ОҚИ АЛМАЙ ҚАЛСАҢЫЗ, ӘЛІ ДЕ КЕШ ЕМЕС
Аудандық «Өскен өңір» газетінің 12 қыркүйек күнгі №69 санында басылымның бас редакторы, талантты қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-журналист Нұрболат Сәдуақасұлының «Біздің басты капитал – білікті маман, еңбекқор адам» тақырыбында аудан әкімі Айтбай Насриддинұлымен жүргізген сырлы сұхбатын оқып, рахаттанып қалдым. Бұл сұхбат біраз жылдардағы сұхбаттардың төресі десек болғандай. Оқи алмай қалсаңыз, әлі де кеш емес.Соңғы жылдары Шиеліде өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік, әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарында ауқымды, нақты жобалар атқарылып келеді. Аудан әкімі елді мекендерді аралап, халықпен кездесулерінде айтқан ой-пікірлерін қысқа қайырып жүрсе, мына сұхбатта халық өмірімен біте қайнасып жатқанын аңғарамыз. 2025-2026 жылдардағы ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы, жеткен жетістіктер, айтылмай қалған мәселелер, сондай-ақ алдағы атқарар міндеттер әңгімеге арқау болған. Білімді, сауатты, жауапты бас редактор ұрымтал жиырма сұрақ қою арқылы бүкіл Шиелі ауданының тыныс-тіршілігін, ынтымақ-бірлігін, өсіп-өркендеп дамуын, тек алға баруын суреттеп берген. Шебер қойылған сұрақтарға әкім айбынды жауап беріп, шынайы ақиқат ақпаратқа, ми жетпес ағыл-тегіл сандарға қанығасыз.
Журалистер: «Тіземнен сүріндірсең сүріндір, тілімнен сүріндірме», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Көңіл – қазы, көз – таразы», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Ақыл – жас ұланнан, жүйрік – тай құнаннан» деп жатады. Ойы да, қаламы да ұшқыр Нұрболат Сәдуақасұлы да «Кісінің көзіне көзің түссе, мейірімі түседі» демекші, шабыт тізгінін қолға алғандай.
Ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар Ұлттық құрылтай, Конституциялық өзгерістер, жаңа Ата Заңның күшіне енуіне байланысты тарихи үдерістерден басталған сұхбат Шиелінің экономикалық бейнесін айқындап, ауданға тартылған инвестицияларға тоқталып, шағын және орта бизнесті қамтып, ауыл шаруашылығын шарлап, су тапшылығының маңызын шегелеп, жол тораптарын қозғап, газ, ауыз су, электр энергиясы аталып, тұрғын үй назарға алынып, әлеуметтік инфрақұрылымдар білім, мәдениет және дансаулық салалары, тазалық сенбіліктері, ауданға демеушілердің көмегі, кәріз жүйесінің жағдайы, қарқынды құрылыстар, халықты жұмыспен қамту, тарихи тұлғаларды еске алу, 2025 жылда болған жаңалықтар, аудан әкімін алаңдататын мәселелер айтыла келіп, ең соңында аудан әкіміне «Сіз халықтан не күтесіз?» дейді журналист.
– Мен халықтан бірлік пен жауапкершілкті күтемін, – деп жауап береді аудан басшысы. Осындай әсерлі, мазмұнды, тұжырымды, мәні мен сәні келіскен парасатты сұхбатқа тоқтауымның өзі – аудан халқының ауызбіршілігінің, еңбек адамдарының табандылығының арқасында жеткен үлкен жеңісінің көрінісі дер едім.
Ауданның гүлденуіне орасан зор еңбек етіп, күндіз-түні тыным таппайтын Айтбай Насриддинұлының «Кісіге де, кішіге де дара кісі» ретінде жүзі жарқын.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы








