Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЗІҢЕ СЕН, ӨЗІҢДІ АЛЫП ШЫҒАР...

ӨЗІҢЕ СЕН, ӨЗІҢДІ АЛЫП ШЫҒАР...


«Сенің қолыңнан түк келмейді», «Саған бұл қадамның қажеті шамалы», «Әлі де ерте. Кішкене күте тұр», «Ертеңгі күн бар ғой. Асықпа»... Сылтаудың сан түрі бар. Қолға алған істі жүзеге асыру, арманға қолжеткізу жолында бізді көптеген кедергілер күтіп тұрады. Бұл кедергілердің барлығы қорқыныштан туындайтындығы хақ.
Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов өз сөзінде: «Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер» - дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады», - деген екен. Шынымен, бүгінде ХХІ ғасырда қандай да бір сылтаулар мен кедергілерге жол беруге болады ма? Бәсекеге қабілеттілікке басты назар аударылатын кезеңде көштен ілгері қалып қоюға болады ма?
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында:
«Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.
Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.
Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет», - деп көрсетілген.
Заманауи дәуірде кез-келген өндірісті алып қарайтын болсақ, ең басты жұмыс күші - адамдар. Адамдардың сана-сезімі мен ойлау жүйесінің арқасында әлемде орын алып жатқан ғылыми-техникалық үрдістер бір орнында тұрмай, ілгері дамып отырады. Яғни, күрделі техникалық қондырғылар ойлап табылып, жетілдіріледі. Бұл жайтқа күнделікті өмірде қолданатын жабдықтар арқылы көз жеткізуімізге болады. Сонымен қатар, бұрындары емдеуге болмайды деп санаған түрлі ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер ойлап табылуда. Инфрақұрылым да қалыс қалмай, ілгері дамып, нығайып отырады. Осының барлығы сырттан келген тың ғажайыптан туындаған дүниелер емес, адамзаттың ерен еңбегі мен тың идеяларының жемісі болып табылады.
Дегенмен, адамның да осал тұстары болады. Әр адам - әлеуметтік тұлға. Осы орайда адамның психологиялық факторы үлкен мәнге ие. Біз өз еңбегіміздің жемісін көруді армандаймыз. Ал бұл ретте адамның ішкі жағдайының жақсы болуы маңызды. Яғни, ынта-жігері мен талап-талпынысына баса назар аудару қажет. Мәселен, кез-келген маманды өз қызметінде әрі қарай ынталандырып жіберсеңіз, ол жұмысың сапалырақ орындауға ниетті болады. Себебі, сіз маманның жұмысқа деген ынта-жігерің байқай алдыңыз, уақытылы қолдау көрсеттіңіз.
Біреуді ынталандырып отыру қажет. Өйткені, ынталандыру - адамның ішкі сезімдеріне әсер ететін психологиялық үрдіс, ол адамның нақты мақсаттарға жетуіне көмектеседі.
Кейбір жағдайда басшылық тарапынан қызметкерге қойылатын талаптар жоғары, ал қолдау жағы осал болады. Ал ынталандырудың бұл жайттан айырмашылығы - адам өз жұмысының жақсы нәтиже көрсетуіне ниетті болуы. Қызметкер сіздің қоластыңызда жұмыс атқарса да, ол ерікті тұлға саналады. Және егер де сіз тек талап қоя берсеңіз, бұл жайттың қызметкердің жұмыс істеуге деген ынтасына әсер етері сөзсіз.
Қазіргі уақытта көптеген менеджерлер талап ету мен ынталандыруды қалай ажыратуға болатынын білмейді. Жұмыс сапасы мен қарқынының бәсеңдеуі осыдан туындайды. Басшылық тарапынан өз жұмысыңа қандай да қолдау көрмеген қызметкер іштей кереғарлыққа тап болады. Нәтижесінде сіз жұмыстың сапалы орындалмауына назар аударасыз. Ал қызметкер өз кезегінде басшылықтың қолдау көрсетпеуіне көңіл аударады.
Басқару жүйесінде ынталандыру - бұл компанияның негізгі мақсаттарына қолжеткізу үшін жұмысқа ынталандыратын бірқатар іс-шаралар. Бүгінде зерттеушілер кәсіпорында жемісті жұмысты қамтамасыз ету үшін ынталандырудың қандай жолдарын жүзеге асыруға қатысты экономикалық және психологиялық салаларда жұмыс істеп келеді. Осы орайда басқару жүйесінде ынталандыру екі маңызды бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, ішкі және сыртқы ынталандыру. Ішкі ынталандыру дегеніміз - қызметкерді қандай да бір жұмысты нәтижелі орындауына бағыттайтын көп жүйелі үрдіс. Ал сыртқы ынталандыру - маманды ең тиімді еңбекке ынталандыру.
Жалпы, кез-келген адамның алға қойған мақсаттары мен мүддесі болады. Бұл тек өмір кезеңдеріне ғана емес, еңбек саласына да қатысты. Мәселен, маман өз қызметіңде қандай да бір белеске қолжеткізуді қалайды. Осы жолда аянбай еңбек етуге бар. Басшылық тарапынан қызметкердің талап-жігеріне назар аударылуы тиіс.
Ұлы Хәкім Абай атамыз айтып өткендей, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап». Ынталандыру тек басшылық тарапынан ғана болмайды. Ең бастысы, өзіңіздің күшіңізге сеніңіз. Сіздің қолыңыздан барлығы келеді. Тек сәл ғана сабырлық танытып, қарқын алу қажет.

RUH.KZ
18 қыркүйек 2018 ж. 1 745 0