Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмолдаев істерінің арнасы

Ақмолдаев істерінің арнасы


Бүкіл саналы ғұмырында ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек ететін, алға қойған асқаралы мақсатына жету үшін бар күшін, ой-жігерін, қажыр-қайратын аямай, өз ісін беріле атқаратын жандар арамызда аз емес. Солардың бірегейі – аудан көлеміндегі игілікті істерді қалыптастыруға қыруар үлесін қосқан атпал азамат Жолдыбай Ақмолдаев еді.
Біздің данагөй бабаларымыздың пайымдауынша, дүниеде адамзат баласы айрықша қадір тұтатын төрт нәрсе бар. Олар: адамның ерікті, азат болуы, еңбекпен тер төгіп тапқан мал-мүлкінің өз игіліне айналуы, әр адамның туып-өскен, ата-бабаларынан мұра болып қалған өз Отанының, ғасырлар бойы аманат ретінде келе жатқан дінінің болуы. Қай қоғамда да еңбекпен ырысын тапқан жандарға құрметпен қарайды. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Жолдыбай Ақмолдаевтың  да өмір жолына үңіле келе осынау құрметке лайық жандардың санатында көрдік.
Ж.Ақмолдаев Жөлек ауылдық кеңесінде 1928 жылы дүниеге келеді. Өздеріңізге тарихтың бедерінен белгілі, бұл жылдар әр қазақ шаңырағы үшін өте ауыр жылдар еді. Осы уақытта дүние есігін ашқан балалардың балалық шағы қысылтаяң жылдардың жетегінде кете барды. Бала болып асыр салып ойнамады. Тойынып тамақ жемеді. Тек үлкендердің жанында жүріп, ерте есейді, ес жиды. Осы кезеңдердің барлығын басынан өткерген кейіпкеріміз 1948-1951 жылдары Алматы ауыл шаруа­шылығы институтының экономика факультетін бітіріп шығады. Сол кездегі мектеп бітірген жастар да, еліне, халқына пайдасы тиер мамандықтарды меңгеруге тырысты. Сондағы алдыңғы буын ағалардың бір жағында жүріп, тауқымет жүгін бөлісу – сол кездердегі жасөспірімдердің көбінің мақсаты болды. Дипломын қолға алған жас маман жұмысының қайдан ұсынылатынын ол сәттерде болжай алмайтын еді. Өйткені, маманды қайда жіберсе, сонда кетуге міндеттелген. Сөйтіп, болашақ есеп маманы өзінің алғашқы еңбек жолын «Ақтөбе» колхозына бас есепші болудан бастайды. Мұнан әрі 1966 жылдан 1974 жылға дейін «Авангард» колхозында партком секретары қызметтерін атқарады. Тұнық сағадан басталған бұлақтың көзі оны талай арналарға алып шықты. Оның бастау алған тұнық сағасы – көкейінде бала кезден тұнған арманы мен мақсаты болатын. Міне, сол мақсаттардың қанатында қай биікке көтерілсе де, адасқан жоқ, абдырамады, ең бастысы білімін ел игілігі жолында жұмсады. Өлшеусіз еңбек 1974 жылы «Коммунизм» колхозында басқарма бастығы болуы­на сеп болып, 18 жыл бір орында қызмет атқарды. Ал, 1991-1995 жылдары сол кездегі аудан әкімінің кеңесшісі бола жүріп талай жақсы істердің жаршысы бола білді. Мұнан кейінгі 1966 жылдан 1991 жылға дейін аудандық партия комитетінің пленум мүшесі бола отырып, ел, халық игілігі жолында тер төкті. Осы тұстарда аудан көлемінде ізгі істер орын алып, халықтың қуанышы күннен-күнге еселене түсті. Атап айтқанда,  «Коммунизм» колхозы 1977-1980 жылдары мемлекетке 100-105 мың центнер астық өткізіп, бірнеше жыл қатарынан ЦК КПСС Советi Министрінің, кәсіподақ, ЦК ВЛКСМ көшпелі Қызыл туын алды. Ол жұмыс жасаған тұста колхоздың табысы жыл сайын тасып, халқының мәдени тұрмыс жағдайы жақсара түсті. 1974 жылы колхоз мемлекетке 25 мың центнер күріш сатса, 1981-1985 жылдары 105 мың центнерге жетіп, 5 есеге артты. Мал басы ірі-қара 1700-ден бас­тап, 4200 басқа дейін көбейді. Колхозды басқарған жылдарында рес­публика колхоздар советінің 10 жылдай мүшесі бола жүріп, ауыл­­да 500 орындық мәдениет үйі, 160 орындық балалар бақшасы, №156 мектеп спорт залы, әкімшілік үйі, медпункт, 8 шақырым асфальт жол, 600 гектар жер инженерлік жүйеге келтіріліп, тегістеліп, 120 тұрғын үй пайдалануға берілуіне мұрындық болды. Ауданда бірінші болып, жанұялық «Ағажановтар» және ВИА «Шаттық» ансамблін, 16 қыздардан би тобы және «Нартай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұйымдастырылып, 1990 жылы Нартай Бекежановтың 100 жылдық мерейтойында музей соғылып,  ауыл көркіне ажар қосты. Осынау оралымды істері еленді де. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін иеленіп, бірнеше мерекелік медальдарды да кеудесінде жарқыратты.  Елге жасаған еселі еңбегі зейнеттік демалысқа ұласып, «Еңбек етсең емерсің» деген қағиданы ұрпақ санасына сіңіріп, оларды еңбексүйгіштікке, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, отбасын, туған-туысын жанашырлықпен қорғауға баулыды. Еңбектің жемісін көру үшін сол жолда кездескен қиындықпен қарбаласқа толған өмірді бағындыру керек болса, Жолдыбай Ақмолдаев та осынау биіктерден көріне білді. Ақмолдаев істерінің арнасы осылайша толыса берді. Олай болса, осындай арда азаматтардың өмір жолдарын, еңбек іздерін, есімдерін қалтарыста қалдырмай, ұрпақ жадында жаңғырта білу елдігіміз бен  азаматтығымыздың нышаны болмақ. Бұл – еткен еңбек пен төккен тердің өтеуі болмақ.
Дина ЖҮСІПОВА.
16 қыркүйек 2018 ж. 703 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 39

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031