Парамен емес, парасатпен өркендейік
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті деген ұғымнан ада болуымыз керек. Өйткені ұлттық дамудың, елдік сананың және қоғамдық жауапкершіліктің маңызды мәселесі бұл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде адалдық пен заң үстемдігінің маңызын үнемі атап өтіп, жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу қажеттігін көтеріп келеді. Президенттің: «Заң мен тәртіп» қағидаты – әділетті қоғам құрудың негізгі ұстанымдарының бірі. Бұл қағидаттың мәні терең: заң алдында лауазымына, байлығына немесе беделіне қарамастан, әрбір азамат тең болуы керек.Мемлекеттің күші – биліктің биіктігінде емес, әділдіктің үстемдігінде. Егер заң біреуге қатал, біреуге жұмсақ болса, қоғамда сенім орнына күдік, үміт орнына күмән ұялайды. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес жазалаумен ғана шектелмеуі тиіс. Оның алдын алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және адал еңбекті бағалайтын орта қалыптастыру – ұзақ мерзімді нәтижеге бастайтын маңызды қадамдар.
Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті тұсы – оның кейде қалыпты құбылыс ретінде қабылдануында. «Жұмысты тез бітіру үшін», «мәселені оңай шешу үшін» деп заңсыз әрекетке көз жұму – үлкен қателіктің кішкентай сылтаудан басталатынын аңғартады. Бір пара бір адамның жолын ашқанымен, екінші біреудің құқығын таптауы мүмкін. Бір заңсыз шешім жеке пайда әкелгенімен, тұтас қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Осылайша, бүгінгі ұсақ көрінген әділетсіздік ертең үлкен қоғамдық мәселеге айналады.
Жемқорлықтың зардабы тек қаржының талан-таражға түсуімен өлшенбейді. Оның салдарынан мектепке лайықты маманның орнына біліксіз адам келуі, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, кәсіпкердің мүмкіндігінен айырылуы немесе қарапайым азаматтың заңды құқығының қорғалмауы ықтимал. Әрбір осындай жағдайдың артында орындалмаған арман, ақталмаған үміт, зая кеткен мүмкіндік тұрады. Демек, жемқорлықпен күрес – халықтың бүгінгі тұрмысын ғана емес, келер ұрпақтың ертеңін қорғау.
Әділетті Қазақстан құру – бір күннің немесе бір мекеменің жұмысы дей алмаймыз. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ мұраты, әр азаматтың күн сайынғы таңдауы. Біз параны бермеуді, оны талап етпеуді, заңсыздыққа бармауды, оған бейжай қарамауды үйренуіміз керек. Өйткені адалдықты өзгеден талап ету оңай, ал оны өз ісіңмен дәлелдеу – нағыз азаматтық ұстаным. Елдің ертеңі бүгінгі шешімдерден құралады. Егер біз әділдікті жеке мүддеден жоғары қойып, еңбекті байлықтан, арды атақтан биік ұстасақ, жемқорлықтың қоғамдағы тамырына тосқауыл қоя аламыз. Заңға құрмет пен адалдық өмір салтына айналғанда ғана халықтың сенімі нығайып, мемлекеттің іргесі беки түседі.
Ж.Байсеитова,
аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы
аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы








