ШАҒЫН НЕСИЕГЕ «ШЫРМАЛҒАНДАР»
Соңғы жылдары «Жылдам ақша», «Жалақыға дейін қаражат керек пе?» деп өз қызметін жарнамалайтын мекемелердің саны күрт артты. Қазақстандағы микроқаржы ұйымдар қауымдастығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, соңғы екі жыл ішінде ондай мекемелер екі есеге көбейген. Ел аумағында мұндай қызмет түріне жиі жүгінетіндер Алматы қаласы мен ОҚО және астаналық тұрғындар екенін көреміз. Сарапшылар бұған «оңтүстік өңірлерде шағын бизнеспен айналысуға мүмкіндік мол, сондықтан микрокредитке деген сұраныс та жоғары» деп түсінік беруде. «Таяқтың екі ұшы болады». Сол секілді шағын несиенің адамды материалдық тәуелділікке алып келетін де «қасиеті» бар. Маркетингтік тәсілдерді пайдалану арқылы адамды әуреге салатын да осы қасиет болып тұр.
Microfinance Information Exchange халықаралық ұйымы ТМД аумағындағы микронесиелер нарығы туралы есебін жариялады. Баяндамада еліміз банктік емес мекемелер арқылы берілген несие көлемі бойынша бірінші орында тұрғаны көрсетілген. Қазақстандағы шағын несиелер портфелі – 464,3 млн доллар. Бұл жалпы ТМД нарығының 33 пайызына тең. Қарыз алушылардың жалпы саны 254,5 мың адам болған.
Бірақ мәселе – шағын несие қызметінің өзінде емес, оның заң шеңберінде жүзеге асырылмауында. Әсіресе, онлайн-қарыз беретін компаниялар жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1000 пайызға дейін баратын қарыздарды ұсыну арқылы тұтынушыларды тығырыққа тірейді. Қаржылық сауаттылығы жоқ қарапайым адамдар «несі бар, бір аптаға үстіне 5000 төлеймін» деп, артынан бармақ тістеп жатады. Интернет беттерінде өз құқығын қалай қорғаймын деп шырылдаған мына бір пікірге көз жүгіртсеңіз, шағын несие алуға шешім шығармас бұрын ойланатыныңыз анық. «Алғашқы алған қарызымды толық қайтардым. Екіншісінде уақытылы төлей алмай, проблемалар үсті-үстіне үймелей берді. Қарыздың уақытын создыру – 5000 теңге. Қарыздың мерзім өткен әр күні үшін тағы 5000 теңге төлейсің, бір аптадан соң ол 2000 теңге болады» дейді Елена есімді интернет қолданушысы. Адамды шарасыз күйге түсіретін де осындай оқиғалар.
Экономист Рахым Ошақбаев жақында өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларының бірінде Қытайдағы ахуалды мысалға келтіре отырып, біздегі онлайн-кредит проблемасына тоқталып өткен. Оның айтуынша, жауапты мекемелердің бақылауынсыз жылдық сыйақы мөлшерлемесі 700-1000 пайызға жететін мұндай онлайн-несиелер болашақта елдің саяси тұрақтылығына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Өткен жылы тек қана 9 айдың ішінде 22 млрд теңге болатын 543 мың онлайн несие берілген. Орташа арифметикалық сомасы – 40,5 мың теңге. Демек, жарты жылдан сәл ғана асатын мерзім ішінде жарты миллионға жуық қазақстандық несиенің қақпанына түскен. Мұндай ауқымда онлайн-несие елдің әлеуметтік жағдайына да әсер етуі мүмкін» дейді ол.
Сонымен бірге, сарапшы Carnegie орталығының да мәлімдемесін жазбасына тіркеген: «Мұның барлығы ауқымды әлеуметтік қауіптерді туындатады. Бұл еңбек дауы, жер мәселесі мен алданып қалған үлескерлерден де маңызды. Себебі, интернет-қаражат дамыған сайын микронесиелердің құрбандары да көбейе түсіп, мәселе жалпылама ұлттық сипатқа ие болып кетуі мүмкін».
