Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңның салмағы сот залында сыналады

Заңның салмағы сот залында сыналады

Конституция – мемлекеттің құқықтық қаңқасы әрі азамат пен биліктің арасындағы ең үлкен келісім. Оның әрбір бабы адамның тағдырына, қоғамның ертеңіне әсер ететін салмақты шешім. 2026 жылғы 15 ­наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған. Ал осы құқықтарды қорғаудың ең маңызды тетіктерінің бірі – сот.
Жаңа Негізгі заңның сот жүйесіне қатысты нормалары қандай өзгеріс алып келді? Судьяның тәуелсіздігі деген ұғым қарапайым азаматтың өміріне қалай әсер етеді? Заң мен тәртіптің ара салмағы қандай болуы керек? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, Шиелі ауданының соты Дархан Исабекпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Дархан Қыдырбекұлы, ­Конституцияда сот билігі адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін жүзеге асырылатыны нақты жазылған. Бірақ қарапайым азамат үшін бұл әдемі сөз болып қалмайтынына қандай кепіл бар?
– Конституциядағы норма – жай декларация емес, сот қызметінің негізгі құқықтық өлшемі. Жаңа Конституцияның 77-бабында сот билігінің мақсаты адамның, азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау екені бекітілген. Демек соттың жұмысы тек дауды шешу немесе үкім шығарумен шектелмейді. Оның түпкі мәні – құқық бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру.
Сотқа келген адамның артында қағаздағы істен бұрын тағдыр тұрады. Біреу үшін бұл – ­баспанасы, баласының қамқорлығы, кәсібі немесе бостандығы болуы мүмкін. Сондықтан сот төрелігінің сапасын тек статистикамен өлшеуге болмайды. Оның шынайы бағасы – азамат сот залынан шыққанда өзінің құқығы әділ қаралғанына қаншалықты көз жеткізгенінен көрінеді.
– Осы орайда өзіңіздің жұмыс тәжірибеңіз бен еңбек өтіліңізді айта өтсеңіз?
– Адамның өмір жолы – ізденіс пен тәжірибеден, таңдау мен жауапкершіліктен тұратын үлкен мектеп. Менің де еңбек жолым бірден сот саласынан басталған жоқ. 1982 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Қандөз ауылында дүниеге келіп, балалық шағым мен білімге деген алғашқы құштарлығымды Шиелі ауданындағы №45 «Ақорда» мектеп-гимназиясында қалыптастырдым. Кейін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімінде қолданбалы математика мамандығын меңгердім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, 2003 жылы Кентау қаласындағы №12 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым.
Ұстаздық – адамды сабырға, жауапкершілікке және әр шәкірттің бойындағы мүмкіндікті тани білуге үйрететін қасиетті мамандық. Сол алғашқы еңбек тәжірибесі маған әр адамның өзіндік болмысы, түсінігі мен тағдыры бар екенін ұғындырды. Дегенмен, өмір мені басқа арнаға бұрды. Әскери борышымды өтегеннен кейін ішкі істер органдарына қызметке келіп, құқық қорғау саласында жаңа белеске қадам бастым.
2005 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып, айдауыл бөлімшесінде, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінде, учаскелік полиция қызметінде, әкімшілік және криминалдық полиция құрылымдарында еңбек еттім. Қызметтің әр бағытының өз қиындығы мен жауапкершілігі болды. Бірінде тәртіп пен қырағылық алдыңғы орынға шықса, енді бірінде оқиғаның ақ-қарасын ажыратып, адам әрекетінің астарына үңілу маңызды еді. Осы жылдар ішінде жинаған тәжірибем өмірге байыппен қарауды, дерекке сүйенуді және қандай жағдай болса да шешім қабылдауда асығыстыққа жол бермеуді үйретті.
