Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтынды іздеу – заңды кәсіпке айнала ма?

Алтынды іздеу – заңды кәсіпке айнала ма?

Қазақстанда алтын іздеуді заңдастыру мәселесі соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану тақырыбын ғана емес, ауылдағы еңбек, көлеңкелі экономиканы қысқарту және табиғатты қорғау мәселелерін де қатар қозғайтын түйінді мәселеге айналды. Әсіресе алтынның ұсақ шашылымдарын қол еңбегімен іздеп, нәпақасын айырып жүрген азаматтар үшін заңды жұмыс істеуге мүмкіндік тудырар еді. Яғни бұл тәсіл «заңсыздықпен күрес» ұғымын жазалау шеңберінен шығарып, экономикалық мүмкіндікке айналдырудың бір жолы. Қазақстан заңнамасында мұндай мүмкіндік негізінен бұрыннан бар. Ол – кен іздеушілік лицензиясы. Қолданыстағы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске сәйкес, кен іздеушілікпен Қазақстан Республикасының азаматтары ғана айналыса алады, ал лицензия белгілі бір шашылымды кен орындарында немесе техногендік нысандарда алтын өндіруге құқық береді.
Бұл мәселенің Қызылорда облысына да қатысы бар. Шиелі ауданында алтын бар екені жай болжам емес, геологиялық деректермен расталған. Бұған дейінгі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған «Кен іздеушілік үшін аумақтарды айқындау туралы» құжатта Шиелі ауданындағы Сарытас кен орны кен іздеушілікке арналған аумақтардың қатарында көрсетіліп, онда жүргізілген сынамалардан алтын анықталғаны жазылған. Құжаттағы мәлімет бойынша, алтын аллювий қабатында шашыраңқы түрде кездеседі, ал жоғары концентрациялы қабаттардың қуаты бір метрден аспайды.
Биыл бұл мәселе тіпті құқық қорғау органдарының назарын аударған оқиғамен қайта күн тәртібіне шықты. Қаржылық мониторинг агенттігі Шиелі ауданындағы Жаманкөл шатқалында табиғи алтынның заңсыз өндірілгенін хабарлады. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ алтын өндіру жұмысын ұйымдастырып, тасымалдау мен өткізуді жолға қойған, нәтижесінде 500 грамнан астам алтын шикізаты тәркіленген.
Мұнда бір маңызды айырмашылықты ажыратып алған жөн. Заңдастыру дегеніміз – кім көрінгеннің кез келген жерді қазып, алтынды өз бетінше өндіруіне рұқсат беру емес. Керісінше, мемлекет нақты аумақты белгілеп, оған лицензия беріп, өндіріс көлемін, қолданылатын техниканы, экологиялық талаптарды және алынған пайдалы қазбаның есебін бақылауға алады. Қазіргі тәртіп бойынша кен іздеушілік лицензиясына өтініш облыстың жергілікті атқарушы органына беріледі. Лицензия тек жеке тұлғаға, яғни Қазақстан азаматына беріледі. Оны басқа адамға сатуға, беруге немесе кепілге қоюға болмайды.
Заңның тағы бір маңызды шегі бар. Кен іздеушілік кез келген аумақта жүргізіле бермейді. Лицензияланатын аумақтар жергілікті атқарушы органдармен тиісті мемлекеттік органдардың келісуі арқылы айқындалады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, елді мекендер және заңда көрсетілген бірқатар басқа жерлер мұндай мақсатқа берілмейді. Жеке тұлғаға немесе басқа жер пайдаланушыға тиесілі жерде кен іздеу үшін олардың келісімі қажет.
Заңдастырудың мәні де осында. Егер азаматтың алдында «жасырын жұмыс істеу немесе мүлдем жұмыс істемеу» деген екі-ақ таңдау тұрса, көлеңкелі экономиканың тамыры тереңдей береді. Ал мемлекет «мына аумақта, мына шартпен, мына көлемге дейін жұмыс істей аласың» деп нақты ереже ұсынса, алтын іздеуші де өз еңбегін заңды арнаға бұра алады. Мұндай тетік бұған дейін де мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз алтын өндірумен айналысатын адамдарды құқықтық алаңға шығарудың жолы ретінде түсіндірілген.
