Ел мүддесіне адал еңбек
Еліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің қазіргі заманғы тиімді жүйесін қалыптастыруға баса назар аударылды. Осы орайда Елбасы «Қазақстан- 2050» Стратегиясында мемлекеттілікті одан әрі нығайту халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары және мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрыстарының қалыптары регламенттелген мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Сарабдал саясаттың жемісін ел игілігіне жарату жолында мемлекеттік қызметшілерге зор міндеттер жүктелуде. Мемлекеттік қызметшіге қойылар талап қатаң, оған сыншы да мол. Сонда адамды осы жүгі ауыр қызметте не ұстайды? деген орынды сауал туындап жатады. Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету. Бұл жолда олар халықтың мүддесін жоғары қойып, әділ шешім қабылдап, қарапайымдылық, адамгершілік танытуы тиіс.
Әдепті, сабырлы да шыншыл, әрі ұлтжанды қасиеттері мол азаматтардың мемлекеттік қызметті адал атқаруы еліміздің өркендеп- өсуіне зор үлес қосады, халық арасында мемлекеттік қызметшінің беделін нығайып, оған деген халықтың сенімі артады.
Сол себепті, мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан, біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады»,-деп бірнеше мәрте айтты. Елбасының айтқан бұл сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс.
Сонымен қатар, Ел көшбасшысы ұсынған «Мәңгілік ел-қазақ халқының ұлттық идеясын» жүзеге асыру да мемлекеттік қызметшілерге жүктелген.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшілер Мемлекет Басшысы айқындап берген басымдықтарды зор жауапкершілікпен іске асырулары тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің бұл мүддеден абыроймен шығатынына сенімім мол.
Н.Елшібеков,
Аудандық соттың бас маман сот отырысының хатшысы