Ізденістен іргелі іске
Бакалаврдың бір дипломы – бір ғұмырға жетеді деген уақыт артта қалып барады. Қазіргі ұстаз үнемі ізденуі, жаңаруы, үйренуі және үйретуі керек. Себебі бүгінгі мұғалім ертеңгі шахтерге де, ғалымға да, инженерге де, дәрігерге де білім береді.Себебі заман тым жылдам өзгеріп жатыр. Кеше ғана жаңалық болған технология бүгін қалыпты құралға айналуда. Жасанды интеллект, цифрлық технология, халықаралық білім беру тәжірибесі, үштілділік, зерттеушілік бағыт – мұның бәрі бүгінгі мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осындай кезеңде мұғалімнің де өз білімін үздіксіз жетілдіруі – заман талабы.
Осы талап үдесінен шығып жүрген жас мамандардың бірі – Қызылқайың ауылындағы №151 негізгі мектебінің биология және химия пәндерінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Айғаным Әлтаева.
«Биология пәні мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алған жас маман кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімін жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруі оның халықаралық білім кеңістігіне еркін енуіне мүмкіндік берді. Студенттік кезеңнен бастап білім көкжиегін кеңейтуге ұмтылған Айғаным академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польшадағы Rzeszow University қабырғасында білім алып, еуропалық білім беру тәжірибесімен танысты. Ал магистрлік зерттеуі аясында Түркияның Gazi University университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Әлемнің әр түкпіріндегі білім беру тәжірибесімен танысып, халықаралық ортада тәжірибе жинаған жас маманның таңдауы – ауыл мектебі. «Бұл таңдауымның мақсаты ауыл баласының мүмкіндігі қала баласынан кем болмауы керек» дейді Айғаным. Үш жылдан бері ауыл мектебінде еңбек етіп келе жатқан мұғалім үшін ұстаздықтың мәні тек сабақ түсіндірумен шектелмейді. Сабақтарында тәжірибелік жұмыстарға, зерттеу элементтеріне, заманауи оқыту әдістеріне басымдық береді.
Жас ұстаздың кәсіби ізденісінің тағы бір нәтижесі – республикалық деңгейдегі белсенділігі. Биыл тамыз айында Астана қаласында өткен педагогтердің республикалық «Auyl Bilim Talks» тәжірибе алмасу форумында Айғаным Бауыржанқызы спикер ретінде сөз сөйледі. Ауыл білімінің мәселелері мен мүмкіндіктері талқыланған маңызды алаңда ол ауыл балаларының білім беру саласындағы әлеуетін арттыру, олардың мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы өз тәжірибесін ортаға салды. Рухани ізденісі мен еңбегінің нәтижесінде жас ұстаз Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызының Алғыс хатымен марапатталды.
Бәлкім, бүгін №151 мектептің қарапайым сыныбында отырған оқушылардың арасынан ертең үлкен ғылыми жаңалық ашатын ғалым, ел экономикасына үлес қосатын инженер, өндірісті дамытатын білікті маман шығатын шығар. Ал сол баланың алғашқы қадамына бағыт берген ұстаздардың бірі – Айғаным Әлтаева болуы мүмкін.
Гүлхан ЯХИЯ







