НЕСИЕ АЛҒАНДА НЕНІ ЕСКЕРУ ҚАЖЕТ?
Бірінші кредиттік бюроның мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы банктер 1,5 трлн теңгеге кепілсіз жедел несие берген екен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 400 млн теңгеге көп. Несиенің мұндай түрі банктердің кредиттік портфелін қамтамасыз етіп отырған драйвер деуге болады. Сарапшылар да соңғы кезде адамдардың санасын тұтынушылық көзқарас жаулап алғанын, соның әсерінен тұтынушылық несиенің халық арасында танымалдыққа ие болғанын айтуда. Мамандар мұндай тенденцияның мемлекет үшін де қауіпті екенін ескертіп келеді. Сондықтан Ұлттық банктің несие тұтынушыларына арналған кеңестерін ұсынбас бұрын, заңгердің займдар турасындағы пікірімен бөлісуді жөн санадық.
Абзал Құспанов,
заңгер:
– Несиені адамдар негізінен тұтынушылық мақсатта қолданады. Шын мәнісінде, кредитке алған қаражат бизнес жасауға бағытталуы қажет деп есептеймін. Бізде, керісінше, тұтынушылық сипаты басым. Мысалы, той жасауға, қонақ шақыруға, тіпті, соңғы кездері, киімді де несиеге алатын болып барамыз. Сол киімді кимесек те, ештеңе өзгере қоймасы анық. Бұл адамдардың жеке бюджетін тиімді басқаруына кедергі болады, бір сөзбен айтқанда, ешқандай пайда әкелмейді. Әрі мұндай тенденция, яғни, адамдардың тұтынушылық несиені жаппай пайдалануы мемлекеттің саясаты мен дамуына да кедергі келтіреді. Өйткені мемлекетті адамдар құрайды. Өз басым шұғыл бір қажеттілік туындап қалса немесе онсыз «аспан айналып жерге түскелі тұрса» ғана несиеге жүгінген дұрыс деп есептеймін. Басқа жағдайда, күнделікті тұрмыс-тіршілік үшін кредит алуды құптамаймын.
***
Бірақ несие алуға тура келсе, біріншіден, банк ұсынған келі-сімнің шарттарын толық оқып шығыңыз дер едім. Әдетте, клиент өзі сұраған қарызға келісім бергенін естігенде, қуанғанынан құжаттарға мән берместен қол қоя береді. Мұның өзі адамдардың психикасына әсер ету үшін әдейі солай ұйымдастырылған. Сондықтан қандай көлемде қарыз алсаңыз да, шарттың жобасымен алдын ала танысу керек. Егер өзіңіз түсінбесеңіз, арнаулы мамандармен кеңесіп алған дұрыс. Мұның барлығы – азаматтық кодекстің талаптары. Шарт екіжақты келісіммен ғана жасалады. Ешкім ешкімді мәжбүрлей алмайды.
***
Кейде кредиттік менеджерлер клиентке келісімшартпен танысуға арнаулы уақыт бермейді. «Міне, мына жерлерге қол қоясыз» деп нұсқай салады. Мұндай әрекеттердің барлығы да заңсыз. Одан бөлек, банктер ұсынатын келісімшарт тек бір жақтың мүддесін көздейді. Бірақ іс сотқа жеткенде, қаржылық ұйымдар «әркім өз мүддесіне сай келісімге келді» деп дау айтуы мүмкін. Заңға сәйкес біз де банкке өз талаптарымызды қоя аламыз. Егер келісімшарттың кей тұстары көңіліңізден шықпаса, мына жеріне мынадай өзгерту енгізсек деп өз ұсынысыңызды айта аласыз. Бірақ іс жүзінде бізде әлі мұндай тәжірибе қалыптаспай жатыр.
***
Тағы бір айтарым, заңгерден бөлек, экономист мамандардың да кеңесін алу қажет. Себебі, қазір көптеген банктердің шарттарында жасырын комиссиялар бар. Мысалы, жылдық пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыз деп көрсетіледі, бірақ шындығында 30-35 пайызға дейін барып қалатын кездер болады.
Мүмкіндігіңді бағала!
Қаржы секторын реттеуші де, бақылаушы да – Ұлттық банк. Сондықтан бұл мекеме азаматтардың қаржылық сауаттылығын жоғарылатып, тұтынушылардың құқығын қорғау үшін түрлі жобалар ұйымдастырып отырады. Төменде қаржылық реттеушінің «Несие алмастан бұрын не істеу керек?» деген сауалға жауабын ұсынамыз.
