Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістер

Мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістер


Әрбір мемлекеттің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлесі ерекше. Өйткені, еліміздегі саяси - экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететіні анық.
Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің дамыған мемлекет­тердің отыздығына кіру мақсатында жариялаған «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның бірінші бағдарламасын кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға арнап, мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге шақырған бағытының өзі осының дәлелі. Себебі, заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор.
Елбасы ұсынып отырған бұл реформалардың басты мақсаты мемлекеттік қызмет саласын заман талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу сынды көптеген мәселелерді шешуге бағытталған.
Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды.
Жалпы, мемлекеттік қызметте жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін қызметкерлер қарапайым халықпен етене жұмыс істейтін, халыққа ең жақын адамдар болып табылады. Ол жергілікті жерде халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайын жетік білетін, алдына келген азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыруы, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы Жолдауларын халыққа түсіндіруі, насихаттауы қажет. Бұл үшін әрине білім мен кәсіби тәжірибе маңызды. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметке алғаш келгендер үш сатылы іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданғандар 3+3 формуласы бойынша міндетті түрде сынақ мерзімі 3 және 6 айлық межелік бақылаудан өткізілуде. Осы бағытта, аудандағы атқарылған жұмыстарға тоқталсам, 2017-2018 жылдың бүгінгі күніне дейін мемлекеттік қызметке алғаш және оны тоқтатқаннан кейін қайта келген 32 қызметшіге сынақ мерзімі белгіленіп, оның 22-іне тәлімгер бекітілді. Тәлімгермен жасалған бейімделу жоспарына сәйкес, жас мамандардың қызметке деген адалдығы мен жауапкер­шілігін арттырып, Отанға деген ұлтжандылық рухын дамытып, қызметке бейімдеп, сондай-ақ, олардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуының нәтижесінде қызмет тиімділігі арту үстінде.
Мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі жетілді­ру мақсатында 100 қадамның 5, 6-қадамында көрсетіл­гендей, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру үшін қызметінің нәтижесіне қарай еңбек жалақысын көбейту көзделіп отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызметкерлер үшін – жеке жылдық жоспарларды орындау, ал, мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындау өлшемдері алдағы уақытта қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде, белгілі бір мақсатқа, нақты нәтижеге қол жеткізуде – түпкі көзделген міндеттің орындалуына әкеледі.
Әрине, жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын көтеру және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында оларға медициналық қамсыздандыру үшін жағдай жасалуын, жыл сайынғы медициналық тексерілуін, мемлекеттік спорттық объектілерге тегін кіруін, баспана мен жер учаскелерімен қамтамасыз етілуі жөнінде тапсырмалар беріліп, агенттік тарапынан бақылауға алынып отыр.
Шиелі ауданы әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік қызметшілердің салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт объектілеріне бару кестесі бекітіліп, қызметкерлер жақын жерде орналасқан мектептің спорт залында тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Ұлт Жоспарының 15 қадамындағы талаптарға сәйкес Шиелі ауданы бойынша 2017 жылы 165 мемлекеттік қызметші кешенді аттестациялаудан өткізілді. 
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшінің бойындағы жоғары моральдық жауапкершілігі, кәсіби деңгейі мен құзіреттілігінің сәйкестігі, оны тәжірибеде қолдана білуі, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілігі, әділдігі, адалдығы, белсенді өмірлік ұстаным қасиеттері сыналып, оның ішінде 6 қызметші жоғары лауазымға ұсынылса, 1 мемлекеттік қызметкер атқаратын лауазымынан төмендетуге, 2 мемлекеттік қызметкер қызметінен босатуға ұсынылды.  Ал, 156 қызметшінің атқаратын лауазымына сәйкестігі анықталды.
Аттестацияның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер өздерінің қабілеттері мен кәсіби құзіреттіліктерінің әлсіз тұстарын арттыруға мүмкіндік алды. Осылайша, олар анықталған кемшіліктерін түзетіп, кәсіби біліктілігін арттырумен қатар кәсіби мемлекеттік аппарат құруға оң септігін тигізуде. Сондай-ақ, 2017 жылы 14 қызметші қайта даярлаудан, 68 қызметші біліктілігін арттырудан өтсе, 2018 жылғы жоспар бойынша 35 қызметші қайта даярлаудан, 49 қызметші біліктілік арттырудан өтпек. Яғни, Ұлт Жоспарының 9 қадамындағы мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесінің қалыптасуы, бақылауда болуының нәтижесінде бәсекеге қабілетті мамандар даярланып, мемлекеттік қызметтің сапасының артуына мүмкіндік беруде.
Бүгінгі таңда кадр саясатының өзекті мәселелерінің қатарында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында заңдарда белгіленген шектеулер мен тиымдарды қатаң түрде сақтауы болып отыр.  
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік имиджі мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыруда «Ұлт жоспарының 12-ші бағытын жүзеге асыру мақсатында Шиелі ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілі бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда оларды қорғауға, олардың қызметтік әдебіне, атқарып отырған қызметі мен іс-әрекетіне, заң нормалары талаптарының сақталуына, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына бақылау жүргізіп отырады. Бұл да мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруда оң нәтиже екенін көрсетуде.
Сонымен қатар, аудан бойынша сыбайлас жемқор­лыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру, оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем» төзбеушілікті қалыптастыру бағытында түрлі форматта түсіндірме жұмыстарымен профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдірудегі «е-қызмет» жүйесі құрылып, кадрлық іс-қағаздардың басым көпшілігі жүйеге енгізілді. Осы ретте, қағаз түріндегі құжат айналымының қысқаруы, мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу конкурстарының ашықтығы жарияланып, кадр қызметі тиімділігі артуда. Шиелі ауданы әкімдігі бұл жүйемен нәтижелі жұмыс атқаруда.  
Жалпы айтқанда, елдің ең басты тірегі, оның идея­сы мен саясатын дамытатын – мемлекеттік қызметші. Сондықтан, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында барлық күш қайратымызды жұмсап, абыроймен қызмет ету – мәртебелі мерейлі міндет дей келе, мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің болуына әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі бар демекпін.
Қорыта келе, Ұлт жоспары мемлекеттік қызметшілерге жауапкершіліктің жаңа жүгін артып отыр. Атаққа лайық қызмет етпей сол атақты асынып жүргеннен, атаққа лайық қызмет етіп, оны алудан бас тартқан әлдеқайда адамшылық. Себебі, барлық мемлекеттік қызметшілердің «илейтіні бір терінің пұшпағы», ол – еліміздің одан әрі гүлденуіне аянбай тер төгіп, барлық күш-жігерін жұмсау, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермей, халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет атқару.
Әсем Омарханова,
Шиелі ауданы әкімі аппаратының
персоналды басқару (кадр қызметі)
қызметі бөлімінің бас инспекторы.
17 маусым 2018 ж. 2 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930