ТӘРТІПТІҢ БАСТАУЫ – ТӘРБИЕ
«Заң мен тәртіп» – бүгінгі қазақ қоғамындағы ең жиі айтылатын, маңызы мен салмағы күн санап артып келе жатқан басты қағидат. Президенттің өзі ерекше атап өткен бұл құндылық әрбір өңірде, еңбек ұжымы мен білім ошағында терең насихатталуы тиіс. Жақында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өткен ата-аналар жиыны осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың бетін ашқандай болды.Кездесуге Отбасын қолдау орталығының мамандары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, буллингке жол бермеу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі және заң алдындағы жауапкершілік мәселелерін ортаға салды. Колледж директоры Болат Сүлейменов қоғамдық тәртіп пен жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу басты міндет екенін қадап айтты. Ал оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасар Бақтияр Дайрақұлов білім ордасындағы жаңашылдықтар мен мамандықтарға тоқталып, студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Жиында көтерілген ең өткір сұрақ: «Бала тәрбиесіне кім жауапты?» Көп жағдайда ата-аналар баласын колледжге немесе мектепке апарып тастап, «ендігі тәрбиесін орталық береді» деп толықтай сеніп қалады. Ал ұстаздар қауымы оқу үдерісі мен академиялық бағдарламаның тығыздығынан тәрбие мәселесіне жеткілікті уақыт бөле алмайтынын жасырмайды. Нәтижесінде, екі ортада шекарада қалған жасөспірім көше мәдениетінің, әлеуметтік желінің теріс ықпалының жетегінде кетеді.
Колледжде өткен бұл кездесу – бір күндік науқан емес, бүкіл қоғамға берілген дабыл сигналы. Егер біз болашағымыздың берік, ал қоғамымыздың қауіпсіз болғанын қаласақ, келесі шараларды жедел қолға алуымыз қажет. Үшжақты тығыз байланыс керек. Яғни, ата-ана, колледж әкімшілігі және құқық қорғау органдарының байланысы тек жиын кезінде ғана емес, жүйелі түрде жұмыс істейтін платформаға айналуы тиіс.
«Өскен өңір» ақпарат








