Жинақты біржолғы төлем ретінде алуға болады
Редакциямызға зейнетақы тақырыбы бойынша көптеген сұрақтар келіп түсіп жатады. Міне, осы жөніндегі пікірлер жөнінде «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының Шиелі елді мекеніндегі қызмет көрсету орталығының бастығы Мөлдір Досжановамен сұхбаттасқан едік.
– Мөлдір Ботабайқызы, ең алдымен қордағы бүкіл қаражатты бір мезетте кімдер алып кете алады?
– Зейнеткерлердің барлығы бірдей өздерінің зейнетақы жинақтарын бір мезетте ала алмайды. Бұл зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты жүзеге асырылады.
Әрине, қазір де зейнетақы жинақтарын бір жолғы төлем ретінде алуға болады. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 болып отыр. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.
Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан 1 теңгеге асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады. Сонымен қатар, егер зейнетақы шотындағы жинақтардың қалдық сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болса (15 273 теңге 36 тиын), ол кезекті төлемнің сомасына қосылып кетеді.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарын инвестицияламайтындығын оқыдым, сонда зейнетақы активтерін кім басқарады?
– Елімізде зейнетақы активтерін басқару бойынша шешімдер қабылдаудың көп деңгейлі жүйесі құрылған. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары мен қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген. Кеңес құрамына ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Есеп комитетінің, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары және қаржы-экономикалық блоктың министрлері енген.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органы болып табылады. Оның құрамына: Үкіметтің екі өкілі, Парламенттің екі депутаты, ұлттық банктің екі өкілі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің жалпы санының отызпайызынан кем болмайтын тәуелсіз сарапшылар кіреді.
Зейнетақы активтері сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарына ғана инвестицияланады. Ал, олардың тізбесі жыл сайын ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіліп отырады. Бұл қаржы құралдарының құрамында Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, екінші деңгейдегі банктердің бағалы қағаздары және басқа да қаржы құралдары бар.
– Жылжымайтын мүлікті сатып алу, шет елде емделу немесе балалардың оқу ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. Яғни, ағымдағы заңнамада қордағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені төлеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шетелден де хабарласып, ақыл-кеңес алуға бола ма?
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты міндеттерінің бірі – қордың салымшылары мен алушыларына сапалы қызмет көрсету және оларға лайықты ақыл-кеңес беру. Қазақстандықтар ел аумағында мамандардан сапалы кеңес алу үшін қордың байланыс орталығына 1418 қысқа нөмірі арқылы тегін хабарласа алады. Ал, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде жүргендерге, қордың байланыс орталығына +7 (727) 356-10-60 телефон нөмірі арқылы хабарласуға мүмкіндік берілген.
Қордың www.enpf.kz сайтында «Онлайн кеңес беруші» және «Кері қоңырау шалуға тапсырыс беру» қызметтері жұмыс істейді. Бұл қызметтер Қазақстан азаматтары мен шетелдік азаматтарға да өте пайдалы. Онлайн тәртібінде қоңырау шалу үшін «Электрондық қызмет көрсету» бөліміне кіру қажет (стационарлық үшін микрофоны бар қондырғы керек). Қоңырау шалу тегін, алайда, ол интернет трафигі есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, осы бөлімде «Өтінішті жіберу» нысанын пайдалана отырып, қорға өтініш жазуға болады. Мамандар қысқа мерзімде толыққанды жауаптар әзірлеп, оларды сұрақ қоюшының электронды поштасына жолдайды.
– Зейнетақы қорының enpf.kz сайтының «жеке кабинеті» арқылы қалай тіркелуге болады?
– Қордың «Жеке кабинет» бөлімінде тіркелу үшін, ең алдымен зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде «интернет-хабарландыру» әдісін таңдап алу қажет. Егер сіз мұны жасамасаңыз жеке басыңызды куәландыратын құжатпен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кез келген бөлімшесіне барып, ақпарат алу тәсілін өзгерту жөнінде қосымша келісімге қол қоюыңыз қажет. Бұл операция 2-3 минут қана уақытты алады. Тіркелу барысында логин ретінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) пайдалануға болады. Ал, құпия сөз (пароль) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына жауап беруі тиіс. Яғни, ол алты символдан кем болмауы тиіс және әртүрлі сандар мен латын әріптерімен құралуы керек.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Е.ДАТКЕН.