Осы орайда Түркістан-Қызылорда өңіралық Заң консультанттар палатасының заң консультанты Ғалымжан Баетовпен тілдескен болатынбыз. «Әрине, заңдастырудың тағы бір тұсы – жауапкершілік. Қолданыстағы тәртіп бойынша шашылымды алтын өндірудің жылдық шегі 50 килограмнан аспауға тиіс. Қолданылатын техника да шектеулі: шағын қуатты экскаватор немесе бульдозер, белгілі бір жүк көтерімділіктегі көлік пен бұрғылау жабдығына ғана рұқсат қарастырылған. Өзендер мен су айдындарының жағалауы мен түбін бұзуға, су нысандарында механикаландырылған техниканы пайдалануға, химиялық реагенттер мен жарылғыш заттарды қолдануға болмайды», – деді заңгер.
Бұл талаптардың артында жай ғана қағаздағы тыйым емес, нақты экологиялық қауіп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстандағы заңсыз алтын өндірісіне қатысты істер соның ащы мысалы. Құқық қорғау органдары кейбір заңсыз өндірушілердің өзен арнасын өзгертіп, ауыр техниканы пайдаланғанын, соның салдарынан жүздеген миллион теңге көлемінде экологиялық залал келгенін хабарлағаны естеріңізде болар. Бір іс бойынша 15 килограмм заңсыз алтын өндіріліп, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 766 миллион теңге деп бағаланған еді.
Сондықтан мамандар мен мемлекеттік органдардың көзқарасында заңдастырудың негізгі шарты – «алтынды заңдастыру» емес, алтын іздеу еңбегін заңдастыру болуы керек. Геологиялық тұрғыдан алтын бар аумақтың болуы оның кез келген жерінде өндіріс жүргізуге болады деген сөз емес. Алдымен қор мен оның орналасуы нақтыланып, жердің экологиялық ерекшелігі зерттеліп, өндіріс тәсілі белгіленуі тиіс. Бұған қоса, кен іздеуші жұмысты аяқтаған соң жерді қалпына келтіру міндетін де орындауы қажет. Заңнамада осы міндеттің орындалуын қамтамасыз ететін қаржылық кепілдік тетігі қарастырылған.
Шиелідегі Жаманкөл оқиғасы осы мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр. Бір жағында – жер қойнауында жатқан табиғи байлық, екінші жағында – сол байлықты игергісі келетін жергілікті халық, үшінші жағында – мемлекеттің экономикалық және экологиялық мүддесі бар. Осы үшеуінің арасына заң қойылмаса, алтын халыққа табыс әкелетін мүмкіндік емес, көлеңкелі нарық пен қылмыстық тәуекелдің көзіне айналады. Ал заңды әрі түсінікті рәсім жасалса, кеше ғана жасырын қазылған алтын бүгін салық төлейтін, есеп беретін, бақылаудағы кәсіпке айналуы мүмкін.
Сарытаста алтынның барын геологиялық деректер көрсетіп отыр. Жаманкөлдегі оқиға оның тек қағаздағы дерек емес екенін тағы аңғартты. Ендеше мәселе «Шиеліде алтын бар ма?» деген сұрақта емес. Ендігі сауал – сол алтыннан кім, қалай және қандай заңды тәртіппен пайда көреді дегенде. Мемлекет үшін ең тиімді жол – азаматты жер астындағы байлықтан аластату емес, оның еңбегін ашық экономикаға енгізу. Бірақ бұл ретте табиғатты құрбан етуге болмайды. Алтынның жылтыры уақытша, ал бүлінген жердің жарасы ұзаққа қалады.
Сондықтан кен іздеушілікті заңдастыруды жай ғана лицензия беру науқаны ретінде емес, ауылдағы шағын кәсіпті қолдау, көлеңкелі айналымды азайту, геологиялық әлеуетті тиімді пайдалану және табиғи ортаны қорғауды бір арнаға тоғыстыратын мемлекеттік саясат ретінде қарастырған жөн. Заңды жолдың артықшылығы да осында. Алтын жер қойнауында, еңбек көлеңкеде қалмайды, ал мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік нақты ережеге сүйенеді.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
06 қазан 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031