Қарты бар үйдің құты бар
Қазақ даналығында «Есік алды төбе болса, ерттеп қойған атпен тең. Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «Қарты бардың – қазынасы бар», «Қарты бар үйдің құты бар» деген ардақты ардагерлерге, құрметті қарттарға арналған ұлағатты сөздерді естігенде іштей елжірейтініміз рас.Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ұлттық құндылықтардың тізімінен түскен емес. Біреудің алажібін аттамайтын, дос түгілі дұшпанына да кек сақтамайтын, кісінің бетіне жел болып тимейтін, жағымпаздықты, жандайшаптықты сүймейтін, жарын, ұл-қыздарын, келіндерін тәртіпті болыңдар деп алға сүйрейтін, мақтауды онша жақтырмайтын, ақыл сұрауға іздесең таптырмайтын қарттарымыз ауданда жетерлік. Қиындықтан қашпаған, ыза жерді баспаған, қарсыласын жылы сөзімен үндетпей тастаған белсенді ардагерлеріміз де ортамызда жүр. Олар «Эх, дүние, дүние... уақытша болғаның үшін әлхамдулилла, Құдайға шүкір» деп отырады. Қазақстан ардагерлерінің республикалық ұйымы 1987 жылы 21 наурызда құрылған. Содан бері қоғамдық бірлестік ретінде барлық облыс, аудан, ауылдық жер, мекемелерде ардагерлердің бастауыш ұйымы жұмыс істеп келеді. Ардагерлер елдің ынтымағы мен бірлігінің ұйытқысы болуда.
Қарттықты құрметтеу және үлгі тұту, олардың сіңірген еңбегін, мемлекеттің дамуына қосқан көптеген үлесін мойындау белгісі бойынша Қазақстанда жыл сайын «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» аталып өтеді. Елдегі әрбір жас ұрпақ үлкендердің даналығын, тәжірибесі мен қадір-қасиеттерін үлгі тұтады. Соғыс жылдары жауынгерлік ерлігімен олар бейбітшілікті қорғап, сақтап қалды. Сол үшін аштық пен қайғы-қасіретті бастан кешті.
Соғыстан кейінгі жылдары құлдыраған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, өз еңбектерімен экономиканың дамуына зор үлестерін қосты. Мемлекет ардагерлер алдындағы борышын терең сезінді. Күнделікті қамқорлық пен қолдауды қажет ететін борыш бүгінде мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналып отырғаны белгілі.
Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясымен жарияланған. Қарттар күнін атап өтудің мақсаты – қариялардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, қарт адамдардың жеке және әлеуметтік қажеттіліктері, олардың қоғамның дамуына қосқан үлесін насихаттау, олардың ішкі әлеуеті мен абыройын қорғау үшін жағдай жасау.
Мерекені тойлауға республиканың барлық жерінде ардагерлерге қамқорлық білдіруге бағытталған іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлынан бастап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлмі мен кәсіпкерлік бөлімі, «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков, Нартай ауылының әкімі Ғалымжан Ықанов, Бәйгеқұм әкімі Дәулет Әбжаппаров, Алғабас, Ы.Жақаев, Ортақшыл ауылдарының төрағалары Жылқайдар Машрапұлы, Асқар Бердібаев, Сушар және аудандық денсаулық сақтау мекемесі ардагерлер кеңестерінің төрағалары Әлияр Сейітов пен Сейткамал Исламовтар ардагерлердің әлеуметтік жағдайына көмек беріп, қарттар күнін мерекелеуді назардан тыс қалдырмайды. Оларға материалдық көмек көрсетіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, мұражайларды, көрмелерді тегін аралау, саяхаттау, еңбек ұжымдарымен, жастармен кездесулер, ашық есік күндерін атап өтіп, сондай-ақ ардагерлерді тегін медициналық тексеруден өткізу іс-шаралары атқарылуда. Науқастанып қалған ардагерлердің көңілін сұрау да дағдымызға айналды. «Көңіл сұрау – науқас адамға өмір сұрау» демекші, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, алқа мүшелері Н.Елтай, Б.Күлімбет, Ә.Сейітовтер ауырып қалған ардагерлердің үйіне барып, хал-ахуалын біліп, әлеуметтік қамқарлық танытуда. Бүгінде ауданның 15 ардагері «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалін кеуделеріне тағып отыр. Қаншама ардагер Шиелі ауданының Құрметті азаматы атануда.
Аудан ардагерлері тазалық сақтауда, жасыл желекке айналдыруда да алдыңғы шепте келе жатыр. Аудан әкімінің ізгі бастамаларына үнемі қолдау білдіріп отырамыз. Белсенді ардагерлерім Киікбай Смайлов, Рахым Мауияұлы, Сейілбек Аманжолов, Аманжол Ермағанбетов, Тілеубек Бабасов, Тұрғанбай Шығанбаев, Нұрмахан Елтай, Болат Күлімбет, Насыр Мырзабеков, Әлияр Сейітов, Исабек Байкенжеев, Бекахмет Сақтағанов, Серікбай Берімбетов, Алмас Сармантаев, Ұлтай Сейілова, Айжамал Әбдіхамитқызы, Балтабай Қошқаров, Серік Бекманов, Бодыбай Құлахметовтер де қарттар күні жасарып, құлпырып жүре берсін деймін.
Алланың тарту еткен әр күні қуаныштардан тұрсын, қарттарымыздың әлеуметтік жағдайлары жақсара берсін. Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан ардагерлеріне өкінбес өмір, кіршіксіз көңіл, бағдарлы бақыт, шалқыған шаттық, шаңырақтарына ырыс-құт пен зор денсаулық тілеймін. Ардагерлеріміз аман, мерекеміз құтты болсын!
Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы








