Омбыда өтіп жатқан «Еуразия байлығы» жәрмеңкесінде Қазақстанның өнімдері ұсынылды
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикасы оң қарқынмен дамып келеді. Өйткені өңіраралық қарым-қатынас артып, еркін сауда аймағы құрылды. Бұл ретте Ресейдің Омбы қаласында «Еуразия байлығы» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Армения сынды елдердің кәсіпкерлері 500 тоннадан астам өнім апарып, сауда көркін қыздырды. Көрме-жәрмеңкенің болатынын естіген Қайыркен Жүсіпов 150 шақырым жерден Омбыға арнайы келді. Зейнеткер қазақтың ұлттық тағамынан дәм татып, қажетті азық-түлігін арзан бағаға сатып алды. Қайыркен Жүсіпов, қала тұрғыны: – Мұнда өзіміздің қазақы тауарлар үшін келдім. Өйткені мен тұрған ауылда қымыз, шұбат сынды өнімдер сатылмайды. Және тауарлар нарықтағы бағадан бірнеше есе арзан. Осындай жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрса, жақсы болар еді. Таң сәріден орталық саябаққа ағылған жұртшылықтың санында шек болмады. Себебі кәсіпкерлер өз тауарларын тікелей өндірушінің бағасымен саудалады. Әсіресе азық-түліктің сапасы мен алуан түрлілігі жергілікті тұрғындардың көңілінен шықты. Самат Қайырденұлы, тілші: – Мұндай көрме-жәрмеңке Омбы өңірінде алғашқы рет өткізіліп отыр. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь секілді әлемнің сегіз мемлекетінің кәсіпкерлері қатысуда. Басты мақсат – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында сауда-саттық көкжиегін одан әрі арттыру болып табылады. Көпшілікті әсіресе, Қазақстанның қымызы, Алтайдың балы, Өзбекстанның жемісі және Беларусьтың ірімшігі қызықтырды. Жалпы өнім түрі 150-ден астам. Мұнымен қоса әр елдің өкілдері ашық аспан астында ұлттық тағамдарын әзірледі. Марина Коблик, облыстық экономика министрлігінің бөлім басшысы: – Бұл шараға келген елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты арттырғымыз келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанмен жақсы серіктеспіз. Енді қалған мемлекеттермен еркін сауда аймағын құрмақ ойдамыз. Жалпы бүгінде біздің сыртқы тауар айналымының 50 пайызын осы ТМД елдері құрап отыр. «Еуразия байлығы» жәрмеңкесі үш күнге созылады. Оның аясында Омбыда «Қазақстан күндері» аталып өтілмек.
24.kz
24.kz