Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті

Білім алудың тамыры ащы, жемісі тәтті


Үшінші сыныпта оқитын сіңілімнің сабаққа аса зауқы жоқ. Үш ай бойы жазғы демалысты алаңсыз ойынмен өткізген Аяулым үшін енді оның бәрі жәй елеске айналмақ. Жыл сайын құбылатын білім жүйесінің биылда жаңалықтары бар болар. Апасын ой түбіне батырған үй тапсырмалары ол үшінде оңай болмасы анық. Сондықтан болар, түстен кейінгі мезгілде қосымша сабақтарға қатысып, арнайы орталықтарға баруға мәжбүр.
Расында, жыл сайын жаңа оқулықтар шығып, ондағы жүктемелер де едәуір өзгеріп отырады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, бас­ты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» – делінген.
Ел тәуелсіздігін алған сәттен бері жас мемлекетіміздің келешегі өскелең ұрпақты озық біліммен қаруландыруды барынша қамтамасыз етіп келеді. «Болашақ» стипендиясы тағайындалып, білімгерлер әлемнің әр шетінде білім алуда. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жететінін ескерген облыс әкімі Қ.Көшербаев білім іздеген жастардың Мәскеу қаласында ІТ-технологияны меңгеруіне жол ашты. Сонымен қатар, әлемнің «100 үздік оқулығы» қазақ тіліне аударыла бастады. Үздіксіз өзгерістер мен толассыз ақпараттар ағылып жатыр. Ал, осының бәрін игеріп, ісімізді өрге домалатамыз десек тынымсыз ізденіс қажет-ақ. Алайда, қаптаған қосымшаның артық жүктемесі баланың миына салмақ салмайды ма?
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жұматова:
«Қосымшаның» тигізер пайдасы бар
«Оқу инемен құдық қазғандай» – деп айтылуы бекер емес. Бүгінгі таңда, жаңа реформа, электронды күнделік, үш тілді оқыту сынды өзгерістерге бейімделіп келеміз. Жаңа оқу жылында 883 оқушы екі мезгілде білім алуда. Сонымен қатар, сабақтан тыс мезгілде қосымша пәндер оқытылады. Бұл оқушылар үшін өте тиімді деп ойлаймын. Себебі, сабақ барысында толық меңгеріп үлгермеген тақырыпты ұстазымен қайта игеріп алуына таптырмас мүмкіндік. Алайда, кейбір ата-аналар жұмыс бастылықпен баланың сабағына көңіл бөлуге мұршасы болмайды. Сондықтан, ақылы түрде үйден оқытатын үйретушілерге көп жүгініп жатады. Әрине, баланың жан-жақты білім алып, өзін-өзі дамытқаны құптарлық жәйт. Оған баланың құлшынысы да болуы керек. Біз дамыған елдермен терезе теңестіруді көздеп отырған дамушы мемлекетпіз. Ал, ол үшін алдымен білімнің салтанат құруына мән беруіміз қажет. Мәселен, білім реформасын дамытуда әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Нақтырақ айтар болсақ, Италияда 13 жылдық оқу жүйесі болса, Францияда оқушылардың білімі 20 балдық жүйесімен өлешенеді. Ал, Қытай елінде жазғы демалыс бір айға ғана созылады екен. Себебі, миллиардтан астам халқы бар елде жоғары білім алу – әлеуметтік сатыға көтерілудің бір ғана жолы десе болады. Қытай оқушысының оқу кестесі санитарлық ережеге де, адами тұрғыда да өте ауыр. Таңғы 5-те оянғаннан бірден өзіндік сабақтары басталады. 8.00-ден 16.00-ге дейін сабақтар, 16.00-ден кешкі 21.00-ге дейін – қосымша сабақтар өткізіледі. Сондықтан, біздің елдің оқушыларына да көп ізденгеннің артықтығы болмас. Мектеп мұғалімдері оқушылардың білім алуымен қатар бір сәт бой сергітіп, спорттық және шебер қыздар секілді түрлі үйірмелерге қатысуын да ойластырған. Бұл баланың екінші бір қырынан көрінуге де үлкен септігін тигізеді.
Ал, екі баласы мектепке баратын ата-ана Гаухар Байжанова оқушылардың қаптаған қосымша, ақылы орталықтарға барғанын қаламайды. Себебі, мектеп қабырғасындағы 12 жылда білікті ұстаз шәкіртінің бойына керек азығы мен ғылым-білімді сіңіре алады. Әр оқу жылында білім жүйесімен қатар мектеп мұғалімдерінің де біліктілігін сүзгіден өткізіп отырса, белгіленген сабақ кестесіндегі қажетті білімді толық игеріп шығуға болады. Сонда қосымша сабақтардың саны қысқарып, ата-ана тарапынан да артық шығын болмас еді. Сондай-ақ, ұстаз білімді болса, бала ата-ананың қалтасына салмақ салып ақылы негіздегі орталықтарды жағаламайды, – дейді ол.
Қандай өзгеріс болса да ата-анамен ұстаз­дардың ойлайтыны оқушының толыққанды дамуы. Себебі, білім – адамзаттың көрсеткіші, айнасы. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп бірінші ұстаз Аристотель айтқандай, білім мен өнер сіздің болашағыңыздың жарқын болуына бірден-бір кепіл екенін естен шығармайық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 355 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031