АТАҒЫ ЖЕТКЕН ЖАН-ЖАҚҚА, ЕҢБЕГІ ҮЛГІ ҰРПАҚҚА
Біз қазақ өткенін ұмытпай, керісінше ел дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың тағылымды жолын ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа үлгі еткен халықпыз. Сондай жанның бірі – даңқты теміржолшы Алтынбек Сейілханов.Алтынбек Сейілханов – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол 1935 жылы Ақтоған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен қатар келген ол қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткереді. Әкесі соғыс майданында ерлікпен қаза тауып, анасының аялы алақанында өсіп, Қызылорда қаласындағы интернатта оқиды.
Сонан соң Ташкенттегі теміржол институтына оқуға қабылданып, 1958 жылы «САЗИИТ» жоғары оқу орнын үздікке бітіріп шығады. Оқу орнын аяқтаған соң, туған еліне қайта оралып Шиелі теміржол станциясына жас маман болып жұмысқа орналасып, кезекші қызметін атқарады. Білікті жас еңбек жолының алғашқы баспалдағын абыроймен атқарып, алған білімін, жинаған тәжірибесін көрсетеді. 1959 жылдан бастап «Жалағаш», «Сас – Төбе», «Сексеуіл», «Төретам» станцияларында он жылдан астам басшылық етіп, 1970 жылы «Қызылода» жол бөлімшесі бастығының қозғалыс жөніндегі орынбасары, жүк тасымалы бастығы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ жол бөлімшесінің бас резивосы қызметтерін де абыроймен атқарған. Оның тәрбиесін көрген, тәлімін терген теміржолшылардың көпшілігі кейін аталған саланың майталмандарына, білікті басшыларына айналды. Адал атқарған еңбегінің арқасында «Құрметті теміржолшы» атанып, Генерал шешін алған. Кәсібилік, сезімталдық, тәртіп – оның басты қасиеттері. Бұл – оның кәсіби шеберлігінің, іскерлік қабілетінің айқын дәлелі.
Қызмет ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға да бесенді араласқан еңбек майталманы бірнеше рет облсытқ мәслихат депутаты болып сайланған. Алтынбек Сейілханов «Оқшы Ата» кесенесін тұрғызуға, сонымен қатар «Досбол Датқа», «Қыпшақ бауырлар» ескерткіштерін орнатуға және жол төсеп, көпір салып, электр жарығымен қамтамасыз етуге, өзінің кіндік қаны тамған Ақтоған ауылына «Досбол Датқа» есімін беруге атсалысқан. Көз көргендердің айтуынша, үнемі жарқын бастамалар мен ел игілігі жолындағы баянды бастамалардың басы-қасында жүретін азамат болған екен.
Жары Баудан анамыз екеуі ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, жоғары оқу орнында оқытқан. Бүгінде еңбек майталманының балалары елдің дамуы жолын сан-салада қызмет етіп жүр.
Алтынбек Сейілханов теміржолының дамуына сіңірген еңбегі, ұжымдағы абыройы, азаматтық келбеті – бүгінгі ұрпаққа тағылым, ертеңгі буынға өнеге. Ардақты тұлға өз ісінің маманы ғана емес, халықпен етене араласқан, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмек берген шынайы қоғам қайраткері болды.
М.ИБРАГИМ







