Елімізде 8 мыңнан астам кен орны бар
Еліміз жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы бойынша 104 мемлекеттің ішінде 73-орыннан 24-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш Фрейзер институтының әлемдік рейтингісінде анықталған. Бұл туралы бүгін Геологтар күнін мерекелеуге байланысты өткен жиында айтылды. Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік балансқа тіркелген 8 мыңнан астам кен орны бар. Бүгінде еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында бірқатар шара қолға алынып отыр. Оның ішінде барлау жұмыстарының қызметі жандана бастаған. Бұл тұста сала мамандары әлемдік тәжірибеге сүйенеміз деп отыр. Сонымен қатар геологиялық барлауға берілетін лицензияны бар-жоғы 10 күнде алуға мүмкіндік туған. Ақбатыр Надырбаев, ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы: - Мемлекеттік баланс тіркеуіндегі қор 8 мыңнан асады. Оның ішінде жерасты суы қоры 3 мыңнан асады. Мына қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутегінің арасын алатын болсақ, 250-ден асып кетті. Ал қалғаны қатты пайдалы қазбаларға тиесілі болады. Ал енді геологиялық зерделеу жұмыстары екі тұрғыда: біріншісі – мемлекеттік қаржыдан, екіншісі – жеке тұлғалардың кен байытуға байланысты инвестиция салуына байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тимур Тоқтабаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары: - Әлемдік тәжірибеге негізделген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс бекітілген болатын. Онда геологиялық барлауға берілетін лицензия жеңілдеді. Бұрынғыдай айлап емес, 10 күнде тиісті құжатқа қол жеткізуге болады. Қазір инвестициялық тартымдылықтың тамырына қан жүгірту мақсатында шетелдік инвесторларды тарттып жатырмыз.
24.kz