ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЖАҚСАРА БЕРМЕК
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Елбасының тапсырмасы бойынша «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру мақсатында құрылды.
Мемлекеттік корпорация жоспарында мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру, озық технологиялар мен шешімдерді пайдалану, «бір терезе» қағидатын «бір өтініш» қағидатына өту секілді мәселелер қаралған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылғалы бері мемлекеттік қызметтерді көрсетудің саны мен сапасы және халыққа қолжетімділігі, тиімділігі артты. Сонымен қатар, шалғай елді-мекен тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында мобильдік «ХҚКО»-ғы бекітілген кестеге сәйкес қызмет көрсетеді.
Осы орайда «Электронды үкімет»
e.gov порталымен жұмыс жасауды үйрету, халыққа оның тиімділігі жөнінде насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Мемлекеттік қызметтерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы А.Искакова мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация коммерциялық емес акционерлік қоғамының «ХҚКО» департаментінің бас HR менеджері А.Оразбайқызы Ы.Жақаев ауылының мәдениет үйінде тұрғындармен семинар өткізді. Олар, электрондық үкімет порталында авторластыру және ЭЦҚ кілттерін алу
бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді.
Қысқасын айтқанда, электронды үкімет порталы қызмет алушыларға үйде, жұмыс орнында, интернет қолжетімді жерлерде онлайн-режимде автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің 400-ден астам түрін алуға мүмкіндік беретіні мен оны қалай жүзеге асыратыны жайында тоқталды. Қосымша түсіндірме, бүктеме парақшалар таратып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Е.ДАТКЕНОВ.