Адвокатураның Конституциядан орын алуы – тарихи құқықтық қадам
1 шілде – Жаңа Конституцияның күшіне енген күн. Мен үшін, менің мамандығым бойынша қуанарлық жағдай адвокатура институты Жаңа Конституцияға енуімен ерекшеленеді, яғни құқықтық мемлекеттің жаңа белесінің орын алуы. Қазақстанның жаңа Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған тарихи құжат.Алғаш рет адвокатура институтына жеке конституциялық баптың арналуы – тек заң саласы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды құқықтық жаңалық болып отыр. Бұған дейін адвокатураның мәртебесі салалық заңдармен реттелсе, енді ол мемлекеттің негізгі заңында дербес құқықтық институт ретінде бекітілуде.
Адвокат – жай ғана соттағы қорғаушы емес. Ол – азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі, заң үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз құқықтық институттың өкілі. Сондықтан адвокатураның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту – құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайтатын маңызды қадам.
Қазіргі қоғамда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуы бұрынғыдан да өзекті. Даулы мәселелердің басым бөлігі заң аясында шешіледі. Осындай жағдайда азаматтың сапалы әрі тәуелсіз заң көмегіне қол жеткізуі әділ сот төрелігінің басты кепілі болып саналады.
Мен бұл өзгерісті адвокат ретінде де, халықтың сенім білдірген депутаты ретінде де оң бағалаймын. Себебі күнделікті қызмет барысында азаматтардың құқықтық көмекке мұқтаж екенін, олардың заң алдындағы қорғалу деңгейі көбіне кәсіби әрі тәуелсіз адвокаттың жұмысына байланысты екенін жақсы білемін. Сондықтан адвокатураның конституциялық мәртебесі – ең алдымен қарапайым азаматтың мүддесіне қызмет ететін өзгеріс.
Адвокаттың тәуелсіздігі – әділ соттың негізі. Егер қорғаушы ешқандай қысымсыз, тек заң мен кәсіби ар-ожданын басшылыққа алып әрекет етсе ғана, сот процесінде тараптардың теңдігі қамтамасыз етіледі. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты талаптарының бірі.
Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен заң үстемдігін басты құндылық ретінде айқындайды. Осындай жүйеде адвокатура институтының конституциялық деңгейде танылуы халықаралық құқықтық тәжірибеге де сәйкес келеді. Бұл еліміздің құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың мемлекетке және сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Ел Президенті бастаған конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Адвокатура институтының Конституциядан орын алуы – осы мақсатқа қол жеткізудің маңызды кепілі.
Заңгер ретінде мен бұл норманың қабылдануы адвокаттардың мәртебесін көтеру үшін емес, ең алдымен әрбір азаматтың құқығын қорғауды күшейту үшін қажет екенін ерекше атап өткім келеді. Өйткені күшті адвокатура – күшті азаматтық қоғамның белгісі. Ал азаматтың құқығы қорғалған жерде ғана әділетті мемлекет орнығады.
Сондықтан жаңа Конституциядағы адвокатура институтының бекітілуін Қазақстанның құқықтық дамуындағы маңызды тарихи кезең деп бағалаймын. Бұл өзгеріс заң үстемдігін нығайтып қана қоймай, азаматтардың құқықтық қорғалуын жаңа деңгейге көтеретін, әділетті әрі құқықтық Қазақстанды қалыптастыруға қызмет ететін маңызды конституциялық шешім деп есептеймін.
Қанат Жүсіпов,
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы,
Шиелі аудандық заң кеңсесінің менгерушісі, Шиелі аудандық мәслихат депутаты
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы,
Шиелі аудандық заң кеңсесінің менгерушісі, Шиелі аудандық мәслихат депутаты







