Тазыны сақтау – тарихты сақтау
Қазақ даласын тазысыз, қыран бүркітсіз, тұлпарсыз елестету қиын. Өйткені бұлардың әрқайсысы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігімен, саятшылық өнерімен, еркіндік сүйген болмысымен біте қайнасқан ұғымдар. Солардың ішінде тазының орны бөлек.Сымдай тартылған сирағы, қыпша белі, сүйір тұмсығы, қырағы көзі мен желмен жарысқан жүйріктігі оны жай ғана аңшының иті емес, қазақтың дала мәдениетінің бір бөлшегіне айналдырған. Тазы жүгіргенде сайын даланың самалына қосылып, құйындатып келе жатқандай әсер қалдырады. Оның жүйріктігінде – табиғаттың тылсым қуаты, жүрісінде – даланың еркін мінезі бар.
Тазы – қазақтың жеті қазынасының бірі ретінде танылған құндылықтардың қатарында аталып келген қасиетті жануар. Қазақ үшін ит – үйдің күзетшісі ғана емес, аңшының сенімді серігі, малшының көмекшісі, саятшының қанаты болған. Ал тазы сол міндеттің бәрінен бұрын жүйріктігімен, алғырлығымен дараланған.
Саятшылық – салт, тазы – серік
Қазақ халқының дәстүрлі өмірінде аңшылық пен саятшылықтың орны айрықша. Бұл кәсіп қана емес, табиғатты танудың, оның заңдылығын түсінудің, дала тіршілігімен етене өмір сүрудің өзіндік мектебі болды.
Қазақ халқының дәстүрлі өмірінде аңшылық пен саятшылықтың орны айрықша. Бұл кәсіп қана емес, табиғатты танудың, оның заңдылығын түсінудің, дала тіршілігімен етене өмір сүрудің өзіндік мектебі болды.
Аңға шыққан қазақтың жанында тұлпар, қолында қыран, қасында тазы жүрген. Осы үштік – көшпелі өркениеттің көркем бейнесіндей. Ат – қазақтың қанаты болса, қыран – көзі, тазы – аяғы болған десек артық емес. Саятшы тазыны жай ғана асырамаған. Оның бабын тауып, күтімін жасаған. Тазының жүйріктігін, аңға түсу қабілетін бағалаған. Иттің тұқымын, жүрісін, мінезін, аңға шапқандағы әдісін білген. Демек, тазы баптау да өзіндік өнер болған.
Атадан балаға жалғасқан бұл дәстүр қазақтың табиғатпен үйлесімді тіршілік еткенін көрсетеді. Даланың аңын аулау – табиғатты аяусыз пайдалану емес, оның тынысын түсіну, аң-құстың мінезін білу, табиғат заңына бағыну арқылы қалыптасқан мәдениет еді. Тазының қадірі де осында. Ол – қазақтың табиғатпен тілдескен тарихының тірі куәсі. Тазының бойындағы дала мінезі бар.
Тазының сыртқы бітіміне қарап-ақ оның қандай жүйрік екенін аңғаруға болады. Денесі жеңіл, аяқтары ұзын, бұлшық еті шымыр. Ол ұзақ қашықтыққа жүгіріп, аңды қуып жетуге бейім. Бірақ тазының қадірін тек жүйріктігімен өлшеу аз. Қазақ ұғымында жақсы иттің өзіне тән мінезі болады. Иесіне адал, аңға алғыр, бөтенге сақ, үйге берекелі болуы бағаланған. Сондықтан қазақ тазыны өзге иттерден бөлек көріп, оның тұқымын сақтауға ерекше мән берген. Тазы – даладағы еркіндіктің символындай. Оның бойынан қазаққа тән кеңдік пен серілік, алғырлық пен сабыр, еркіндік пен адалдық сияқты қасиеттерді бейнелі түрде көруге болады.
Ұлттық бренд қана емес, ұлттық жад
Бүгінде тазыға деген қызығушылықтың қайта артуы – халқымыздың тарихи жады мен ұлттық құндылықтарына деген құрметтің күшейіп келе жатқанының белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақы тазыны ұлттық мұра ретінде ерекше атап келеді.
Бүгінде тазыға деген қызығушылықтың қайта артуы – халқымыздың тарихи жады мен ұлттық құндылықтарына деген құрметтің күшейіп келе жатқанының белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақы тазыны ұлттық мұра ретінде ерекше атап келеді.
2025 жылғы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Президент Қазақстанның тазыны халықаралық деңгейде таныта алғанын айтып, оны «біздің мұрамыз» деп бағалады. Сол сөзінде Мемлекет басшысы: «Енді бүкіл әлем тазының – таңғажайып қасиеттерімен дараланатын қазақтың аңшылық итінің тұқымы екенін біледі», – деп атап өткен. Бұл – тазының халықаралық деңгейде қазақ халқымен байланысты ұлттық құндылық ретінде танылып келе жатқанына берілген жоғары баға. Президент сол сөзінде Париждегі Елисей сарайында Қазақстаннан Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйға тартылған екі тазыны көргенін де айтқан. Бұл – қазақы тазының ел шекарасынан асып, халықаралық мәдени кеңістікте де танылып келе жатқанының бір көрінісі.
Ал Қазақстанның ресми мәліметтеріне қарағанда, 2024 жылғы 3 қыркүйекте қазақы тазы тұқымы Халықаралық кинологиялық федерация тарапынан алдын ала халықаралық мойындау мәртебесіне ие болды. Бұл да тазы тұқымын сақтау мен әлемге таныту бағытындағы маңызды қадам болды. Қазіргі заманда ұлттық құндылық туралы сөз болғанда, оны тек музей төрінде сақталатын жәдігер ретінде түсінбеуіміз керек.
Домбыра тартылса – күй жалғасады. Ат бапталса – ұлттық дәстүр сабақтасады. Бүркіт бапталса – саятшылықтың сабақтастығы сақталады. Ал тазы өсіріліп, оның тұқымы таза сақталып, кейінгі ұрпаққа берілсе – ата-бабадан қалған дала мәдениетінің бір арнасы үзілмейді. Осы тұрғыдан алғанда тазы – ұлттық жадтың бір бөлшегі. Оны сақтау – бір иттің тұқымын сақтау ғана емес. Бұл – қазақтың саятшылық дәстүрін, ит баптау мәдениетін, табиғатпен үйлесімді өмір сүру тәжірибесін сақтау.
ЮНЕСКО-ның Қазақстанға қатысты материалдық емес мәдени мұра тізімінде бүгінде құсбегілік, домбыра күйі, асық ойындары, тоғызқұмалақ және басқа да дәстүрлер бар. Ал 2026 жылға арналған қаралып жатқан номинациялардың ішінде тазы мен бүркіт қатысатын «Салбурын» дәстүрлі фестивалі де көрсетілген. Бұл – тазының жеке өзі ғана емес, оны қоршаған тұтас мәдени ортаның маңызын көрсететін бағыт.
Бүгінгі ұрпақ үшін тазының қадірін түсіндіру – өткенді аңсау емес. Керісінше, ұлттық болмысты заманауи өмірмен сабақтастыру. Өйткені ұлттың өзін өзгеден ерекшелейтін қасиеті оның тарихында ғана емес, сол тарихты бүгінгі күнге жеткізе алуында. Тазының тұқымын сақтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары, жүйелі есеп, дұрыс селекция, жауапты өсіру мәдениеті қажет. Сонымен бірге жас ұрпаққа тазының тарихын, саятшылық дәстүрін, ит баптау өнерін үйрету маңызды. Тазыны сән үшін ұстау бір басқа, оның табиғатын танып, бабын тауып, дәстүрін жалғастыру бір басқа. Ата-бабамыз тазыны ермек үшін емес, тіршілікке серік, аңшылыққа көмекші, серілікке жолдас еткен.
Тазы жүгіргенде оның соңынан бір ғана аңшылық дәстүр емес, ғасырлардың ізі еріп келе жатқандай. Оның қас-қағым сәтте қоянға жететін жүйріктігінде – қазақ даласының кең тынысы бар. Қырағы көзінде – бабалардың аңшылық өнері, иесіне деген адалдығында – халқымыздың итке деген құрметі бар. Тазы – қазақтың далалық өркениетінен жеткен ерекше мұра.
Г.Әбдіхани







