Қазақстандық әнші “Славян базары” байқауында бірінші орын алды
Белгілі қазақстандық әнші Әмре халықаралық “Славян базары” байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Әнші бас жүлде алған румыниялық бақталасымен ұпай саны бойынша тең түскен. Десе де, қазылар алқасы отандасымызға бірінші орынды беруді жөн деп шешіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Байқау Беларусь елінің Витебск қаласында өткен. Ал кезекті жетістігі жайлы Әмренің өзі желідегі парақшасында хабарлады. “Алдыңғы кезеңде денсаулығыма байланысты ойдағыдай өнер көрсете алмадым. Бірақ ауырғанымды ешкімге айтпадым, сонда да жоғары ұпайға ие болдым. Аллаға шүкір, бүгін бәрі керемет болды!Алланың қалауымен, Қазақстан 1-орынға ие болды. Румыния бас жүлде алды. Ұпайларымыз бірдей болғанмен, әділ-қазылар шешімі осындай болды. Мен барымды салдым. Қазақ елі! Дұға, тілектеріңізге үлкен рахмет. Сіздерге бас жүлде сыйлай алмағаным үшін өз-өзіме сыймай, орын таппай отырмын. Мені қолдағандарыңыз үшін рахмет! Көріскенше! Әmre”, – деп жазды ол. Қазақстандықтар Әмрені жарыса құттықтап жатыр.
Айта кетейік, дәл осы “Славян базары” байқауына кезінде Димаш Құдайберген қатысып, жеңіп шыққан болатын. Биыл байқауда еліміздің атынан Роза Рымбаева қазылық еткен. Ал Димаштың өзі балалар арасында өткен байқауда төрелік етті.
Еске сала кетейік, биыл балалар арасында өткен “Славян базары” байқауында қаскелеңдік 7 жасар Әбілхайыр Жұмабай жүлделі үшінші орынды қанжығаға байлады.
Stan.kz