Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажырасу жақсылыққа апармайды…

Ажырасу жақсылыққа апармайды…

Атырауда ажырасып жатқан жас отбасылар күрт көбейіп кетті. Оған не себеп және салдары қандай? Қоғамды алаңдатқан мәселені шешудің жолы бар ма? Біз осы тақырып төңірегінде ой сараптағанды жөн көрдік. Сонымен кім қалай ойлайды?

«Қырық пышақ»

Расымен де, тіл табысып тоқтамға келе алмаған жанұялар жыл аяқталмай жатып былтырғы көрсеткіштен асып отыр. Демек, жағдай мәз емес. Атырау қалалық сотының төрағасы Алмат Ерманов келтірген мәліметтер бойынша өткен жылы осындай 842 дерек (Ал барлығы 1486 арыз келіп түскен. Автор) тіркелсе, биыл мыңға жуықтапты. Бұл аз сан емес.
— Қазір жеті жанұяның арызы әлі қарастырылып жатыр. Оларға өзара татуласу үшін екінші мүмкіндік беріліп отыр. Себебі ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келіспеген еді. Мұндай мысалдар өте көп.
Кейде сот баланың кіммен қалғысы келетіні жайлы пікірін де ескермей жататын кездер болады. Ол заңды да. Өйткені өтпелі кезеңдегі қыз баланы физиологиялық жағдайына қарай анасымен бірге қалдырған тиімді болады. Ал кейде қараусыз қалған қарияларды бағып-қағуға көмектесу үшін бала үлкендердің үйінде қалдырылады. Сол сияқты, оны өзіне қалдырғысы келетін жақ материалдық мүмкіндігін де ескеруі керек, — дейді қалалық соттың төрағасы.
Осы ретте, отбасындағы дау-дамайды сот көмегінсіз шешуге ықпал ететін медиаторлардың жұмысын да айтпай кетуге болмас. Атап айтар болсақ, олардың араласуымен 289 шаңырақ шайқалудан аман қалыпты. Енді тағы да статистикалық көрсеткіштерге оралайық. Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, 2016 жылы 946 және былтыр 798 жұп ажырасып тынған. Өкініштісі сол, олардың 80 пайызында балалары бар болып шыққан. Сонда періштедей пәк перзенттің жазығы неде?
Қалай болғанда да, мамандар мұның соңы рухани күйзеліс пен ұлттық дағдарысқа әкелетінін ескертеді. Тіпті, мемлекеттің болашағына да балта шабуы мүмкін. Ендеше, қоғамдық дерттің шипасы бар ма? Одан, әсіресе, некесін кеше ғана қиған жас жұбайларды қалай сақтандыруға болады? Бұл сұрақты біз облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлына қойғанбыз.
— Үріп ауызға салғандай жарасымды жұптың бір ошақта ұйыса алмауына көбінесе олардың ата-аналары себеп болып жатады. Өйткені соңғы кезде жас та, кәрі де бірінің сөзін бірі көтере алмайтын халге жетті. Соның ішінде, ене мен келіннің тіл табыса алмауы жиілеп кетті. Осы тектес азаматтық істердің көтерілуі қазір қалыпты жағдайға айналып барады.
«Келініміз келін болып жарыған жоқ» дейді енелері. Яғни, таңертең ерте тұрып, шай қайнатып, кешкісін жөнді ас әзірлемейтінін айтып, шағымданады. «Келін» деп отырғанымыздың көбі — 1980-1990 жылы туылғандар. Заңға сәйкес, егер некені бұзуға екі жақ та келісім берсе, ажырасу себебін көрсетпеуге де болады. Бұл ретте оны анықтауға құқық та берілмеген. Ал ажырасу туралы арыз түскенде, араға бір ай салып іс қаралады. Осы кезде белгілі бір тарап ажырасуға қарсылық білдірсе, түпкілікті шешім қабылдауға алты ай мерзім беріледі, — дейді судья.
Иә, бұл шешім де отау иелері шаңырақты ортасынан түсірмей, балаларының қамын ойлауға құлық танытар деген ниеттен туып отыр. Бірақ қазіргі жастардың дені баланың тағдырын таразыға салудан қымсынбайды. Керісінше, көбінде ашу мен ызаға ерік береді. Өз баласы үшін туған әке-шешесі шыр-пыр болмаса, өзгелер қайтпек?

