мүмкін. Ол – халық денсаулығы үшін үлкен қауіп. Сондықтан, дәрі-дәрмектің бұлайша еркін саудаға түсуіне аса мұқият болғанымыз жөн.
Адамның денсаулығын дұрыстау үшін қолданылатын дәрінің, керісінше, адам денсаулығына қатерлі затқа айналуы қорқынышты. Қалай десек те, қоғамның басты байлығы – адам болса, адамның басты байлығы оның денсаулығы. Сондықтан, өз қолымызбен зиян жасамай, ауырмайтын жол іздейік.Қорыта келгенде, дәріні ішкен кезде дәрігер жазып берген кеңесті бұлжытпай орындап, мамандарға жүгінейік.


Айнұр Назарова.
21 қазан 2018 ж. 1 230 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930