Кредит алмастан бұрын оның сіз үшін қаншалықты тиімді екенін әбден саралап алыңыз.
Кредитке сатып алынатын тауар немесе мүлік қаншалықты шұғыл қажет? Оның құнын толық жинауға мүмкіндік болса, сауданы кейінге қалдырғаныңыз жөн.
Қаржылық мүмкіндігіңізді есептеңіз және кредит төлемдеріне сәйкес алдағы уақытта шығынның өсуін ескере отырып, өз бюджетіңізді талдаңыз! Отбасылық бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін анықтай отырып, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалаңыз: кредитті төлеуге қаржылық мүмкіндігіңіз қаншалықты жетеді?
Несие туралы келісімшарт қандай болуы тиіс?
Банк қарызы туралы келісім – несие толық өтелгенше банк пен сіздің қарым-қатынасыңызды анықтайтын негізгі құжат. Ең қарапайым әрі басты ереже – несие шартын толық және аса мұқият қарап шығу: алғашқы екі бетте банк қарыздың шектік сомасын, түрін, пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің көлемін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мен мерзімін және валютасын міндетті түрде көрсетуі қажет. Осылайша, сіздің қарызды қандай жолмен және қалай қайтаратыныңыз: аннуитетті ме, әлде дифференциалды ма, қарызды қайтару уақыты кешіктірілгені үшін қандай өсімақы немесе айыппұл тағайындалатыны анықталады.
Банк қарызы шартын жасағанға дейін клиентке мынадай мәліметтер туралы ақпарат беруі тиіс:
қарыз мерзімі;
қарыздың шектік сомасы және валютасы;
сыйақы мөлшерлемесінің түрі және мөлшері;
қарыз берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен төлемдердің толық тізімі;
қарыз шартының талаптарын біржақты тәртіпте өзгерту жағдайлары;
клиенттің, кепіл берушінің, кепілгердің және өзге тұлғалардың жауапкершілігі мен тәуекелдері.
Туындаған кез келген сұрақ бойынша банк менеджерінен кеңес алыңыз.
Қарызды қай валютада алған дұрыс?
Қарыз валютасын таңдаған кезде шетелдік валютадағы қарыздар табысыңыз теңгемен өлшенсе, сіз үшін аса тиімсіз болатынын есте сақтаңыз.
Сонымен қатар банктерге соңғы 6 ай бойы шетелдік валютамен табыс алмаған азаматтарға ипотекалық қарыздарды шетелдік валютада беруге тыйым салынған.
Несие мен бөліп төлеудің қандай айырмасы бар?
Бөліп төлеу – сатып алған заттың құнын ешқандай артық төлемсіз теңдей бөліп қайтару. Мысалы, сіз бүгін дүкеннен мұздатқыш сатып алдыңыз делік, оның құнын үш ай ішінде бөліп қайтарасыз. Ал қарызға берілген қаражатты пайдаланғаны үшін белгіленген пайыздық мөлшерлемені төлеу сатушының мойнында. Кейде, аздаған артық төлеммен қайтарылатын несиелер де бөліп төлеуге саналады. Мұны сіз төленетін соманы қарыз мерзіміне көбейту арқылы анықтай аласыз.
Аннуитеттік төлемдерге сәйкес ай сайын теңдей сома төленеді. Ол негізгі қарыздың бір бөлігі мен есептелген сыйақыны қамтиды.
Дифференциалдық төлемге сай қарыздың негізгі сомасы теңдей үлестермен төленеді, ал сыйақы қарыздың қалдығына есептеледі. Бұл әдіске сәйкес, кредит бойынша алғашқы төлем – кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде ең ірі төлем болады, ал алғашқы жылдар қаржылық жүктеме тұрғысынан ең ауыр жылдар болады.
2017 жылы екінші деңгейлі банктер 2,1 трлн теңгеге бөлшектік несие берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Ал микроқаржылық ұйымдар тарапынан берілген несие көлемі – 110 млрд теңге. МҚҰ ұсынған несие көлемі соңғы бір жылда 71 пайызға көбейген.
Несие – банк тарапынан тұрғын үй, автокөлік немесе тұтынушылық мақсатта берілетін ақшалай қарыз түрі. Оны қайтарарда үстіне сыйақы мөлшерлемесі қосылады.
Бұл – қарызға берілген қаражатты пайдаланғаныңыз үшін банкке қосымша төленетін үстеме пайыз.
Кәмила ДҮЙСЕН