Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкейдегі ой орам

Көкейдегі ой орам

Тәуелсіздіктің арайлы таңы ата бастаған, егемендікке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аудан бойынша тұңғыш рет бой көтеріп, елдің қуанышына айналған (кезінде «Мұсылмандық дәстүрімізді дәріптейік», «Халық кеңесі» газеті, 25 қаңтар, 1995ж; «Киелі орындарды құрметтейік», «Өскен өңір» газеті, 3 шілде, 1996ж; «Көне мұраны қастерлеу», «Сыр бойы» газеті, 17 қазан, 1996 ж т.б. газеттер бетінде мақалалар жариялап, жөлектік марқұм Дүйсенбай Әлжанұлына 12 өгізін қиюға себепші болғаным бар еді. Ө.Ә) «Оқшы атадағы» «Есабыз ата» мешіті арада ширек ғасыр өткенде жөндеу көрмей, азып-тозып, қаңырап бос тұр.
Осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп «Мұсылман әлемінің басты мавзолейлері мен мешіттері» атты фото экспозиция жасаса, ертеңгі күні «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы бойы арқылы арлы-берлі өтетін туристер танысарлық экспозицияға айналар еді.
Республиканың тұрғындары, кәрісі бар, жасы бар Маңғыстаудағы Оғланды деген жерде жерленген Бекет әулиенің басына барып түнеп, зиярат етуді армандайды. Бұл жердегі кінә бізде. Аудан аумағындағы «Оқшы ата» қорымындағы киелі кісілерді насихаттау ісін тек қана тәуелсіздікке ие болғалы, онда да қолында қаржы-қаражаты бар иманды жігіттер Шәутай Тілеуберген, Мұрат Тілеулиев, Бағлан Манарбаев, Темірхан Әлімқұловтар бастаған істі аудан әкімі болып еңбек еткен Жарылқасын Тұрабаев, бүгінгі Премьер Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтар қолдап, сол маңайдағы елдің ірі қара малы жайылып жүретін «Оқшы ата» аталатын аймақта «Иман үйі», «Есабыз ата» аталатын жаңа ғимараттар бой көтерген болатын.
Аптаның бейсенбі, жұма, басқа да күндерінде ел жиылып аруақтарға, ата-бабаларына Құран бағыштап, көңілдерін бір демдеп жататын. Зиярат етушілер легі күні-түні арылмайтын киелі орынға айналғалы қашан...
Өткен тарихты білмеу, қадірлемеу – мәңгүрттіктің басты белгісі. Ащы да болса шындықты мойындайтын кез туды. Туған өлкеміздің, халқымыздың басынан кешкен талай кезеңдерді, аумалы-өкпелі оқиғалары мен олардың себептері ел мүддесі үшін жанпида тіршілік кешкен даңғайыр тұлғалар, әулиелер жайында көп нәрсе бізге жабулы қазан жабулы күйінде айтылмай келді. Тіпті олардың басына орнатылған кешендері қиратылып, қалайда халық жадынан өшіру әрекеттері күні кешеге дейін жасалып келгені де аян.
Бүгінде жаңғыру өткеннің бәріне жаңаша көзбен үңілу, екшеу, таразылау, шынайы ақиқат пен әділетті қалпына келтіру мен ұлттық есею тұрғысында ізденіс, серпіліс қам-қарекетіне бағыт алудамыз. Бұл – еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі арайлы таңда өте мәнді әрі зәру міндеттің біріне айналып отыр. Мұсылманшылық дегеннің не екеніне ой жіберіп, имандылықтың қадір-қасиетін сезіне бастаған бүгінгі күндері киелі орындарымызды ардақтау әрбір азаматтың, әрбір мұсылманның міндеті болуы керек екенін әрқашан есімізден шығармағанымыз жөн.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде «Қабір басына барып тұрыңдар, бұл сендерге болашақ өмірлерің туралы ескертеді», дегені бар ғой. Ауданның мектеп бітіруші жастары оқытқан мұғалімдеріменн атестаттары қолына тиген бойда «Оқшы атадағы» киелі кісілерге зиярат етуді әдетке айналдырғанын байқап жүрмін. Сол жастардың аталған фото экспозициямен танысқандары фотодағы мовзолейлер мен мешіттер орналасқан қалаларға жолдары түсе қалса алдымен базарлары мен дүкендеріне емес фотосын «Оқшы атада» көрген мавзолейлері мен мешіттерді көруге асық болмай ма?
Сол қорымда бүгіндері қаңырап бос тұрған «Есабыз әулиеге» арналған ескі мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, көз тартарлық «Мұсылман әлемінің басты мавзолейлері мен мешіттері» атты экспозиция жасалынса нұр үстіне нұр болар еді.
1976 жылы КазМудың тарих факултетін бітірерде «Қазақтың халық медицинасы» атты диплом жұмысын үздік бағаға қорғадым. Аталған диплом жұмысымда қазақтың ежелден бері келе жатқан бақсылық өнеріне ерекше ден қойдым. Ара арасында қазақ бақсылары пір тұтқан Қойлыбай бақсы, Қойлыбай әулиеге ерекше мән беретіндігімнің арқасында медицина тарихына арналған Түркияның Қайсері қаласында, Өзбекстанда Ибн-Синаның мың жылдық алқалы халықаралық тойында Қойлыбайдың есімін зал толы тыңдармандарға жаңғырта атағаным бар. Одан беріде республикалық тарихи, ғылыми медициналық журналдарға Ш.Уалиханов шығармаларында ерекше аталатын Қойлыбай есімін кеңінен жариялау үстіндемін.
Осы ретте «Оқшы ата» қашаннан тоқсан екі баулы қыпшақтың аға баласы саналатын бұлтың руының ежелден бергі зираты саналады. Академик Әлкей Марғұлан: «Адам баласының бүгінгі данасы Сүлеймен, одан кейін көптің батагөйі Қорқыт, одан соң Қойлыбай. Тегінде Қойлыбай Торғай мен Сыр суының арасында ерте кезде көшіп жүрген» деп жазады. Сондай-ақ «Алашқа әулие болып шыққан аты, Қыпшықта Қойлыбайдың бұлтың заты. Әкесі Әбурахпан ғұлама екен, Өзгеден артық болған салтанаты, – деп жырлаған Қожаберген жырау жырында аталатын Қойлыбайдың әкесі Әбурахпан осы «Оқшы ата» қорымына жерленгендей әсердемін. Олай болатын болса кезінде менің өтінішім бойынша инженер-теміржолшы Лепсе Жанияз тұрғызған Оқшы атадағы ескі «Есабыз ата» мешітін қос әулиенің Қойлыбай және Есабыз аталар атындағы рухани орталыққа айналдырмасқа. Қорқыт ата мен Жаңақорғандағы Қорасан ата мазараттарында соңғы жылдары бой көтерген музейлер бар. кезінде Шиелі ауданының Құрметті азаматы Лепес Жанияз сақырлаған сары кірпіштен салдырған ғимаратты ел қашанда бастарына барып зират ететін ағайынды бір рудың екі киелі кісінің атымен атамасқа. Сонда ол екеуінің республика бойынша ұрпақтары саналатын қолында қаржы-қаражаты бар азаматтар осынау игілікті іске атсалысар деген үміттемін.

Өтеген Әбдіраман,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі,
тарихшы-этнолог
12 қазан 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031