Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сен менің ішімдегіні ұға алмайсың, Сондықтан, сыртымнан сөз талқылама!

Сен менің ішімдегіні ұға алмайсың, Сондықтан, сыртымнан сөз талқылама!


Бұл өмірдің өлшемі қамшының сабындай ғана. Тіпті, одан да қысқа. Оны күн артынан, күн тастап өтіп жатқан өмір мен көз көрген, жүз таныс адамың аяқасты өмірден өткен кезінде сезінеді екенсің. Тағдырдың жазуы болар өткен аптада тіршілікте сыйласып, қызметте бірге әріптес болған ақын Бақытжан Мәденов бауырымыз мезгілсіз қаза тауып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Тумысынан тұйық, ұяңдығымен елдің есінде қалған Бақытжан бала кезінен қолына қалам алып, ақ парақты шумақпен шимайлап, ұйқас қуып, өлең жазуға жақын болды. Оның ақын-жазушылардың том-том кітаптарын жата-жастана оқып, әдебиетке деген әуестігі шығармашылық адамы болып қалыптасуына септігін тигізді. Ол солайша, облыстық «Шарайна сейхун» газетінде тілшілік қызмет атқарып, үлкен ортаға бейімделді. Жүзге тарта өлең жазып, республикалық мүшайраларға қатысып, жүлделі орындардан көріне білді. Тынымсыз еңбек пен қайтпас қажырлылықтың арқасында өмірлік арманына қол жеткізіп, ауданның бас басылымына жұмысқа орналасты. Аз уақыттың ішінде түйткілді мәселелерді газет бетінде көтеріп, оқырманға ой саларлық мақалалар жазды. Осылайша, өзінің қысқа ғана ғұмырында артында өшпес мұра етіп, өлең мен танымдық мақалаларын қалдырып кетті. Осы ретте, Бақытжанның бір топ өлеңдер жинағын назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Шырғалаң
Білмеймін, неткен уайым, сарқыла ма?!
Жүргім келмей алдыма, артыма да.
Сен менің ішімдегіні ұға алмайсың,
Сондықтан, сыртымнан сөз талқылама!

Шерменде етіп қойды ғой шырғалаңдар,
Шырғалаңдар, шаттығымды ұрламаңдар.
Енді қашан сарқылады сынағым?
Бағынышты болса да құлда жан бар!

Болашақта бақ бар деп сеніп келгем,
Алып-ұшып, алқынып желік кеудем.
Бақыт деген ей, несің, кімсің, әлде?
Шаршадым бақыттыға ұқсаудан,
еліктеуден!
10/04/2016

Дәмін тат жырымның
Таңым да атар, таусылмай тұрса тұз дәмім,
Жаныма батар қу тірлік сенің ызғарың.
Бітпейді сапар керуеннің қалмай көшінен,
Мауқымды басар мойныма келіп асылғанда қыздарым.

Қанағат барға, сабыр деп бұйырмағанға,
Атар ақ таңда ризығың барма маған да.
Асуым алда, бекінгем биік белеске
Көштен бір қалма, амалда жаным, амалда.

Құбылмай қырық, кимей де жүріп бетперде,
Туғызбай күдік мәреге келіп жеткенде.
Бұзылмай тұрып, дәмін тат жырдың кеп сен де,
Жазылмай былық, арзан сөз қойын дәптерге.
16.06.2017

Шабыт
Сен менің жайымды айтпай білер ме дің?
Еркіндікті аңсап ем
Жүгендедің...
Сенің асқан асыңа қарамасам
Шабыт дейтін анадан
Жыр емгемін.

Ахуалды мендегі ұғар ма едің?!
Сен шынымен менімен сыңар ма едің?!
Үміт пенен күдікке тұрақ болған
Күн сарқылса кеудемнен шығар демім.

Түсінбестік талқысы бүгін де осы,
Түсініспей кетпесек түбінде осы...
Толстойдың тағдырын тартамын ба?!
Ойымды оқи алмасаң жырымды оқы...


Өмір
…бір күннен бір күн асып барады өмір,
Ештеңеге толмайды шала көңіл…
Кеш батқанда өкінбей күндізгіге,
Сүрсем деген талпыныс саналы өмір!

Қайта шығу үшін де батады күн,
Ақ таңдардан үміт көп ата-тұғын.
Маған осы кедергі етіп жүр-ау,
Тек қиял құшағында жататыным!

Жарқ етіп жансам бір күн таңданбағын,
Күтіп тұр, мен сенемін алдан бағым!
Соқпағымды өзімнің мен де салам,
Ақиқатқа айналып армандарым!

Мен мұндалап тұрғандай уақытта алдан,
Сүрінсем қайта тұрдым, жасып қалман.
Мені енді көп күттірме ей, тағдырым,
Өз еншісін аяма Бақытжаннан!
19/05/2016 жыл

Рамазан айы
Адамның шек болмайды дəмесінде,
Ораза ұстап, бойда боп дəретім де.
Таңсəріден оянып, ниет еттім,
Расында береке бар сəресінде.

Армансыз пенде бар ма дүния да?
Айым туып оңымнан жымия ма?!
Күнəмді кеш, Жаратқан деп тіледім
Ауыз ашып, батқанда күн ұяға!

«Жұрттың балалары»
Сендерді айтып жатыр-ау анам тағы да,
Қосыңдаршы-ей, мені де араларыңа.
Еліктейтұғын кумирім болып алдыңдар,
Анам айтатын «жұрттың балаларына».

Мен де жүрмін ол жүрген жерді мекендеп,
Ентігіп қалам соңынан соның жетем деп.
Шақшадай басым шарадай болып кетеді,
«Жұрттың баласын» не беріп бағады
екен деп.

Біздің үйде «жұрттың балдары» шежіре,
Басқаны қайдам, ырзамын әйтеуір өзіме.
Құдай бере салған, айналайын «жұрттың балдары»,
Түсе бермеңдерші менің анамның көзіне!

Балаларға сол бақыт
Балаларға сол бақыт,
Ата-анасы болса аман.
Балаларға сол бақыт,
Аман болса табиғаты қоршаған.

Балаларға сол бақыт,
Орманда жүрсе құс сайрап.
Балаларға сол бақыт,
Жұмыр жер тұрса гүл жайнап.

Балаларға сол бақыт,
Бейбіт құсы самғаса.
Балаларға сол бақыт,
Күлкіге тұнса әр уақыт!
2005 жыл

Наурыз
Наурызым – өз салтым, өз салтанатым,
Ұлтымның дәстүрлерін жар салатын.
Ұлыстың ұлы күні, жылдың басы
Мол аспен, кең пейілмен қарсы алатын.

Наурызым – өз салтым, өз салтанатым,
Наурыз – татулық, достық деп аталатын.
Пейілі кең халқымның дастарқаны,
Дүйім жұрт қариядан ақ бата алатын.

Наурыз үлкен той түркі тектес халыққа,
Жарты ғасыр жоқ болып қайта шыққан жарыққа.
Наурыз келді, кең дүние құлпырды,
Наурыз - шаттыққа бөле ұлтымды!
Қуанышпен, достықпен қарсы алатын,
Наурызым - өз салтым, өз салтанатым!!!
Асыл анам
Тірліктің талай-талай сынақтарын,
Өткеріп-ақ келесің шыдап бәрін.
Оңашада көз жасқа ерік беріп,
Бірақ, перзенттеріңді жылатпадың.

Таусылмайды, бітпейді неге сынақ?!
Сұм ажал төріміздің егесін ап.
- Не жаздым тағдырыма мен, - дей-тұғын
Ескірмейтін қойылар көне сұрақ.

Дегендей денім сау ғой, басым аман,
Кейіп танытып жүр-ау жасымаған.
Ұл ұяға, қыз қияға қонды енді,
Немере қызығын көр, асыл анам!

Тәңірден тілеп анама ұзақ ғұмырды,
Арнадым тілек қып перзенттік жырымды.
Әкені жоқтатпай бір өзің, жан анам,
Кем қылмай жеткіздің қызың мен ұлыңды.

Анама өтелмес қарыз бар мойында,
Әкенің ақылы ұл-қыздың бойында.
Әкенің көрмеген қызығын сіз көріп,
Төрінде отыр шөберенің тойында!

Сен...
Сен менің тірлігімнің тірегісің,
Білемісің сен мұны, білемісің.
Сұрағаным Тәңірден сенің бағың,
Сені сүйген жігіттің тілегі шын!

Сен менің тірлігімнің жарығысың,
Жүректегі сезімнің жалынысың.
Бақыттымын, мен жаным, бақыттымын,
Сені ойлап оянған таңым үшін!

Сен менің тірлігімнің көркемісің,
Сен менің өмірімнің ертеңісің,
Жалғыз-ақ ақиқат бар мен білетін,
Сен мен үшін жаралдың, мен сен үшін!

Сен менің тірлігімнің ай-күнісің,
Қазынадан қымбатты байлығымсың.
Күннің нұры, айдан төгілген сәулем,
Ғашықпын мен, сен осы жайды түсін!

Сен менің тірлігімнің аруысың,
Жаралғансың құшағыма алу үшін.
Әлемнің бар байлығын сарп етемін,
Мәңгілік сен менімен қалу үшін.

Жиырма бес
Шықтым ба тым құрыса бір белеске?
Мына сүрген өмірім құр емес пе?!
Ойға алып өткенді бір саралайын,
Келгенде, міне, бүгін жиырма беске!

Мен кімді, мені кімдер өкпелетті,
Қанша күн сенделумен текке кетті?
Өткенімнен іздеме қателік, мін,
Қазбалап өткенімнен көп деректі.

Ессізбен, езбенен де жараспаспын,
Өзіме тиіссізге таласпаспын.
Шүкір Аллаға, денім сау, басым аман,
Мен бүгін жиырма беске аяқ бастым!!!


Ар алдында ақталу
Ар алдында таза болғым келгені,
Сынаққа алу заңы өмірдің пендені.
Мен бейкүнә періште де емеспін,
Жүргенменен көтеріп ап жер мені.
Таза болғым келгені ар алдында,
Жуар ма екен жас ақса жанарымда.
Кім болып тудың анадан ол белгілі,
Беймәлім кім болып тұрарың Алла алдында.

Әлсіз болдым ба сынақтарына тағдырдың,
Арым алдында күйдіріп мені жандырдың.
Өткен күндерім өзіме мәлім, белгілі,
Беймәлім не берері алдымнан келер әр күннің.

Мен неге бәрін шатастырдым, адастым,
Түкке тұрмайтын нәрселер үшін таластым.
Екінші мәрте сол жарға тағы құладым,
Осы жолы да сайтанмен ауыз жаластым.

Салмақтыма еді жіберген менің айыбым,
Қайда барады бағытсыз менің қайығым.
Жеңілдер қашан арқама батқан ауыр жүк?
Басылар қашан жаныма батқан қайғы-мұң?!

Әке...
Жанар іздеп, бір бейнені сағынып,
Санам іздеп, бір келбетті сабылып.
Асқар таусыз жетімсіреп көңілім,
Шарасыз күй тағдырыма бағынып.

Жадымда тұрған бір бейне, өтсе де жылдар ауысып,
Сағыныш тұнған бір бейне, кетсе де кімдер қауышып.
Естеліктері өткеннің дәл осы сәттей сақталған,
Жанымда болмағаныңмен әлі де асқар тауымсың.

Санада өзің сіңірген ақыл-өнегең әлі күн,
Жабырқау көңіл қимайды, тым ерте бітті жарығың.
Ертелі-кеш жазылған өзекті жанның бәріне,
Шарқ ұрғанменен мойындап, Жаратқан ием әмірін.

Жылдар жылжып, ай ағып, күн кеткенмен,
Сене де алмай қанша уақыт мұң шеккенмен.
Жансыз бейнені қолға алып, кеудеге қысып, аптығып,
Жаныма жұбаныш болған естеліктер сол сәттерден.

Сағыныштың жыры менен мұңына толды бір кеудем,
Үміт күткендей боламын жаңарған әрбір күндерден.
Қимастық пенен сағыныш сөніп пе, әсте, көңілден,
Тұрамын келіп қалардай жолдарға қарап сіз келген.

Жапырақтардай үзілді тағы да бір жан сол күзде,
Нар көтере алмас салмақты қайғысын сыйлап мол бізге.
Көнбегенменен төзетін әмірі болды Тәңірдің,
Бағыштап Құран оқимыз, жасарым жалғыз сол сізге.

Ұмытылмайсың жан әкем, келсе де жылдар жаңара,
Жаңғырып тұрар бейнеңіз, өтсе де уақыт арада.
Әкемді алған Тәңірден сұрарым жалғыз бір тілек,
Ғұмыр бер енді баянды артында қалған анама!!!

Уақытым сырғымашы, дамылдашы
Уақытым сырғымашы, дамылдашы,
Алауым бықсымашы, жалындашы.
Өмірден орын тауып алу үшін,
Мәймөңкелеп, әйтеуір, жағынбашы.

Күндерім, кідіріңдер сендер мені,
Шағын орнымды алайын кең жердегі.
Тапқанмен бағытына түсе алмай жүр,
Жарамас бір пенденің сенделгені.

Айларым, асықпашы, адастырма,
Доспен емес доңызбен жарастырма.
Жаратқан хақ жолыңды көрсет маған,
Өзіме тиіссізге таластырма.

Жылжып жатыр сағатым озып сағаттан,
Біткен тірлік жоқ, күн батып тағы таң атқан.
Кешіре көр, кешірім маған қыла көр,
Мейірімі мол, құдыреті күшті Жаратқан!!!

Солақай сана, немесе, одан құтылу
Жүрегіме иман бер деп сұранған,
Пенде болса нәпсіге қарсы тұра алған.
Таза жүрекпен, адал ниетпен беріліп,
Намазымды оқып құралған ұлы Құраннан.

Мадаққа бөлеп Алланы, Оның Елшісін,
Кеткендер бар өмірден алып еншісін.
Қанағат қылып үйрену керек біздерге,
Көре алмайтыны бар байыса қазақ көршісін.

Жүрегіңмен сұрасаң тілеп, Алладан,
Құлшылық етіп құласаң тілеп, Алладан.
Тәубеңе келіп жыласаң-дағы Алладан,
Алланың құлы назардан тыс қалмаған.

Сыныққа сылтау таба алмай жүрген пендеміз,
Шүкір Аллаға, уақытша біз де жердеміз.
Үзілер шағы таяған кезде жанымыз,
Алла деп кетсем жұмақ бар деп сенбеңіз.

Тіршілік берген Аллаға құлшылық қылу парызым,
Қалып қойып жүрмегей өтей алмас қарызым.
Құлшылық етер иман бер Алла пендеңе,
Намаздан тауып азғынған жанның азығын.

Жастықтың қәзір желігінде самғайсың,
Күнді түнге, түнді таңға жалғайсың.
Намазға әлі ерте ғой дейміз сол жастар,
Өміріңе кепілдік бере алмайсың!!!

10.07.2010 жыл.
27 маусым 2018 ж. 939 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031