Уақыт өте келе құқық саласындағы тәжірибемді сот төрелігімен ұштастыруды мақсат еттім. 2016–2017 жылдары Қызылорда облыстық сотында судьялыққа кандидат ретінде тағылымдамадан өтіп, сот жұмысының қыр-сырымен тереңірек таныстым. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білімімді жалғастырып, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша экономика және бизнес магистрі дәрежесін алдым.
2019 жылдың қазанынан 2024 жылдың ақпанына дейін Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының судьясы болып қызмет атқардым. Ал 2024 жылдың қазан айынан бері Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотында судьялық қызметімді жалғастырып келемін.
Мен үшін бұл жолдың әр кезеңі өз алдына бір мектеп болды. Ұстаздық адамды түсінуге үйретті, құқық қорғау саласы заң мен тәртіптің қадірін ұғындырды, ал судьялық қызмет сол білім мен тәжірибені әділ шешім қабылдауға жұмсауды талап етті. Өйткені сот мінберінде отырған адамның алдында жай ғана іс материалы жатпайды. Оның ар жағында біреудің үміті, бір отбасының алаңдаушылығы, кейде тұтас бір адамның келешегі тұрады.
Сондықтан судья болуды тек заң нормаларын қолдану деп түсінбеймін. Бұл – әрбір істің мән-жайына терең үңіліп, дәлелді таразылап, заңдылық пен әділдіктің арақатынасын дұрыс бағамдай білу. Меніңше, нағыз әділдік – асығыс үкім айтудан емес, ақиқатты байыппен іздеуден басталады. Осы ұстаным менің бүгінгі қызметіме бағыт беріп келеді.
– «Судья тәуелсіз» деген сөзді қоғам жиі естиді. Бірақ тәуелсіздік нақты неден басталады? Судья кімнен қорықпауы керек?
– Ең алдымен судья заңнан басқа ықпалға тәуелді болмауы керек. Жаңа Конституцияның 78-бабында судьяның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз екені және тек Конституция мен заңға бағынатыны бекітілген. Сот қызметіне араласуға жол берілмейді, ал нақты істер бойынша судья есеп бермейді. Бұл – судьяға берілген артықшылық емес, азаматтың әділ сотқа деген құқығын қамтамасыз ететін кепілдік.
Судья бір тараптың да, екінші тараптың да көңілінен шығуды мақсат етпеуі керек. Оның міндеті – заңды дұрыс қолдану. Өйткені судья біреудің ықпалынан қорықса, соттың тәуелсіздігі әлсірейді. Ал сот әлсіреген жерде азаматтың құқығы да әлсіз болады.
– Ал судьяның өзіне бақылау қажет емес пе? Тәуелсіздік шексіз еркіндікке айналып кетпей ме?
– Әрине, айналмауы керек. Тәуелсіздік жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, судьяға үлкен жауапкершілік жүктейді. Судьяның шешімі адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан оның әрбір шешімі заңға, дәлелге, сотта зерттелген мән-жайларға сүйенуі тиіс. Судьяның тәуелсіздігі – «қалағанымды істеймін» деген сөз емес. Ол – «ешкімнің ықпалына қарамай, заңға сәйкес шешім қабылдаймын» деген ұстаным.
– Жаңа Конституцияда соттардың адамның конституциялық құқықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік актілерді қолданбауы тиіс екені жазылған. Бұл қарапайым азамат үшін қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Конституцияның 79-бабы бойынша сот қолданылуы тиіс заң немесе нормативтік құқықтық акт адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұл – құқық қорғаудың маңызды конституциялық сүзгісі. Яғни сот тек дайын заңды механикалық түрде қолданатын орган емес. Егер белгілі бір норма Конституцияда бекітілген құқықтарға қайшы келуі мүмкін деген мәселе туындаса, оны Конституциялық Соттың қарауына шығарудың құқықтық тетігі бар. Мұның астарында үлкен қағида жатыр. Заң адамның құқығын қорғауы керек, ал адамның құқығын әлсірететін норма заңның жоғары тұрған өлшеміне – Конституцияға сай болуы тиіс.
– Конституциялық Сот пен жалпы соттардың айырмашылығын көпшілік әлі де толық түсіне бермейді. Азамат үшін олардың ара-жігі қандай?
– Жалпы соттар нақты дауларды қарайды. Мысалы, азамат пен азаматтың, азамат пен мемлекеттік органның, жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы дау немесе қылмыстық іс сотта қаралады.
Ал Конституциялық Соттың негізгі міндеті – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін қарау. Жаңа Конституция азаматтарға өздерінің құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарау үшін Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігін береді.
Бұл екі тетік бір-бірін толықтырады. Бірі – нақты дауды шешсе, екіншісі – сол даудың астарында тұрған құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін бағалай алады.
– Қоғамда «сотқа бару қиын», «соттасуға қарапайым адамның шамасы жетпейді» деген пікір бар. Жаңа Конституция бұл мәселені шеше ала ма?
– Конституцияның 12-бабында әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға, соның ішінде сот арқылы қорғауға құқығы бекітілген. Сонымен бірге білікті заң көмегін алу құқығы да танылады. Бірақ заңдағы құқық пен оны іс жүзінде пайдалану – екі түрлі мәселе. Сондықтан сот төрелігі халыққа түсінікті, қолжетімді әрі ашық болуы маңызды.
Азамат сотқа келгенде заң терминдерінің арасында адасып қалмауы керек. Соттың міндеті – күрделі құқықтық процесті заң талаптарына сай жүргізе отырып, тараптардың өз құқықтарын қорғауына мүмкіндік беру.
– Сот шешіміне көңілі толмаған азамат не істеуі керек? Әділдікке жетудің жолы бір сот залымен шектеле ме?
– Сот жүйесінде шешімдерді қайта қараудың заңда белгіленген тетіктері бар. Оның әрқайсысының өз тәртібі мен негіздері белгіленеді. Сондықтан сот актісіне келіспеген адам эмоцияға берілмей, заңда көзделген шағымдану мүмкіндіктерін пайдалануы керек.
Бұл жерде тағы бір маңызды нәрсе бар: сот шешімінің азаматтың қалағанындай шықпауы оның міндетті түрде әділетсіз болғанын білдірмейді. Соттың міндеті – бір тарапты қуанту емес, заңды қолдану арқылы істің мән-жайына құқықтық баға беру.
– Бірақ халық соттан тек заңды емес, әділдікті күтеді. Заң мен әділдік бір-біріне қайшы келіп қалатын жағдай бола ма?
– Шын мәніндегі құқықтық мемлекетте заң мен әділдік бір-біріне қарсы қойылмауы тиіс. Заңның өзі әділеттілік қағидаттарына негізделуі керек, ал сот сол заңды дұрыс әрі біркелкі қолдануға міндетті. Сот үшін әділдік – эмоция емес. Ол дәлел, заң және процессуалдық тәртіп арқылы орнығады. Біреуге жаны ашығандықтан немесе қоғамның қысымына байланысты шешім қабылдау – әділдік емес. Кейде қоғам бір істің сыртқы көрінісіне қарап баға береді. Ал сот істің барлық дәлелін зерттеуге міндетті. Сондықтан сот шешімі әлеуметтік желідегі пікірге емес, заң мен дәлелге сүйенуі керек.
– Әлеуметтік желі демекші, бүгінде сот шешімі шықпай жатып, қоғамда айыптау немесе ақтау үкімі шығарылып қояды. Бұл сотқа қысым емес пе?
– Бұл – қазіргі қоғамдағы күрделі мәселенің бірі. Ақпараттың жылдам тарауы – бір жағынан ашықтықтың көрінісі. Бірақ екінші жағынан, толық зерттелмеген ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырып жіберуі мүмкін. Сот нақты істі заңда белгіленген тәртіппен қарайды. Сондықтан кез келген адам соттың орнына үкім шығарудан сақ болуы керек. «Кінәлі» немесе «кінәсіз» деген құқықтық бағаны сот қана заңда белгіленген рәсім арқылы береді. Сотқа сенім – сот шешімінің барлығы жұрттың көңілінен шығуынан емес, шешімнің заңға негізделуінен қалыптасады.
– Дархан Қыдырбекұлы, өз тәжірибеңізде үкім шығаруға қиналған кез болды ма? Қандай іс сотта жиі қаралады?
– Судья үшін әрбір істің өзіндік салмағы бар. Өйткені сотта қаралатын әрбір істің артында адам тағдыры, отбасының болашағы тұрады. Мен үшін кез келген шешім қабылдау оңай болған емес. Әсіресе, отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты істерде жауапкершіліктің жүгі ауыр. Кейде ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілік пен ашу үстінде жазылған арыздың салдары бір адаммен шектелмей, тұтас отбасына әсер ететінін ойлай бермейді.
Мәселен, отбасының асыраушысы болып отырған азамат заң алдында жауапқа тартылып, соттылығы болса, жұмысынан айырылуы мүмкін. Тіпті оның салқыны бала-шағасына да тиеді. Ертең баласы жұмысқа орналасар кезде әкесінің соттылығына байланысты қиындықтарға тап болады. Сондықтан мұндай істерді қарағанда, тек болған оқиғаға ғана емес, оның салдарына да мән беремін. Әрине, бұл заң талаптарын елемеу немесе құқық бұзушылыққа көз жұму деген сөз емес. Керісінше, әрбір істің мән-жайын жан-жақты зерттеп, дәлелдерді мұқият саралап, заң шеңберінде әділ шешім қабылдау қажет.
Сотта ең көп қаралатын іс тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қасақана зиян келтіру, ұрып-соғуға қатысты даулар. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1-баптарында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғуға қатысты жауаптылық көзделген. Мұндай істерде заңдылық пен әділдік басты орында тұруы тиіс. Себебі сот шешімі тек бүгінгі күнге ғана емес, адамның ертеңгі өміріне де ықпал етеді. Мен үшін ең маңыздысы – заң аясында әділдікті қамтамасыз етіп, әрбір істің ақ-қарасын ажырату.
– Жаңа Конституцияда сот билігіне қатысты нормалар күшейтілді. Енді халық соттан нені көбірек күтуі керек?
– Бірінші кезекте – заңдылықты. Екіншіден – бейтараптықты. Үшіншіден – сот шешімдерінің уәжді әрі түсінікті болуын. Соттың күші – оның билігінде емес, оның әділдігіне деген қоғамдық сенімде. Егер азамат сот залында өзінің дауысы естілгенін, дәлелі қаралғанын, қарсы тараппен тең мүмкіндік алғанын сезінсе, сотқа деген сенім де нығаяды.
– Соңғы сұрақ. Азамат сот табалдырығын аттағанда нені білуі керек?
– Ең бастысы – өзінің құқығын білуі керек. Сотқа келген адам өзінің талабын, дәлелін, қарсылығын заң шеңберінде жеткізуге құқылы екенін түсінуі қажет. Ал судья үшін әрбір іс – жай ғана кезекті материал емес. Оның артында адам тұр. Оның тағдыры, отбасы, абыройы, мүлкі, кейде еркіндігі тұр. Сондықтан сот залында ең үлкен күш – дауыс көтеруде емес, заңда. Ең үлкен қорған – таныста емес, құқықта.
Жаңа Конституцияның сот билігіне қатысты өзегі де осында. Негізгі заң сот билігінің мақсатын адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен байланыстырады, ал судьяға Конституция мен заңға ғана бағыну талабын қояды. Өйткені Конституцияның шынайы қуаты оның мәтінінде ғана емес, сол мәтіндегі құқықтың қарапайым адамның өмірінде қаншалықты қорғалатынында.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнәр Дүйсебай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

12 қазан 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031