Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ – ҚАУІПСІЗДІК БАР

ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ – ҚАУІПСІЗДІК БАР

Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық – ең алдымен заңға деген құрмет пен тәртіпке деген жауапкершіліктен басталады. Әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруі, жас ұрпақтың алаңсыз болашағы және елдің баянды дамуы қоғамдық тәртіптің берік сақталуына тікелей байланысты. Осы орайда құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және ортақ жауапкершілікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы ерекше.
Жақында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайтуға арналған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан үшін!» тақырыбындағы кеңейтілген мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, білім беру мен денсаулық сақтау саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Мәжіліс барысында аудан аумағындағы құқықтық ахуал жан-жақты талданып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Алғашқы болып сөз алған аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов 2025 жылы аудан көлемінде тіркелген қылмыс түрлеріне тоқталып, олардың негізгі себептері мен салдарын нақты статистикалық деректер арқылы баяндады. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық шаралар мен осы бағытта кездесіп отырған өзекті мәселелерді атап өтті.
Келесі кезекте аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және діни тұрақтылықты сақтау бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы баяндады.
–Аудандағы жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың заңға бағынуын қамтамасыз етуге және діни тұрақтылықты сақтау бағытында бірқатар іс-шараларды іске асырдық.
Статистикалық мәліметтерге қарасақ, Шиелі ауданы бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны – 27 545 адам, бұл аудан халқының 30,2%-ын құрайды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% болып отыр. 2025 жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 46 млн 498 мың теңге, ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 9 млн 250 мың теңге бөлінді.
Осы қаржыға әртүрлі бағытта 110 іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімінің бастамасымен, прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп, түнгі уақытта жас­тар көп шоғырланатын орындарда, орталық алаңда, кәсіпкерлік нысандар мен ойын-сауық орталықтарында 114 рейд өткіздік.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында білім беру ұйымдарында құқықбұзушылық пен балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, әйелдер кеңесі және үкіметтік емес ұйымдармен 78 түсіндірме кездесу өткіздік. Кездесулерде топтық төбелес, түнгі уақытта заңсыз жүру, зиянды әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстану мәселелері қаралды.
Жастар ресурстық орталығы, білім беру ұйымдары, аудандық емхана және құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Нашақорлықтың алдын алу» бағытында 37 акция, кездесу және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жазғы демалыстағы студенттер мен жоғары сынып оқушыларын маусымдық жұмыспен қамту үшін «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 100 квота бөлінді. Олар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданымыздың көркейту-көгалдандыру жұмыстарымен айналыс­ты.
Сондай-ақ 2025 жылы жастарға арналған діни бағыттағы 36 ақпараттық-түсіндіру кездесуге жалпы 1121 жас қамтылды. Әлеуметтік желілерде 250 бейнеролик, 320 астам пост жарияланып, нашақорлыққа қарсы ақпарат таратылды. Біз жастарға бағытталған осындай жүйелі жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз – деді К. Шахизатұлы.
Осы баяндамадан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту, оқушылардың құқықтық сауатын арттыру және ата-аналармен өзара байланысты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Құрметті әріптестер! Білім саласындағы кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау – біздің басты назардағы мәселе. Қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуі заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Сондықтан «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету – балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған стратегиялық жұмыс болып саналады.
2025-2026 оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» құндылығы бойынша жас ерекшеліктеріне сәйкес кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын нығайтуға бағытталған профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мысалы, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері мінез-құлық нормаларын біледі, үлкендерге құрмет көрсетеді және қоғамда өзін дұрыс ұстай алады. Бастауыш сынып оқушылары азаматтық-құқықтық түсінікке ие болып, моральдық және құқықтық нормаларды сақтаудың маңызын біледі. Негізгі орта мектеп оқушылары құқықтық жүйе мен адам құқықтарының негізін түсініп, тәртіп пен әділеттіліктің қажеттілігін сезінеді. Жалпы орта мектеп оқушылары заңдарды дұрыс түсініп, құқықтық білімді нақты өмірде қолдануға дағдыланады және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін өз әрекеттерін заңға сәйкестендіре алады.
Бұған қоса, мектептер мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының» жұмысы белсенді жүргізілуде. 17413 білім алушының 8382 ата-анасы орталықтың іс-шараларына тікелей қатысып, балаларын тәрбие мен құқықтық сананы қалыптастыруда белсенді араласты.
Жасөспірімдер арасындағы беймезгіл уақытта көшеде жүруді азайту үшін күнделікті бекітілген рейдтік топтар жұмыс жасап келеді. 2024 жылы 4 оқушы, ал 2025 жылы 13 оқушы заңсыз көшеде жүргендігі анықталып, ата-аналарына сот арқылы хаттамалар толтырылды. Қазіргі таңда аталған 13 оқушы мектепішілік есепке алынып, жеке жоспар бойынша бақылауда.
Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. 2025 жылы 20 мекемеге жаңа үлгідегі 640 бейнекамера орнатылып, ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды. Білім беру ұйымдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдықты шектеу белгілері, жаяу жүргіншілер жолағы, бағдаршам және жасанды кедергілер орнатылып, оқушылардың қауіпсіз түрде мектепке қатынауы қадағаланады.
Психологиялық қолдау жүйесі де жетілдірілуде. Жаңа оқу жылында 5-11 сынып оқушылары арасында психикалық саулықты бағалау тестіне 17556 оқушы қатысып, олардың ішінен психолог бақылауында 130, кеңес алған 19, «Психологиялық қолдау» тобында 9 оқушы тіркелді. «Адал бала» жүйесі енгізіліп, 15588 оқушы, 1661 сынып жетекші және барлық ата-аналар жүйеге тіркелді. Бұл жүйе балаларға адалдық, заңға бағыну, қаржылық сауаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында тәрбие беруге бағытталған.
Қорытындылай келе, мектеп қабырғасында балаларға құқықтық мәдениет пен тәртіпті сіңіру – біздің басты міндетіміз. Барлық әріптестерді мектеп пен ата-ананың өзара байланысын нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыруға шақырамын – деді ол бір сөзінде.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов та өз баяндамасын оқып, қылмыстың негізгі түрлеріне тоқталып, ішкі істер органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасады. Ол профилактикалық рейдтік іс-шаралардың нәтижесін атап өтіп, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың көшеде заңсыз жүруіне жол бермеу мақсатында бақылау шаралары күшейтілетінін жеткізді.
Мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз ынтымақтастық жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін баса айтты. Ол бұл бағыттағы жұмыстарға ата-аналар, ұстаздар, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері бірлесе атсалысқанда ғана нақты нәтиже болатынын жеткізді. Заңға бағыну мен тәртіпті сақтау – қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастырудың басты шарты екенін атап өтіп, аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Айнұр ИБРАШЕВА
13 қаңтар 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031