Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘДІЛЕТТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ӘДІЛЕТТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Адам құқығы – мемлекеттің басты құндылығы. Конституцияда: «Ең қымбат қазына – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Осы қағиданы жүзеге асыру үшін елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді.
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Ұзақұлы Байхожаев тұрғындарды қабылдап, олар көтерген мәселелерге тиісті құқықтық кеңестер беріліп, кейбірі бойынша нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Бұл институттың маңызы зор. Өйткені уәкіл – халықтың сөзін сөйлейтін, бұзылған құқықты қалпына келтіруге ықпал ететін тәуелсіз тұлға. Ол мемлекеттік органдарға бағынбайды, керісінше, заңды жетілдіруге ұсыныс береді, азаматтардың мүддесін қорғайды.
Өтініш беру жолдары да қолжетімді: «е-otinish» порталы, пошта немесе тікелей қабылдау. Биылғы жылдың алты айында Уәкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түсіп, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Демек, халық Омбудсменді шын мәніндегі әділеттің бір тетігі ретінде қабылдап отыр.
Қызылорда облысындағы өкілдік 2025 жылдың ақпанынан бастап жұмыс істеп келеді. Жарты жыл ішінде 80-нен астам жазбаша өтініш қаралып, ондағы заңбұзушылықтардың біразы оң шешімін тапты. Тәртіп бұзған қызметкерлерге ескерту жасалып, айыппұлдар салынды. Әлеуметтік мекемелерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 127 ұсыным беріліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау жөнінде нақты шаралар қабылданды.
Берікбол Ұзақұлының айтуынша:
– Адамның құқығын қорғау – тек заңгердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе ауылдағы ағайынның мәселесіне жедел көңіл бөлу – біздің басты назарымызда, – деді ол.
Құқығы қорғалған қоғам – сенімі биік халық. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын білуге, қажет болған жағдайда Уәкілге жүгінуге тиіс.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 33 0

Қоғам

ӘДІЛЕТТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 34

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (9333)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930