ОЛАР ЕЛ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Шиелі ауданы әкімдігінің аппарат басшысы, Шиелі ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Ғ.Күлбаев ағымдағы жылдың жарты жылдығында атқарылған жұмыстар туралы брифинг өткізді.
– Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда кадр саясатының өзекті мәселелерінің бірі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау болып отыр, – деп бастады баяндамасын Ғ.Күлбаев.
Одан әрі ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілгені, осыған сәйкес аудан әкімінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы №321 өкімімен Шиелі ауданы әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдар бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары өзіне жүктелгенін айтты.
Айта кетейік, Әдеп жөніндегі уәкілдің құзыретіне мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосу, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзу профилактикасын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беру, сонымен қатар, мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу қызметтері жатады.
Қазіргі таңда, ауданда 193 мемлекеттік қызметкер бар. Тарқатып айтар болсақ, аудан әкімі аппаратында – 23, кент әкімі аппаратында – 14, ауылдық округ әкімі аппараттарында – 104, дербес бөлімдерде – 59 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Олардың – 81-і әйел, 7-еуі жоғары лауазымды, 1-еуі аудандық дербес бөлім басшысы, 2-еуі аудан әкімі аппаратындағы бөлім басшылары, 4-еуі дербес бөлімдердегі сектор меңгерушілері болып қызмет атқарады.
– Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 10 мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан, 24 қызметкер біліктілік арттырудан өткен. Шиелі ауданы әкімдігі бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында 6 конкурс жарияланып, 4 үміткер жұмысқа қабылданды. Бүгінгі таңда, Шиелі ауданының әкімдігі бойынша 9 бос орын бар, оның 7-еуі штаттық бірлігі нақты, ал 2-еуі уақытша бос орын. Сонымен қатар, 2021 жылға мемлекеттік қызмет көрсеткіштерін жақсарту жөнінде 21 іс-шара өткізілген, «Мемлекеттік корпорациямен» бірігіп 6 семинар сабақ ұйымдастырылды. Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Шиелі аудандық бөлімімен бірлесіп «Электронды үкімет» веб порталынан қызмет алуды насихаттау бойынша, «Telegram-Bot», «Egov mobile» қосымшалары бағытымен қызмет алуды үйрету мақсатында 2021 жылы 14 рет іс-шара өткізіліп, 4893 адам қамтылған.
Елімізде жарияланған төтенше жағдай режиміне байланысты барлық іс-шаралар мен жиындар кейінге қалдырылуына байланысты «Ақмешіт –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 2021 жылға арналған жоспары қайта бекітіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналғандықтан халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында аудан бойынша барлық мекемелерде «Оpen space» форматы қолданысқа енгізілген. Сондай-ақ, мемлекет басшысының халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты дамыту, жұмыс ашықтығын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес Шиелі ауданы әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы да қалыптасқан, – дейді аппарат басшысы.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында аудандық «Өскен Өңір» және аймақтық «Шарайна Сейхун» газеттеріне 2020 жыл бойынша 38 мақала жарияланса, жыл басынан бері 15 мақала жарияланды. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің shieli.gov.kz веб-сайтында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бөлімі тұрақты түрде жұмыс жасайды. Жыл басынан бері аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстары 2 рет өткізілді. Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен кент және ауылдық округі әкімі аппараттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстары, өткізілген іс-шаралары жөніндегі мәліметтер баршаға қолжетімді үлгіде қазақша, орысша екі тілде тоқсан сайын орналастырылып, ақпараттар жаңартылып отырады.
Ақбота БАЯНБАЙ