Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЖЗҚ салымшыларының қаржысы қалай сақталады?

БЖЗҚ салымшыларының қаржысы қалай сақталады?

Биыл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық табысы инфляциядан 5 процентке жоғары. Яғни «бейнетімнің зейнеті» деп жинап жатқан қаржымыз қартайғанша құнсызданып кетеді деп алаңдауға негіз жоқ. 8,8 триллион теңге. Бұл соманың 67 проценті – қазақстандықтардың Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударған салымы. Қалғаны инвестициялық табыстан түскен. Мамандардың айтуынша, қаржы өз құнын жоймай, көбейіп тұруы үшін шетелдік құнды қағаздарға инвестицияланады. Түскен табыс салымшылардың жинағына процент ретінде қосылады.  Мұрат Шаріпов, БЖЗҚ Астана қаласындағы филиалының басқарушы директоры: – 584 миллиард ақша табыс ретінде 8 айдың ішінде әр салымшының шотына түсті. Бұл ақша әр азаматтың өзінің жинаған шотындағы ақшасына байланысты. Мысалы, біреуде 100 мың теңге жиналса, біреуде миллион теңге жиналды. Әр азамат өзінің жиналған ақшасына қарай өзінің пайдасын алып отырады. Халыққа ақпаратты толық жеткізу үшін қор қызметкерлері жылына төрт рет ашық есік күнін өткізіп, салымшылармен кері байланыс орнатқан. Бұл әдістің берері көп. Осының арқасында ақпаннан бері жинақ шотына қаржы түсімі тоқтаған 220 мың адамға мұның мән-жайы түсіндірілді. Мұрат Шаріпов, БЖЗҚ Астана қаласындағы филиалының басқарушы директоры: – Соның ішінде 50 мыңнан астам адамнан 50 мыңнан астам шотқа ақша түсті. Осы сегіз айдың ішінде 1 миллиардтан астам ақша түсті. Сонда көптеген азамат өздерінің ақпаратты толық білмегендіктен, зейнетақы шотына ақша салмаған болып шықты. Бір ғана Алматының өзінде 13 мың адам зейнетақы қорына ақша аударудан жалтарып жүр. Жергілікті жұмыспен қамту орталығының мәліметіне қарағанда, бұл азаматтардың барлығы бейресми түрде жұмыс істеп, жалақы алады. Бірақ бейнеттің зейнетін жинауға асықпайды. Айдынжан Нарматов, Алматы қаласы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы: – Жалпы біріңғай төлем жүйесінің енгізілуі бейресми яғни еш жерде тіркелмей еңбек етіп жүрген азаматтардың медициналық көмек алуына құқық береді. Сонымен қатар зейнетақы қорына ақша салуына, еңбек өтілі бойынша мемлекет қарастырған зейнетке шығуына, жұмысынан немесе асырушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алуына мүмкіндік туғызады. Ашық есік күні республиканың барлық өңірінде таңғы сағат 10-мен кешкі бес аралағында өтті. Шараға қатысушыларға зейнетақы жүйесінің тарихы мен дамуы туралы айтылып, салымшылардың активтерін жеке компанияларға беру мәселелері де талқыланды.

www.24.kz
20 қыркүйек 2018 ж. 886 0