Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауру астан болмасын

Ауру астан болмасын

«Ас – адамның арқауы» дейді. Бірақ сол ас аурудың бастауы болып жүрмесін. Бүгінде мектеп асханасынан бастап, дәмханаға, базар маңындағы шағын дүңгіршекке дейін тамақтанатын орын көп. Бірінде ас мәзірі сәнді, екіншісінде бағасы арзан, үшіншісінде адам қарасы қалың. Бірақ сыртқы көрініс тағамның қауіпсіздігін білдіре ме?
Тағамның қауіпсіздігі – оның дәмділігінен бұрын тұратын мәселе. Мектеп асханасына келген бала аспаздан еттің қайда сақталғанын, сүттің жарамдылық мерзімі қашан аяқталатынын, дайын тағамның қандай температурада тұрғанын сұрап отырмайды. Ол алдындағы асты қауіпсіз деп қабылдайды. Өйткені мектеп – ата-ананың баласын аманаттап отырған орны. Демек, асханадағы әрбір өнім, ыдыс, тоңазытқыш, дайын тағам жауапкершіліктің таразысында тұруы керек.
Бұрын «СЭС» деген үш әріптің өзі талай мекеменің төбесіне қара бұлт үйіретін. Санитариялық қызметтің тексеруі басталса, тазалыққа немқұрайлы қараған мекеме басшысы да, асхана қызметкері де абдырап қалатын. Үстелдің үстін сипап өткенде, саусағына шаң жұқса ескерту жасайтын кездер болды. Халық та бұл қызметтен қаймықты.
Арада жылдар өтті. Құрылым өзгерді. Атауы жаңарды. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесі басқа форматта жұмыс істейді. Бірақ қарапайым халықтың көкейіндегі бір сұрақ өзгерген жоқ.

СЭС қайда?
Бұл сұрақты «бұрынғыдай қатал тексеріс неге жоқ?» деген мағынада ғана түсінуге болмайды. Мәселе – санитариялық бақылаудың қоғам өміріндегі нақты көрінісінде. Өйткені аурудың алдын алу үшін міндетті түрде біреудің улануы керек пе? Бір мекемеден кемшілік табылғанша күтіп отыру қаншалықты дұрыс? Тағамнан улану фактісі тіркелгеннен кейін ғана қимылдаудың пайдасы не? Әлде қауіптің өзін алдын ала көріп, жоюға болмай ма? Міне, осы сынды сан сауал келеді ойға. Алайда көпшілік санасында санитариялық бақылауды тек айыппұл салатын немесе кемшілік іздейтін орган ретінде қабылдайтын қасаң қағида жатталып қалған сыңайлы. Оның ең үлкен жұмысы – ауру болғаннан кейін себеп іздеу емес, ауруға жеткізбейтін жағдай жасау.
Мектеп асханалары жүйелі бақылауды қажет етеді. Өйткені мұнда тұтынушы – бала. Оның иммунитеті мен ағзасының ерекшелігі ересек адамнан бөлек. Қазақстанда білім беру ұйымдарындағы тамақтануға қойылатын талаптар бекерден-бекер белгіленбеген. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Оның негізгі мақсаты – балаларды қауіпсіз, сапалы әрі теңгерімді тамақпен қамтамасыз ету. Стандартта тағам құрамындағы тұз, қант пен майды азайту, көкөніс пен жемісті көбейту, балаларға жарамсыз өнімдерді мәзірден алып тастау секілді талаптар қарастырылған. Яғни, мектеп асханасының мәзірі аспаздың немесе асхана иесінің қалауымен жасала салатын тізім емес. Онда санитариялық талап, баланың жас ерекшелігіне сай тағамдық және энергетикалық қажеттілік, бекітілген мәзір мен бақылау жүйесі бар.
Қолданыстағы талап бойынша оқушының күнделікті рационында ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және немесе бидай наны, көкөністер мен қант қарастырылуы тиіс. Ал балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе және құс еті жеті күн ішінде кемінде бір рет ұсынылуы керек. Бұл жерде «стандартты тағам» дегенді бір ғана дайын мәзір деп түсінбеу керек. Мектептерде жас ерекшелігі мен тамақтану режиміне қарай перспективалық мәзір жасалады. Оның құрамында сорпа мен көже тәрізді алғашқы тағамдар, еттен және құс етінен дайындалатын тағамдар, жарма мен көкөністен жасалған гарнирлер, салаттар, сүт және қышқыл сүт өнімдері, жеміс-жидек, нан өнімдері, сусындардың қауіпсіз түрлері болуы мүмкін. Нақты тағамдар бекітілген перспективалық мәзір мен қолданыстағы стандарт талаптарына сәйкес таңдалады. Жаңа стандарттың бір ерекшелігі – табиғи әрі құнарлы өнімдердің үлесін арттыруға басымдық берілуі. Жаңа талаптарда мектептің медицина қызметкеріне де айрықша міндет жүктелген. Ол дайын тағамға органолептикалық бағалау жүргізуге, тәуліктік сынамалардың алынуы мен сақталуын бақылауға, мәзірге сәйкес өнімдердің дұрыс салынуына, тағамның температуралық режиміне және порция көлеміне бақылауға қатысады.
Ендігі мәселе қызметкерлер жеке гигиенаны сақтай ма? Өнімнің жарамдылық мерзімі тексеріле ме? Дайын тағамнан тәуліктік сынама алына ма? Осы сұрақтардың жауабы қағазда ғана емес, асхананың өзінен көрінуі керек. Медицина қызметкері тамақ қауіпсіздігін тексергені секілді ата-ананың да мәзірді көруге құқығы бар. Баласына не беріліп жатқанын білу – ата-ананың заңды талабы.
Сол секілді кез келген тағамның қауіпсіздігі қатаң бақылауда тұруы қажет. Мәселен, базарға барған адам самса алады. Жұмысшы түскі асын дәмханада ішеді. Кешкісін біреу донер немесе кәуап сатып алады. Сондықтан санитариялық қауіп мектептің есігінен шыққан жерде тоқтап қалмауы қажет.
Тамақтан улану – бір күндік мәселе емес. Оның артында адамның денсаулығы, кейде өмірі тұрады. Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысын күшейту туралы сөз болғанда, мұны кәсіпкерге қысым жасау деп түсінуге болмайды. Керісінше, адал жұмыс істейтін кәсіпкерді талапты сақтамайтындардан қорғау да – бақылаудың бір міндеті. Таза асхана мен қауіпсіз тағам – кәсіпкердің ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесі. Олай болса, мектеп асханаларына, дәмханаларға, қоғамдық тамақтану орындарына, базар мен олардың маңындағы тағам сататын дүңгіршектерге профилактикалық бақылауды жүйелі түрде жүргізу қажет. Қай жерде санитариялық талап бұзылса, сол жердегі кемшілік дер кезінде жойылатын болады.
Бұл – артық талап емес. Бұл – санитариялық қауіпсіздіктің ең қарапайым өлшемі. Сондықтан СЭС-тің сесі емес, санитариялық бақылаудың өзі сезілетін уақыт келді.

Г.Әбдіхани
22 қыркүйек 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930