Ақтаудағы кедендік бақылаудың иісшіл иттері қалтқысыз қызмет етеді
Ақтаудағы кедендік бақылау қызметінің иісшіл иттері ел байқауында бірінші және 3-ші орындарға ие болды. Алматыда өткен сайыста мемлекеттік кірістер комитетіне қарайтын құрылымдық бөлімшелердің кинолог мамандары бақ сынаған болатын. «Есірткі іздеу» бойынша өткен жарыста маңғыстаулық Нұрбол Сабановтың Барби есімді қызметтік иті топ жарды. Сондай-ақ үздік үштікті Бауыржан Аманғалиевтің Есон есімді сенімді серігі қорытындылады. Жарыс жеңімпаздары қазір шекара күзетінде жүр. Ал Бауыржан Аманғалиев пен оның қызметтік иті Есон қызмет аралық демалыста біліктілік шыңдауда. Мұнда жұмыс уақыты таңғы 9-да басталады. Есон таңғы асын ішіп, иесімен бірге серуендеген соң күнұзақ жаттығулар жасайды. Кешкісін әуежай немесе Ақтау теңіз портында күнделікті міндетін атқарады. Бауыржан Аманғалиев, облыстық МКД кинологиялық қызмет орталығының аға офицері: - Есон есірткі заттарын табуға үйретілген. Өткен жылы ақпан-мамыр айлары Алматыдағы кинология орталығында оқып, содан бері Есонмен жұмыс жасаймын. Былтыр әуежайда 1 дерек ашылды. Кептірілген марихуана болды, сараптама қорытындысы бойынша. Әуе кемелерін, теңіз кемелерін тексеруге мобильді топтармен шығып тұрамыз. Әуе кемелері кешкі 8.30-дан таңғы 6.30-ға дейінгі аралықта келеді. Ережеге сәйкес иісшіл ит аптаның барлық күнінде иесінің жанында болуы керек. Кинолог-маманның еңбек демалысына сенімді серігін ала кетуіне де рұқсат беріледі. Мұның барлығы қызметтік иттің жұмыс барысында берілген командаларды бұлжытпай орындауына ықпал етеді. Ақтаудағы кинологиялық орталықта 13 қызметтік ит күтіп бапталады. Бельгиялық және неміс овчаркалары, спаниельдер мен лабродорлар контрабандалық валюта, киік мүйіздері, есірткі және жарылғыш заттарын табуға бейімделген. Иісшіл хайуандар мұнда 8-10 жыл қызмет етеді. Мұнан соң жазбаша өтінішпен иесінің үйіне жіберіледі. Талғат Исламұлы, тілші: - Қызметтік иттің иісшілдігін тексеру үшін біз қазір тәжірибе жүргіземіз. Героин ұсатқыш ұнтағы салынған мына целлофан пакет жаттығу алаңында жолдорбаларға емес, менің қалтама салынатын болады. Оны Есон есімді ит таба алар ма екен, бірге көрейік. Ғанижон Юсупов, облыстық МКД кинологиялық қызмет орталығының жетекшісі: - Алматыдағы кинологиялық орталықта биыл 26-рет еліміздің ең таңдаулы кинологтары мен қызметтік иттері бас қосты. Дәстүрге сай ешкімге дес бермей жарыс жеңімпазы атандық. ТМД елдері шеңберінде өтіп жүрген байқауларда да бірнеше жыл қатарынан жеңісті қолдан бермей келеміз. Тәжірибемізді одан әрі шыңдай түсу үшін Ақтауда озық үлгідегі жаттығу алаңын салу жоспарда бар. Түркімен және өзбек елдерімен шектесетін өңірдің кедендік бақылау бекеттерінде былтыр иісшіл иттердің көмегімен 14 қылмыстық деректің беті ашылды. Ал өткен алты айда әуежайдан есірткі алып өтпек болған 3 адам ұсталды. Айта кету керек, жұмыс кезінде қызметтік иттер тұмылдырықсыз еркін жүреді екен. Яғни олар қоғам үшін қауіпсіз.
24.kz
24.kz