Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл сапар – бұрынғыдан өзгерек...

Бұл сапар – бұрынғыдан өзгерек...


Осыдан біраз уақыт бұрын редакцияға облыс әкімінің кеңесшісі Д.Бисембина келіп, аудандық басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, редакция ұжымымен емен-жарқын әңгімелесіп, алдағы жоспарларымен бөліскен болатын. Кездесуде Д.Асқарқызы әр нөмір сайын мазмұнды мақалалар жарияланып, жаңаша дизайн үлгісімен шығып жататын аудандық газеттердің қазіргі жұмысына оң бағасын берген де еді. Иә, креативке жаны құмар кеңесшіні сырт екі танығанымызбен, былайғы өмірде пікірлесіп, сөйлеспеген едік. Бәлкім, ол кісі де қызметтік жолын басылымнан бастағаннан болар, әйтеуір басқосуда сөзіміз жарасып, тақырыбымыз ортақ болып шықты. Осылайша, Бисембинамен өткен берекелі кездесу ұжымдастар үшін ерекше әсер қалдырып, шығармашылық топқа тың шабыт сыйлағандай болды.
Иә, жоғарыда Динара ханым алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті дедік қой, сол жоспардың бірі қонағымызды шығарып салғаннан кейін араға апта салмай орындалып, Сыр журналистерінің бір тобы арқа төсіндегі ару қала Астанаға аттанып кеттік. Ондағы мақсат «Егемен Қазақстан», «Казахстански правда» секілді аға басылымдардан сабақ алып, «ҚазМедиа» орталығының жұмысымен танысып, «Sputniknews.kz» сайтымен іс-тәжірбие алмасу етін. «Сыр медиа» ЖШС директоры А.Оңғарбаев бастаған делегация ең алдымен талай таланттың томағасын шешіп, тұсауын кескен, алашқа танымал майталман марқасқалардың табаны тиген ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымының редакциясына бас сұқтық.
Қазақтың маңдайына біткен асылдары маңдай терін төккен іргелі басылым бұйырса келесі жылы ғасыр тойын тойламаққа ниетті екен. Жүз жасаған газетте кімдер қызмет етпеді десеңізші. Арысын айтпағанда, аға басылымда кешегі тәуелсіздік алған уақыттан бері қарай қарап отырсақ, қазақ газеттерінде редакторлық қызметті қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сынды алып тұлғалар тізгін ұстапты. Әр қайсысы бір-бір мектеп саналатын осы азаматтардың тәрбиелеген шәкірттері де осал дей алмайсыз. Осал болса, ел арасында «Шерағаңның шекпенінен шыққандар» деген тәмсіл де болмас еді. Ал, Шерағаңның қалам ұстаған журналистің жұмысын екі ауыз сөзге сыйдырып, «журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген сөзі тілші біткеннің темір қазығына айналды. Сол қара шалдың шекпенінен шыққан белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің бұрынырақтағы бір сөзінде: «Менің пайымымда «Егемен Қазақстанда» жұмыс жасамаған тілші толыққанды журналист деген атқа лайық емес. Тіптен болмаған жағдайда, журналистің аға басылымға мақаласы жарияланып тұры керек. Сонда ғана оның білікті маман екенін мойындауға болады» деген еді. Міне, осыдан-ақ, қалам ұстаған қаламгер мен көзі қарақты оқырманның «Егемен Қазақстан» газетін қаншалықты бағалайтынын бағамдауға болады.
Сайдың тасындай іріктелген, егемендік сақа әріптестеріміз бізді құшақ жайя қарсы алып, қара шаңыраққа қаумалап, алып кірді. Басқарма төрағасының орынбасары, бас редактор Айбын Шағалақ басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі таныстырып, бір қатар жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Бұйырса «Егеменнің» бір бетіне алдағы уақытта әлемге әйгілі Америкалық «The New York Timеs» газетінің топтастырылған мақалалары мен ақпараттары жарияланбақ. Онымен қоса, басқарма басшылығы Ресей мемлекетімен келісімге келіп, Ресейдің шеткі аймақтарындағы қандастарымызға газет жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр екен. Жалпы, 201000 тиражбен шығатын басылымның бүгінгі бет-бейнесі, алған бағыты кісі қызығарлық. Мәселен, былтырдан бері, жас журналист, студенттерге арналған «Егемен академиясы» жұмысын бастап, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Онда елімізге белгілі қаламгерлер мен ғалымдар лекция оқып, жас, болашақ мамандарға бағыт-бағдар беруде. Тіпті, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев акедемияға арнайы келіп жастарға дәріс оқыған. Ал, «Egemen.kz» сайтының басшысы жерлесіміз Құрманәлі Қалмахан сайттың бүгінгі жұмысына тоқталып өтті. Цифрлы технология дамыған мына заман ақпаратты неғұрлым жылдам әрі сапалы таратуға бағыт алғанына біршама уақыт болды. Осы орайда, «Egemen.kz» сайты оқырмандарына тың жобалар ұсынып, түрлі айдарлар арқылы оқырман санын көбейтуге күш салып жатқанын байқадық. Әсіресе, бейнебаянмен жұмыс жасауды басты назарға алған егемендіктер «Өрнек», «Сарапшы пікірі», «Стадион» секілді қысқа метражды видиороликтер арқылы оқырман һәм көрерменге қызықты дүниелер ұсынып жатқанын көрсетті. Бұдан бөлек, тартымды тақырып қою, газет бетінің көркемдігі мен суреттердің сапалы әрі мақаламен суреттің үйлесімділігі жайлы аға басылымның іс-тәжірбиесімен танысқан Сыр жорналшылары көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
Осы күні, қызылордалық тілшілер «Казахстанская правда» газеті мен республикалық телеарналар тоғысқан «ҚазМедиа» орталығында болып, ондағы қайнаған қызу жұмыстың куәсі болды.
«Басқалар айтпағанды біз айтамыз». Бұл –сапарымыздың екінші күні біз бас сұққан «Sputniknews.kz» сайтының басты ұстанымы. Қос тілде жұмыс жасайтын ақпараттық орталық бүгінде еліміздегі сайттар арасында үздік үштіктер қатарында. Орталығы Ресей мемлекетінде орналасқан ақпараттық орталықтың ТМД елдерінің барлығында филиалы бар. Қызметкерлері үш тілде еркін сөйлеп, қиналмай аударма жасай береді. Қазір Қазақстан халқының 60 пайызы жаңалықты қалта телефонына қарап, оқып, көреді екен. Бұл дегеніңіз, бұқара халықтың бұрынғыдай газет-журналды ақтарып, телеарна алдында сағаттап отыруы сирей бастағанын білдіреді. Оқырманның басым көпшілігі сайт, әлеуметтік желі, YouTube, WatsApp арқылы ақпарат оқуға бет бұрған уақытты тиімді пайдаланған «Sputniknews.kz» сайтының жұмысынан Сыр журналистері өздеріне керек креативті дүниелерді алды. Сонымен қатар, «Sputniknews.kz» сайты мен «Сыр медиа» ЖШС алдағы уақытта тығыз байланыс жасап, серіктестікке қарасты сайт жұмысын дамытуды бірлесіп қолға алатын болды.

Елдос Жүсіп.
22 қыркүйек 2018 ж. 809 0