Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗИЯТКЕР ҰРПАҚ – ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР КӨШІНДЕ

ЗИЯТКЕР ҰРПАҚ – ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР КӨШІНДЕ

Жақында техника мен шығармашылықты тоғыстырған ерекше дода өтті. Қолдарындағы әр бөлшекті ұқыппен құрастырып, роботтарын іске қосуға асыққан жас өнертапқыштардың жүзінен қызығушылық пен толқыныс қатар байқалды. Бірі бағдарламаның дұрыс орындалуын бақыласа, енді бірі роботтың әр қозғалысын жіті қадағалады. Балғын өнертапқыштар үшін бұл – жай ғана жарыс емес, өз білімін сынап, тың идеясын жүзеге асырып, технология әлеміндегі алғашқы қадамдарын нықтайтын маңызды мүмкіндік болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялау бастамасы аясында Шиелі кенті әкімдігінің қолдауымен, «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Зияткер ұрпақ – жасанды интеллект әлемінде» атты аудандық робототехника байқауы өткізілді.
Сайысқа 8-12 жас аралығындағы жас өнертапқыштар қатысып, робототехника саласындағы білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Әр қатысушы өз мүмкіндігін сынап қана қоймай, жаңа технологияны меңгеруге деген ынтасын, ізденісін және тапқырлығын көрсетті.
Шараның алғы сөзі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлына беріліп, ол жас талапкерлерге сәттілік тілеп, білім мен ізденістің болашақ жетістіктердің негізі екенін атап өтті.
Дода барысында қатысушылар алдымен жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнеролик арқылы өздерін таныстырды. Одан кейін белгіленген уақыт ішінде робототехникалық жұмыстарын құрастырып, бағдарламалады. Аталған кезең балалардың техникалық білімін ғана емес, шапшаңдығы мен ұқыптылығын да сынға салды.
Ал жобаны таныстыру кезеңінде әр қатысушы өз жұмысын қазылар алқасына ұсынып, жобасының ерекшелігі мен практикалық маңызын түсіндірді. Балалардың өз жобалары туралы сенімді сөйлеуі, тың идеяларын ортаға салуы олардың заманауи технологияларға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
Байқауға «Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Жібек Орынбайқызы, №127 Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Бекзат Бегалыұлы және аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев төрелік етті.
Қазылар алқасы қатысушылардың жобаларын өзектілігі, жаңашылдығы мен креативтілігі, техникалық орындалу сапасы, бағдарламалау деңгейі, жасанды интеллект элементтерін қолдануы, жобаны таныстыру мәдениеті, практикалық маңыздылығы және шапшаңдығы бойынша бағалады.
Қазылар алқасының төрағасы Ж.Баймұратова жас өнертапқыштардың дайындығына оң бағасын берді.
– Байқау барысында балалардың робототехника мен жаңа технологияларға деген қызығушылығының жоғары екеніне көз жеткіздік. Әр қатысушы өз мүмкіндігін көрсетуге талпынып, жобасын қорғауда белсенділік танытты. Балалардың жасына қарамастан, өз ойларын еркін жеткізіп, техникалық тапсырмаларды орындауға ұмтылысы қуантады. Осындай байқаулар жас ұрпақтың білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, болашаққа деген сенімін қалыптастырады, – деді ол.
Әр жобаның артында баланың еңбегі мен ізденісі, қиялы мен талпынысы тұрды. Бір қарағанда шағын ғана робот болып көрінген дүниелердің астарында үлкен ой, нақты мақсат пен баланың шығармашылық ізденісі жатты.
Жарыстың шешуші сәтінде жүйріктердің арасынан үздіктері дараланып, жеңімпаздар есімі анықталды. Бірінші орынның биігінен Аслан ­Оразбай көрініп, үздік нәтижесімен топ жарды. Екінші орын Әбдіжаппар Иманғалиға бұйырса, үшінші орын Мұхамедияр Мұзафарұлына ­табысталды. Ал білімін, шапшаңдығы мен шеберлігін қатар танытып, өзгелерден оқ бойы оза шыққан Нұрислам Асанұлы байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттар табысталып, үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар мектептерге қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды.
Бүгінгі бала – ертеңгі инженер, бағдарламашы, ғалым, өнертапқыш. Сондықтан мұндай байқаулардың мәні – жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – жас ұрпақтың бойындағы ізденісті оятып, олардың жаңа технологияны меңгеруге деген ынтасын арттыру.
Шиелінің жас өнертапқыштары бұл күні роботтарға ғана қозғалыс берген жоқ. Олар білім мен ізденіске, технологиялық болашаққа қарай алғашқы қадамдарын жасады. Бүгін құрастырылған шағын роботтар ертең үлкен жобалар мен жаңа бастамаларға ұласуы әбден мүмкін.
Жас талапкерлердің әрбір ізденісі мен талпынысы – болашаққа бастар нық қадам. Олардың жаңа идеялары толысып, шығармашылық ізденістері арта берсін. Бүгінгі байқауда басталған игі ­бастамалар ертең ел игілігіне қызмет ететін үлкен жобаларға ұлассын.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
31 тамыз 2026 ж. 23 0