Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

(№149 «Қызылту» орта мектебінің 1956-1959 жылдардағы директоры, «Қазақ ССР Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері» Мәлібек Күлімбетовтың туғанына 100 жыл)Осы санатта елінің адал перзенттері Мәлібек Күлімбетов пен Қанымжан Тасымбетова.
Отансыз келген атақтан мені сақтасын,
Атаның жауға идірмей сыйлы ақ басын.
Өсірген өзің, өмірім балғын бір сендік,
Жүрегім менің шайқаста ғана тоқтасын! – деп жауынгер ақындарымыз жырлағандай, Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәлібек Күлімбетов жас жігіт болатын. Дегенмен, ел басына күн туғанда қолына қару алып, Отанын жаудан азат ету мақсатымен соғысқа аттанады. Алайда, 1943 жылы Волга бойындағы шайқаста ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып, елге оралды. Осындай азапты күндерді бас­тан кешкендігіне қарамай, ел ағасы Мәлібек атамыз қызу еңбекке араласып кете барды. Сол жылдары ауданда ұйымдастыру-жасақтау бөлімінің бастығы қызметін атқарып, кейін өз мамандығы бойынша мұғалім болады. Нақты айтқанда, «Ортақшыл», «Жаңатұрмыс» ауыл­­­­ын­­да тарих-география пәндерінен сабақ береді. Кейін №149 «Қызылту» орта мектебінде мұғалім, 1956-1959 жылдары мектеп директоры болып қызмет атқарды. Мәлібек Күлімбетов ұстаздық еткен жылдары 1220-дан астам шәкірт тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар бере отырып, әкелеріндей қамқорлық көрсете білді. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, соны сүрлеу салып берді. Сол кездегі 50-60 жылдары Мәжит Охапов, Келес Жарқынбеков, Жұмабек Айтбаев, Күлшат Әбдиева, Әбутәліп Әбсаттаров, Қаламқас Аймаханова, Алматай Абылаева, Темірәлі Әбуов, Балтабай Есетов, Орынкүл Ержанова, Бектұрған Нұртаев, Баян Бишібекова, Ұлбала Ниязбекова, Қалимаш Тілеубаева, Омаров Сейіткәрім, Балтабек Сыздықов, Өтеген Жұмабеков, сонымен қатар, Қадиша Шағырбаева, Өтеп Жұмабеков, Хадиша Сәрсенбаева, Уалихан Бөпежанов, Айсара Нұртөреева, Уәлихан Оқапов, Сейітбек Жақаев, Бегаман Қобланов, Сұлтанбек Оразымбетов, Күлдана Ералиева, Аманбай Сатанов, Әсем Сейділдаева, Оразтай Ержанов, Роза Махашева, Тұрсан Тұрысбеков, Болатбек Нұртөреев, Сарагүл Әділова т.б. шәкірттер жүрегінде мәңгі ұстаз болып қалды. Бұл күндері алды 80 жасты еңсерсе, кейінгі толқын 70-ке жетті. Қанымжан апа мен Мәлібек атамыздың ұстаздық еңбек еткен жылдардағы қиыншылықтарға қарамай, оқу-тәрбиедегі жетістіктері мұғалім мен оқушы арасындағы сыйластық, ұстазға деген құрмет жайлы күні бүгінгідей еске алады. Қай кезең, қай дәуірде де адамға білім мен тәрбие беруден артық міндет болмаған. Ұлы мақсаты саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектері еленіп, Ұлы Отан соғысының ардагері Мәлібек Күлімбетов «Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі», Құрмет грамоталары және медальдармен марапатталды. Әрине, бұл марапаттаулар елге еткен еңбегінің зейнеті.
«Бұл үйге өзгеше бір өрісі кең,
Кіруге именесің кебісіңмен.
Төрдегі бар бұйымы – тәбәріктей,
Баяғы бабалардың тері сіңген.
Осында келген сайын, көрген сайын,
Тарихқа бойлай берем, тұнып тұрған» – дегендей, текті әулеттің ұрпағы, тұлпардың тұяғы, елдің ағасына айналған Болат Күлімбетов сонау бабаларынан бастап аталары Ержан, Күлімбет, Ырзахмет пен Мырзахмет пайдаланған қасиетті Құран кітапты, анасы Қанымжанның туу туралы куәлігінен, неке куәліктері, дипломдары және №149 «Қызылту» орта мектебінің директоры болған кезіндегі еңбек кітапшасы, әкесі Мәлібек Күлімбетовтың «Қазақ ССР білім беру ісінің озық қызметкері» куәлігі, отбасылық суреттері, әкесінің, әпкесі Дәрбике Күлімбетованың 1938 жылы Иіркөл ауылдық советінің төрайымы болған суреттері құжаттарымен мектептегі қоғамдық негіздегі мұражайға өткізген болатын. Бүгінде бұл тарихтың куәгерлері сақтаулы.
Қазақ баласының ел алдындағы абырой-беделі, қадір – қасиетінің жақсылығы дәулетімен ғана емес, ұрпақтарының өнегелі өмірімен өлшенген. Мәлібек атамыз бен Қанымжан апамыз 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Лариса ата-анасының жолын қуып, мұғалімдік қызмет атқарған болатын.
«Еңбегіңмен шықса екен жақсы атым,
Ел тілегін алмаған жөн ақсатып.
Маған сенім білдірген соң болысу,
Мұратыма басшы боп мақсатым» – деп Мұрат ағамыз жыр-шашуын шашып, еліміздің мақтанышына айналды.
«Ақ балдақ алмасымның сынығысың,
Шынардай көлеңкелі шыбығымсың.
Бәйге аттай жұрттан озған заманында
Арда емген арғымақтың құлынысың » – деп тектілікті айтса, Болат ағамыз сонау ата-бабалары ұстаған емшілік қасиетті қолға алып, халық игілігі үшін еңбек етіп, құрметпен зейнетке шықты.
Демек, ұрпақтың бойына қандай тағлым тәрбие берсек те, оның тегінде түп тамырындағы ерекшелік белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Мәлібек атамыз кешегі сұрапыл соғыста елім деп оқтың астында батырлық көрсетсе, болашақ ұрпақ игілігі үшін, жанұяда ақыл кеніне, замандастарының арасында өз қолтаңбасы бар, өз әріптестерінің темірқазығына айналды. Осыдан кейін-ақ «Жақсының аты өлмейді» – деген аталы сөз тегін айтылмағандығын ұғуға болады.
Сондықтан да, №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінде өзіндік қолтаңбалары бар, парасат-пайымы мол, еңбек еткен Мәлібек Күлімбетов пен Қанымжан Тасымбетовадай ұлағатты ұстаздар есімі қоғамдық негіздегі мұражайының «Таным» айдары бетінде насихатталып, дәріптеліп отырады.

Рауза Байділдаева,
Ы.Жақаев ауылы.
17 қазан 2018 ж. 1 098 0

Қоғам

ҚАРА ӨЛЕҢГЕ ҚҰМАР ЕЛЕНА
01 мамыр 2024 ж. 106

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031