Мұндай жайттарға тап болмас үшін қарыз алуға шешім қабылдағандар Ұлттық банктің ресми сайтына кіріп, жылдам ақша беретін «жомарт» мекеме жайлы ізденіп көргені абзал. Қаржы реттеушінің мына кеңестері жадыңызда жүрсе де артық етпейді:
Біріншіден, микрокредит беру туралы шарттың мазмұны заңмен міндеттелген талаптарға көңіл бөліңіз:
МҚҰ туралы заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес, микрокредит беру туралы шартта:
1) микроқаржы ұйымының атауы мен қарыз алушы – жеке тұлғаның тегi, аты және әкесiнiң аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы – заңды тұлғаның атауы;
2) берiлген микрокредит сомасы;
2-1) микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшері;
3) микрокредиттi өтеу мерзiмдерi;
4) микрокредиттi өтеу тәсiлi (қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз тәртіппен, бiржолғы не бөліп-бөліп);
5) микрокредиттi өтеу әдiсi: аннуитеттік немесе сараланған не микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес басқа да әдіс;
5-1) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
5-2) негізгі борышты уақытылы өтемегені және сыйақыны төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;
6) микрокредитті өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезекті төлемдерді өтеу күндері және мөлшерлері, келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдықтары көрсетіле отырып, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгі микрокредиттің және сыйақының жалпы сомасы көрсетілген микрокредит беру туралы шарттың екі тарабы да қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;
7) микрокредит беру туралы шарт бойынша (ол бар болса) қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету;
8) микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшері, оның ішінде жылдық сыйақы мөлшерлемесінің және МҚҰ туралы заңның 5-бабында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құны) мөлшері;
8-1) микрокредит беру туралы шарт тараптарының құқықтары мен міндеттері;
9) тараптардың жауапкершілігі;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптар қамтылады.
Берешекті коллекторлық агенттікке сотқа дейін өндіріп алуға берген кезде, микроқаржылық мекеме берешекті өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінуі қажет. Екіншіден, берешектің коллекторлық агенттікте болған кезеңіне есептелген сыйақыны төлеуін талап етуге, сондай-ақ көрсетілген кезеңде негізгі қарыз бен сыйақыны төлемегені үшін тұрақсыздық айыппұлын есептеуге құқығы жоқ.
Екіншіден, микрокредитті беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбегі мен олардың мөлшері МҚҰ туралы заңның 4-бабының 2-1-тармағына сәйкес болуы қажет.
Үшіншіден, микрокредиттер бойынша ЖТСМ-ға қатысты шекті мөлшерлеме бар. «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы №377 қаулысында ол 56 пайыздан аспауы тиіс екені көрсетілген.
Төртіншіден, МҚҰ туралы заңның 3-бабына сәйкес, МҚҰ бір қарыз алушыға сол жылы республикалық бюджетте бекітілген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде микрокредиттер беруге құқылы. Биылғы АЕК – 2 405 теңге.
Сонымен бірге, жақында Ұлттық банк микроқаржы ұйымдардың қызметін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қандай жағдайда жиі бұзылатынын жариялаған еді. Қаржы реттеушінің мәлімдеуінше, МҚҰ көп жағдайда мынадай заңсыздықтарға жол береді:
• шекті мөлшерден тыс жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;
• заң шеңберінде бекітілген сомадан асып кететін микрокредиттер беру;
• микрокредит беруге және қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды, өзге де төлемдерді заңсыз түрде өндіріп алу;
• кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтер беру.
Елдің бас банкінің өзі ескерту жасағанда, бұл расымен де көз жұмып қарайтын мәселе еместігіне көз жеткізесіз. Сондықтан ешқандай батпан құйрықтың айдалада жатпайтынын қаперден шығармаған абзал!
Кәмила ДҮЙСЕН