Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет дамуының жаңа парағы

Мемлекет дамуының жаңа парағы

Тарихта халықтың тағдырын өзгертетін күндер болады. Ондай сәттер уақыттың ғана емес, тұтас ұлттың жаңа белеске көтерілгенін айшықтайды. Биылғы 1 шілде – Қазақстан үшін дәл сондай тарихи күн. Осы күннен бастап елдің жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енеді. Бұл – тек құқықтық құжаттың қолданысқа енгізілуі емес, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жасалған сенімді қадам.
Конституция – мемлекеттің тірегі, қоғамның темірқазығы. Ол елдің саяси жүйесін айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын басты кепіл. Сондықтан Ата Заңның жаңаруы – уақыт талабына сай жаңарған қоғамның да айқын көрінісі.
Жаңа Конституция жалпыхалықтық референдумда қабылданып, ел азаматтарының ерік-жігерін айшықтады. Бұл – халықтың өз болашағына бейжай қарамайтынын, мемлекет тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарайтынын көрсеткен маңызды тарихи шешім.
Ата Заңға қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Еліміздің барша халқына Ата Заңымыз құтты болсын!» – деп атап өтті. Президенттің бұл сөзі жаңа Ата Заңның басты ерекшелігін де аңғартады. Өйткені ол – халықтың қолдауымен қабылданған, елдің ертеңіне бағытталған заң.
Жаңа Конституция әділетті мемлекет құру қағидатын жаңа мазмұнмен толықтырады. Онда адам құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері басты орын алады. Бұл қағидалар Қазақстанның алдағы даму бағдарының берік негізіне айналмақ. Заң үстемдік құрған елде әділдік салтанат құрады. Әділдік орныққан қоғамда сенім қалыптасады. Ал сенім бар жерде тұрақтылық пен даму қатар жүреді.
Сондықтан Конституция – құқықтық құжат қана емес, елдің ертеңіне деген сенімнің символы.
Бабаларымыз азаттықты аңсап өтті. Сол аңсардың жемісі – Тәуелсіз Қазақстан. Енді сол тәуелсіздіктің баянды болуы жаңа Конституцияның өміршеңдігімен, оны құрметтеп, талаптарын бұлжытпай орындаумен өлшенеді. Ата Заңға құрмет – мемлекетке құрмет. Заңға бағыну – ел болашағына деген жауапкершілік.
1 шілде – күнтізбедегі кезекті күн ғана емес. Бұл – жаңарған Қазақстанның жаңа құқықтық кеңістікке қадам басқан тарихи белесі. Жаңа Конституцияның басты мұраты – мемлекетті нығайтып, азаматтың құқығын қорғап, елдің бірлігі мен болашағын баянды ету.
Ата Заңның рухы асқақ, қағидалары берік болған елдің іргесі де мығым болады. Ендеше, жаңа Конституция әрбір қазақстандықтың жүрегінде әділдікке деген сенімді арттырып, елдің еңсесін биіктетер тарихи құжат болып қала бермек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 маусым 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930