Ұрпаққа жол сілтеген ұлағат иелері
Сейсенбі күні білім саласының үздіктері мен ардагер-ұстаздарға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында ұстаз еңбегінің маңызы айтылып, бірқатар сала мамандары марапатталды.Ұстаз – ұрпаққа білім берумен қатар, оның бойына адамгершілік пен ізгіліктің дәнін себетін, ел болашағының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын тұлға. Сондықтан қашанда ұстазға деген құрмет – биік, ұстаз еңбегіне деген баға – ерекше. Осы орайда Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы ұстаздардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие берудегі еңбектерін атап өтті. Ұстаздардың қажырлы қызметінің нәтижесі шәкірт жетістіктерінен көрінетінін айтып, сала мамандарына толағай табыс пен отбасыларына амандық тіледі.
Ауданда білім беру саласын дамыту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстардың бір көрсеткіші – биылғы ҰБТ қорытындысы. Аудан оқушылары орташа 84 балл көрсетіп, облыс көлемінде үздік нәтижелер қатарынан үшінші орынға ие болды.
Мерекелік шарада білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар мен ардагер педагогтер облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» иеленді. Сонымен қатар облыстық және аудандық білім саласы кәсіподақ комитетінің марапаттары да өз иелеріне табысталды.
Ұстаздық жолды өмірінің мәніне айналдырып, талай шәкірттің қанатын қатайтқан ардагерлер де мерекелік жиында ерекше құрметке бөленді. Биыл мерейлі жасқа толған білім саласының ардагерлеріне ізгі тілектер айтылып, олардың ел болашағына сіңірген еңбегі еленді. Салтанатты шара барысында ұстаздарға арналған жылы лебіздер айтылып, білім саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік көңіл-күй аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Ұстаз еңбегі – ұрпаққа қалдырған ең асыл мұраның бірі. Бүгінгі шәкірттің жетістігі – кешегі ұстаздың маңдай тері мен жүрек жылуының жемісі. Сондықтан ұлағатты ұстазға көрсетілген құрмет – келер ұрпаққа жасалған тағылым.
Г.ЯХИЯ,
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ








