Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие алған кезде назар аударатын негізгі қағидалар

Несие алған кезде назар аударатын негізгі қағидалар

1.Үстеме. Кепілсіз несие аларда үстемесін (переплата) міндетті түрде есептетіп алыңыз. Бұл пайыздық мөлшерлемеден де маңызды. Себебі бәзбір банктердің пайызы төмен болғанымен, «жасырын» комиссияларын қосқанда қайтаратын ақшаңыз одан асып түседі. Ең дұрысы - әр банктің үстемесін саусақтап тұрып санап, салыстырып, неғұрлым төменін таңдау. 
2. Мерзімінен бұрын жабу. Несиені ресімдемес бұрын қарызды мерзімінен бұрын өтеу шарттарын тәптіштеп сұрап алыңыз. Себебі бірде-екілі банкте алған қарызды алты айға дейін немесе бір жылға дейін мерзімінен бұрын жабуға болмайтыны туралы талап бар. Осы мерзімде ерте жапсаңыз айыппұл төлетеді.
 
3.Сақтандыру сомасы. Біраз банк несие ресімдегенде беретін ақшадан сақтандыру сомасын ұстап қалады. Ол қаржы сақтандыру ұйымдарына аударылады. Мәселен сізге 250 мың несие керек делік. Осының 40-50 мыңын сақтандыру сомасы ретінде ұстап қалып, сол қаржыны сізге төлетеді. Үстемесімен! Сондықтан сақтандыру сомасын ұстамайтын банктердің беретін ақшасымен салыстырып, үстінен ұсталатын үстемені қараңыз. Несиені төлеп біткенде, банк қызметкері айтқан сақтандыру ұйымына барып, жаңағы соманы қайтарып алыңыз.
 
4.Несие алуға ниеттенсеңіз ең алдымен өзіңіз жалақы алатын банкке барыңыз. Себебі әр банк өз тұтынушысына жеңілдік жасайды. Мәселен Халық Банкі өз клиенттеріне бес млн теңгеге дейін кепілсіз несие берсе, жалақысын өзге банктен алатындарға бар жоғы бес жүз-ақ мың береді. Банк ЦентрКредит пен Сбербанкте де жалақыны өзінен алатын клиенттер үшін 1% жеңілдік бар. Әрі кез келген банк клиентінің еңбекақы есебі «көз алдында» болғандықтан қарызды да көбірек беруі бек мүмкін.
 
5.Лажы болса жаңадан ашылып жатқан немесе ашылғанына көп бола қоймаған банктерге жоламаған абзал. Бара қалсаңыз түгел есептетіп, салыстырып алыңыз. Мұндай банктер клиенттерді тарту үшін небір көз арбаушы жеңілдіктер ұсынады. Бірақ қайтарымы бірнеше есе асып түседі.
 
6.Банктердің басым бөлігі несие ресімдеудің екі жолын ұсынады: комиссиямен және комиссиясыз. Біріншісінде банк несие бергені үшін ресімдеген соманың 5 пайызын ұстап қалады. Мәселен сіз Банк ЦентрКредиттен 3 жылға 3 млн теңге алмақсыз делік. Егер комиссиясын ұстап қалсын десеңіз қолыңызға шамамен 2 850 мың теңге тиеді. Есесіне несиені 21 пайызбен аласыз. Ал егер 3 миллионды қолыңызға тұтас аламын десеңіз 31 пайызбен береді. Яғни үш жылда төлейтін пайыздық үстеме анағұрлым жоғары болады деген сөз. Түсінікті тілмен айтқанда кез келген банк жаңағы 5 пайызды не бірден ұстайды, не несиені төлейтін мерзімде екі-үш есе артығымен өндіріп алады. Сондықтан несие алғанда комиссиясымен ресімдеңіз. Бірнеше есе артық төлегенше, алатын сомаңызға қарай бес пайызын бірден ұстап қалғаны жақсы. Шатастырмаңыз! Комиссия мен сақтандыру сомасы екі бөлек дүние. Банктерде мұның біреуі болса біреуі болмауы мүмкін.
 
P.S: Әр банкті аралап жүруге уақытыңыз болмаса жедел желілеріне қоңырау шалып, операторларынан кеңес алыңыз. Жеке деректеріңізді айтсаңыз сізге қанша сома берілетінін, мерзімі мен үстемесін, ай сайынғы төлемін екі тілде түсіндіріп береді. Сайттары арқылы өтінім қалдырып, ақшаны бір-екі күннен кейін алып кетуге де мүмкіндік бар.
reactor.inform.kz
19 қазан 2018 ж. 1 751 0