Жасанды интеллект бойынша KazLLM моделі әзірленді

Аталған министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше KazLLM-ге қажетті қазақ тіліндегі корпусты әзірлеуге атсалысқан еліміздің 26 жетекші институттарының, жоғары оқу орындарының 140-тан аса ғалымдары мен қызметкерлері экономика, қаржыландыру, математика, тарих, биология, химия, медицина, технология және тағы да басқа 115 сала бойынша үлкен көлемдегі деректерді дайындаумен айналысқан. Мәселен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия, этика, PR, астрономия, астрофизика, ақпараттық технология салалары бойынша деректерді дайындаумен, Математика және математикалық модельдеу институты математика саласы бойынша, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарих саласы бойынша, медициналық университеттер медицина саласы бойынша деректерді дайындаған. Ғылым және жоғары білім мекемелерімен бұл ынтымақтастық модельдің сапалы әрі тиімді әзірленуін қамтамасыз ететін қазақ тіліндегі бірегей контенттің құрылуына ықпал еткен.
Бүгінгі күні KazLLM-нің ашық бастапқы коды бар нұсқасы https://huggingface.co/issai платформасында қолжетімді. Цифрлық инфрақұрылымның маңызды бөлігі болып табылатын аталған модель коммерциялық емес ғылыми және академиялық мақсаттарда, сондай-ақ чат-боттар, виртуалды көмекшілер, Google Translate-ке ұқсас автоматты аудармашыларды әзірлеуде қолданылатын болады.