ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН «БРЕНД» ҚЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ
Бұл идеяны жүзеге асыруды қолға алған шиелілік Нұрбек Әбсадықовтың «ит төресі – тазыны» асырап жүргеніне 7 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде кейіпкеріміз жеті қазынаның бірін өсіріп-бағып қана қоймай, сал-серілікке тән саятшылықты да насихаттап жүр. Жүгіртсе желмен жарысқан, жетекке алса сұлулықтың символындай, ал аңға салса аузын майлаған тазы итінің қасиетіне кім болса да тамсанады.
– Өзім кішкентай кезімнен тазы асыраймын. Тазылардың сана-сезімі ерекше дамыған. Олар бәрін сезеді әрі иесіне өте жақын болады. Көзіңе қарап бәрін сезіп, біліп тұрады. Тұқымы таза тазының көздерінде от ойнап тұрады, кеуделерін кере, бастарын әрдайым тік ұстап жүреді. Өзім асырап жатқан тазымды «Ұшар» деп атаймын. Тазымен аңға кез келген уақытта шыға беруге болады. Тек ит бабына келсе болғаны. Қансонарда тазының артық тырнағын кесіп, тегістеу қажет. Тұяғының арасы да мұқият тазартылады. Себебі артық тырнақ тазының еркін аң аулап, жүгіруіне кедергі. Тазылар тегіне, сипатына қарай әркелкі. Қоян, түлкі, кейбірінің қасқыр алуға да бейімі бар. Бірі – ептілігімен ерекшеленсе, бірі – күштілігімен, батылдығымен айрықша. Жүйрігі аңға тез жетіп алса, күші көбі қасқырға түседі. Қасқыр қууға иттер арнайы дайындалады. Тазы – аңғарымпаз хайуан. Иесінің іс-қимылын мүлтіксіз бақылап, сақтықпен әрекет қылады. Аңға шыққанда атпен шауыпкеле жатқан иесінің қапталымен жүгіріп отырады. Аңшылыққа дағдыланған тазы түлкіні әп-сәтте мойнынан бұрайды. Әккісі түлкінің тұмсығынан қысып, жерге ұрады. Ал қоянды кез келген жерінен қарпиды, – деді тазы баптаушы.
Кейіпкерімізбен сұхбатқа келіспес бұрын, тазы туралы деректерге көз жүгірткен едік. Қазақ халқы итті адамның адал досы, үйін қоритын қорғаушысы санап, оң бағасын берген.
Ал жапондар «Хатико» атты итіне мыстан мүсін құйып, құрмет көрсетсе, мұндай қошеметтен біздің қазекем де қағажау қалмаған. Ауған соғысы кезінде талай жауынгерді мина жарылысынан қорғаған «Беда» атты иттің ерлігі өзінше бір хикая. Неміс овчаркасының иесі Мерғали Қалдығұлов Ақтөбенің қазағы. Өкініштісі, ол елге оралған соң Бедадан көз жазып қалған. Осындайда «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегенге қалай сенбессің?! Бүгінде Бедаға Ақтөбе қаласынан биіктігі үш метрлік ескерткіш орнатылған.
Аңызға сүйенер болсақ, тазының шығу тарихы тіптен қызық. Оны қазақ италақазбен байланыстырады. Ол бір рет қана күшіктейді екен және екі жұмыртқа туады-мыс. Оның бірінен – қаз, екіншісінен – күшік шығады. Бір қызығы – италақаз қай жұмыртқадан күшік шығарын білсе, сол жұмыртқаны шұқып тастайды-мыс. Егер таба алмаса, өзіне қауіпті. Өйткені күшік жұмыртқадан шығысымен италақазға ұмытылмақ. Қызық дерек иә? Рас, өтірігін кім біліпті, бірақ ел ішіндегі аңыз әңгіме осылай дейді.
Нұрбек Ұшарға ерекше көңіл бөледі. Қажет болса мал дәрігеріне апарып қаратып тұрады. Аяқасты ауырып қалса, бірден емдомын өзі жасай береді. Жуындырады, жүнін қырқады.
– Тазыны асырау, оны баптау қиын емес. Себебі тазылар өте момын келеді. Иесімен байланысы жақсы болса жеткілікті. Тамақ та көп жемейді, талғамайды. Мәселен, Ұшар күніне үш уақыт тамақ ішеді. Сүйек мүжігенді, кең алаңда ойнағанды да жақсы көреді. Өте еркін иттер. Қорықпай биікке де шығады, төменге де емін-еркін түседі. Өзімен ойнаған адамдарға да еркелеп, қылығын көрсетеді. Екі жасар Ұшардың денесінде май болмағандықтан, басқа иттерге қарағанда тоңғақ. Аңшы ит болған соң, үнемі жүгіретіндіктен, денесінде тек ет пен сіңір ғана бар. Тазы асырамас бұрын бұлар туралы кітаптардан оқып, ақсақалдардан, достарымнан сұрап, кезінде қазақтардың тазы итті киіз үйдің ішінде асырғанын білдім. Олар ашаршылық кезінде бір ауылды асырап, азық тауып беріп отырған. Сол себепті өте құнды жануар болған, – дейді ол.
ТҮЙІН: Иесіне адал, таза, өзіне сай тектілігін сақтайтын бұл жануар тұқымын көбейткен дұрыс-ақ. Әсіресе ауылдық жерде, мал шаруашылығына таптырмас серіктес. Ендеше Нұрбектің арманы орындалса, Әлкей Марғұланша айтсақ, саятшылық – ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылым. Осы ғылымның жандануына үлес қосып, «Шиелінің брендтерінің» қатары толығар деген үміттеміз. Өзі бұрғылаушы қызметте жүрсе де, саятшылықты жанына серік етіп, қасынан тазысын ешқашан тастамайтын жас жігіттің еңбекқорлығына тәнті болып қайттық.
Айнұр ИБРАШ