Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылға «Жібек жолы» атауы берілсін

Ауылға «Жібек жолы» атауы берілсін

Шиелі дегенде алдымен аузымызға небір әулиелердің, шайыр­лар мен шешендердің, би мен болыстардың, ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен ғұламалардың аты түседі. Ғалымдар, оның ішінде археологтар мен тарихшылар киелі Шиелі жерін қай жағынан болса да, жұрт назарын аударуға тұратын, тарихы көнеден келе жатқан аймақ деп таниды. Сонымен қатар аудан қазақ тарихында дара орны бар, жеті әулиенің дамыл тауып, жерленген жері. Шиелінің Ұлы Жібек жолының бір тармағының бойында жатқандығын бізге жеткен сол Оқшы Ата мазараттар кешенінде тұрғызылған күмбездер мен кесенелер де айшықтап тұрғандай.
Кеңес Одағының кезінде, Алмалы ауылдық округіне қарасты №21 бекет елді мекені Самара-Шымкент тас жолы мен Алматы-Москва теміржолы сияқты тоғыз жолдың торабы ­бойында орналасқан. Осы бір шағын елді мекен арқылы өтетін жол торабы шығысқа да, батысқа да, жол айрықтары тармақталып жатыр. №21 бекет 1000-ға жуық халқы бар, 200-ден астам тұрғын үй бар және 11 жылдық орта мектеп, 1 емхана, балалар ойнайтын алаң, азық-түлік дүкендері бар ауыл. Ауыл көшелері асфальтталған, жарықтандырылған, ауыз су мен аяқ су келіп тұр, енді газбен жабдықталмақшы. Кезінде біздің ауыл қараған Алмалы ауылдық округінде әкім болған, ұстаз-ақын Дәулетбек Байдрахманұлының «Шиелім – Швейцариям» деген өлеңінде айтылғандай ауылды «Сыр бойының Швейцариясы» десе де болады. №21 бекет ауылын өзге елдің жұпар аңқыған гүліне қарағанда бір топ жусан иісі үшін артық көреміз. Осы Шиелі өлкесіндегі ауылдың тарихы, жер-су атауын ономастикамен бірлесе отырып, ғылыми тұрғыда лайықты атау қою керек.
Бұл жерді тоғыз жолдың торабы десек те болады. Ауыл үстінен өтетін теміржол мен асфальт жолдары, ертеректе сауда керуендерімен дипломатиялық елшіліктер шығыстан-батысқа осы аралықпен жібек ­тауарларын тасымалдаған. Ал сол жібек Батыс елі үшін қымбат тауар болыпты. Сондықтан осы жол «Жібек жолы» деп аталыпты деген дерек бар. Жібек алтынмен пара пар, халықаралық өлшем пұлына айналды. Елді мекен атын қою кезінде бабаларымыздың сол жүріп өткен өміржолының атын біздің өлкеде де қалдырғымыз келеді. Сондықтан да ауылға «Жібек жолы» атауын қойсақ деген ұсынысымыз бар. Ауыл әкімі Ә.Мәмбетов ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізгенде «Жібек жолы» атауы бірауыздан қолдау тапты. Ауыл ­имамы Амантай ағамыз да бұл шешімді құп көрді. Қызылорда облысында да, аудандарында да мұндай атау жоқ. Оның үстіне қазіргі заманның Жібек жолы атанған Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық магистралі де сол елді мекенге жақын жерден өтеді. Сондықтан да қараша халықтың көкейіндегі «Жібек жолы» атауы №21 бекетке берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Рахманберді Ханқожаұлы,
ҚР Суретшілер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Шиелі ауданы төлтаңбасының
авторы
14 қараша 2022 ж. 579 0