КАЛИНИННІҢ ҚОЛЫНАН ОРДЕН АЛҒАН
«Кездесіп ек колхозда айлы түні,
Құлағымнан қалқаның кетпейді үні.
Шығасың ба алдымнан, шықпайсың ба,
Москвадан жұлдыз ап келген күні?!»
Сөзін ақын Садықбек Адамбеков жазған, әнін композитор Әбілақат Еспаев шығарған осы бір керемет ән өткен ғасырдың 50 – 60-шы жылдары радиодан жиі берілетін. Керемет дейтінім әннің еңбек адамына, жастар арасындағы кіршіксіз махаббатқа арналуында. Ерен еңбек пен жалындаған махаббаттың отанға деген ыстық сезіммен ұштастырыла берілуінде.
Ол кезде ән-әуендердің дені белгісіз кейіпкерлерге арналатын. Тағы бір ерекшелік, еңбек озаттарына берілген орден Мәскеуде кеңестер одағы жоғарғы кеңесінде, оның төрағасының қолымен тапсырылатын болған. Бұл үлкен құрмет еді. Осындай зор құрметке ие болғандар арасында Шиелі ауданының (Қызылорда облысы) азаматтары да болды.
Солардың бірі де бірегейі Әлтен Әйтпембетов 1934-39 жылдары Шиелі ауданында ұстаз, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Қазақ ССР-нің білім ағарту саласына білімі мен күш-жігерін барынша құлшыныспен сарқа жұмсайды. Оқу-ағарту саласындағы үлгілі қызметімен көзге түскен жас ұстаз ерен еңбегі үшін 1939 жылы КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Мұғалімдерге жоғары награда алу қай кезде де оңай шаруа болмаған. «Еңбек бәрін де жеңбек» деп айтылған қанатты сөз халқымыздың даналығын тағы бір рет дәлелдеді. Сөйтіп жас та жігерлі, қайсар да білімді Әлтен Әйтпембетов әркімнің қолы жете бермейтін бағалы марапатты КСРО жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Калининнің қолынан алу бақытына ие болады...
Наградасын кеудесіне тағып үлгермей жатып 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, ары қарай Фин, Курск майдандарына қатысады. Кескілескен шайқастардың бірінде 1942 жылы қайтыс болады. Сол кезден бастап майданнан хат келмейді. Қай жерде, қалай мерт болғандығы жөнінде нақты дерек жоқ.
Әлтен әскерге алынғанда бір баласы қолында, бір баласы құрсақта жесір қалған жары Сартай Махамбетова ойланбастан бел буып еңбекке кіріседі. Ендігі бақытын еңбектен табуды мақсат тұтады. Бұл арманына жетті де. «Ерен еңбегі үшін медалімен», 2 мәрте Ленин орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және ҚазССР жоғарғы советінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қаз ССР Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер төсбелгісін иеленді. ҚазССР «Алтын» кітабына есімі жазылды, ВДНХ 12 медалінің (2 алтын, 2 күміс, 8 қола) иегері, аудандық, облыстық кеңестің бірнеше дүркін депутаты, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Күрішші, жүгеріші, «Қазақстандық кремнийлі» («Казахстанская кремнистая») атты жүгері сортының авторы. Бұл сорт тез пісетін тәтті әрі дәні ірі тұқым.
Осылайша бұрыннан еңбек ерлерінің мекені,18 ұлттың өкілі тұратын Еңбек Қызыл Ту орденді «Гигант» колхозының даңқына даңқ қосты. Еңбек ширатқан, өмір үйреткен Сартай қоғамның қайнаған тіршілігіне де белсене араласып, өз қатарластарын еңбекке құлшындыра білді. Сартай өз отбасы мүшелері, ұлы – Шәйзілдә мен келіні Қанашты да еңбекке баулыды. Олар да ауданға танылған дихан атанды.
Негізгі кейіпкерімізге қайта оралар болсақ, небәрі жиырмадан асар аспаста қан майданда қаза тапқан Әлтен Әйтпембетовтің бірі жарының ішінде, бірі қолында қалған қос ұлы азамат болып өсті. Үлкені Шәйзілдә жөнінде жоғарыда аз-кем сөз еттік. Кенжесі Нәрзілда Шиелі ауданының кино жүйесі мен халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласында басшылық қызметте болып жемісті еңбек етті. Ұрпақтары өсіп, өніп жатыр...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ








