Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ атты бір ел бар

Қазақ атты бір ел бар


Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан-ғайыр далада қазақ атты бір ел бар. Адалдық пен ар-намысты ту еткен, тарих беттерінде өшпес рухты, аласармас айбынды халық ретінде із қалдырған бұл ел – менің Отаным және барша қазақ ұрпағының мақтанышы.
Тағдырлар тоғысында Керей мен Жәнібек құрған іргелі Қазақ ұлысы бүгінде жаңа заманға сай қарқынды даму үстінде. Қазақ хандығынан бастау алатын Тәуке ханның жеті жарғысы, Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы тәуелсіз елдің ата заңына жалғасты. Елдің ел екендігін танытатын, талай әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырында желбіреген Туымыз, Елтаңбамыз, жүрекпен айтар Әнұранымыз бар. Мемлекеттік мәртебеде дауды да шешер, жауды да қайтарар ана тіліміз бар. Тамырын тереңге жайған салт-дәстүріміз қайта жанданды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына, біріккен ұлттар ұйымына мүше болып, мәңгілік теңізінде даму кемесімен еш кедергісіз жүзіп келе жатқан Қазақстан білім саласында да талайдан озық. Үздік университеттердің қатары көбейіп, жастар «Болашақ» бағдарламасымен» шетелдерде білімін шыңдауда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша білікті жас мамандар мемлекеттің дамуына үлестерін қосуда. Ғарышқа ұшу – қазақтың кешегі арманы еді. Ал, бүгінгі қазақ – ғарышты бағындырған алдыңғы қатарлы халық.
Елбасымыздың тәуекелге бел буып жеткен зор жетістігінің бірі – жаңа Астана. Сарыарқаның күн күйдірген күрең белінде әлемді аузына қаратқан алып қала орнайды деп кім ойлаған? Еліміздегі бейбітшіліктің символы ретінде «Бәйтерек» монументі бой түзеді. Төбесі көк тіреген ақ шағаладай әсем шаһар егеменді еліміздің Астанасы атанып, халықтың ұлы мақтанышына, Еуразияның кіндігіне айналды. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», – деп «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таңбалағандай, Елбасы Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, жаңаша жаңғыруы басталғанын жариялады. Және әрбір қазақтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын саралап айтып өтті. Мақалада: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп бізге, жастарға және ұстаздар қауымына үміт артты. Біздің ендігі мақсатымыз – ұлы істерге алып баратын Қазақстанның жаңа жолын ұстау. Елдің тағдыры – жастардың қолында, ал жастардың тағдыры – ұстаздардың қолында емес пе?!
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деп өз ойын әсерлі қорытындылады Елбасы. Демек, салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, әруақты бабасы бар қазақ атты елдің перзенті екенін жас ұрпақ мақтан етуі тиіс.
Қазақстан, сен заңғар биіксің, кеңсің. Менің жаным өзіңе деген мақтанышқа бөленген. Мен сенің атыңды мақтан тұтар перзентіңмін, мен сенің атыңды жүрегіме өлеңмен жазар бөбегіңмін, мен сені мәңгі сүйіп өтер ұрпағыңмын!
Қазақстан, сен маған Асан қайғы іздеп, тарту еткен Жерұйықсың, Алланың нәсіп еткен Жәннатысың!

Аяжан ӘМІРХАНОВА,
№152 мектеп-гимназияның
11 «А» сынып оқушысы.
Алматы қаласы.
05 маусым 2018 ж. 2 019 0