Мәселенің мәнісі

Әйтсе де, кез келген мәселенің екі жағы болады ғой. Шындығына келгенде, ажырасудың астарында қулық-сұмдыққа құрылған пендешілік амалдар жатыр. Бұл туралы психолог маман Гүлжамал Еламанова егжей-тегжейлі баяндап берді.
— Бүгінгі қоғам, әсіресе, жастар ақымақ емес, — дейді ол. — Себебі қазір ақыл мен ойдың салтанат құрған ғасыры десе де болады. Олай болса, отбасыны сақтап қалудың жолдарын кім-кім де жақсы біледі. Мәселе олардың пейілдері мен пиғылдарына тіреліп тұр. Ол үшін ажырасуға не түрткі болды, соны анықтау керек. Сонда бәрі де түсінікті болып шыға келеді. Көп жағдайда психологтар негізгі үш себепті атап көрсетеді.
Біріншіден, ер азаматтар тарапынан «жалған намыс» деген стереотип, яғни, тұрақты түсінік қалыптасқан. Мәселен, олардың көбісі отбасылық кикілжіңді шешу үшін бір мезгіл ата-анасынан бөлек шығып, жұбайымен ақылдасуға наразы болып жатады. Олай етсе, «еркек» деген атына кір келеді деп ойлайды. «Сырт көз сынға алады» деп әйелінің алдында үлкен басын кішірейткісі келмейді. Ал өзара түсіністік пен сыйластық орнамаған отбасының берекелі бола қоюы екіталай.
Екінші себеп, біреулерді материалдық құндылықтар анағұрлым көбірек қызықтырады. Олар көп көлемдегі алимент үшін баланы әкеге не анаға қарсы қоюдан да тайынбайды. Айталық, бала әкесімен қалуды таңдап жатса, анасы оған жолатпаудың айла-амалдарын тауып жатады. Тіпті, біреулер баласының санасын қажетсіз ақпаратпен улап та тастайды. Не де болса, баланы әкеге қарсы қару ретінде қолдану — ауыр күнә.
Әдетте 12 жасқа дейін қыз әкесіне, ұл анасына жақын өседі. Солардай болсам екен деп армандайды. Қыздар бойжеткенде болашақ жарының бойынан әкесінің қасиеттерін қалай іздесе, ерлер де солай. Ал «сенің әкең жаман, отбасын сатып кеткен опасыз жан» деп анасы қызының құлақ етін жей берсе, не болмақ? Оның ойында азаматтарға деген сенімсіздік пайда болады. Кейін есейген кезде тұрмыс құруға қорқып, өмір бойы әйел бақытын сезінбей өтуі де ғажап емес.
Үшіншіден, көбісі «өз баламды өзім баға аламын» деп ойлайды. Мүмкін расымен де баға алатын шығар, бірақ бәрібір толыққанды жанұя бақытына ештеңе жетпейді. Ата-әжесіне еркелеп, әке-шешесімен шүйіркелесе өмір сүріп жатқан қатарластарын көрген бала психологиялық соққы алады. Ақыры өмірден түңіліп, сырттан тұйықталып, сырын ішіне бүгеді. Болмашы нәрсеге ашуланып шыға келетін болады.
Иә, расымен де, айтса айтқандай ғой. Ажырасуға себепші болатын отау иелерінің өздері екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл бағытта психологтар мен заңгерлердің де ақыл-кеңестері қажет-ақ. Бірігіп пішкен тон қашан да келте болмайтыны белгілі. Екі оттың ортасына түскен бала ата-ананың аялы алақанын аңсайды. Ол үшін ажырасу — арман асуына апарар қос қанатының бір сәтте қырқылып түскенімен бірдей.
Бірде психологтар баладан кімнің қасында қалғысы келетінін білмек болып тәжірибе жүргізген екен. Сөйтіп, қағаз бетіне үш шеңбер сызып, оған әкесі мен шешесінің және өзінің суретін салғызады. Сол кезде ол екеуінің де ішіне ата-анасын бейнелеп, бір шеңберді бос қалдырады. Сонда бала өзінің суретін аспанға ұшып ғайып болып кеткенімен түсіндіреді. Құдды ертегідегідей. Міне, осыдан-ақ психиканың қаншалықты күйзелгенін аңғаруға болады. Яғни, ол «ата-анам менсіз бақыттырақ болады» деп бәріне өзін кінәлайды.
Р.S. Қалай десек те, Отан отбасыдан басталады емес пе? Егер бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен рухани мұрамызды сақтай алмасақ, қарыштап дамыған экономикамыздан не пайда? Соңғы кезде ер мен әйелдің отбасындағы және қоғамдағы қызметі ауысып кеткені ащы да болса шындық. Мәселенің бір ұшы ер мінезі жетіспейтін мектептерге де келіп тиеді. Сондықтан әкенің орны бір бөлек екенін қазірден ұрпаққа ұғындыруымыз қажет.

*Оқшау ой

Қармыс БЕКСҰЛТАН (аты-жөні өзгертіліп алынды), Атырау қаласының тұрғыны:
— Жұбайым екеуміз жиырма жылға жуық уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып келдік. Соңғы кезде әйелім ішімдікке бой алдырды. Ақыры, көше кезіп кетті. Мен оған шыдай алмай, ажырастым. Үлкен қызым жақында кәмелеттік жасқа толады, кішісі онда. Екеуі анасын ойларына да алғысы келмейді. Себебі одан көрген қорлықтары жетерлік. Шаңырақтың шырайын келтіріп, шырқын бұзатын да әйел екеніне көзім жетті.

АЖЫРАСУҒА НЕ СЕБЕП?
Материалдық жағдайдың төмендігі — 25 %
Өзара сенімсіздік — 10 %
Құмар ойынына тәуелділік — 15 %
Жұбайлық өмірге өзгелердің араласуы — 10 %
Өзгемен көңіл жарастыру — 10 %
Діни көзқарастың келіспеушілігі — 15 %
Әлеуметтік желінің теріс әсері — 10 %

*Міне, қызық!
Санаққа сүйенсек, перзентханаларда бір күнде сегіз бала дүниеге келсе, соның біреуі ғана ұл болады екен. Сонда есейген кезде олардан бір ғана отбасы құрылады деген сөз. Сондықтан кей отбасылардың бұзылуына әлгі жеті әйелдің бірі себепкер болуы да мүмкін ғой.




https://elana.kz/
18 қазан 2018 ж. 772 0