Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық ғұмыр – елге өнеге

Ғасырлық ғұмыр – елге өнеге

Наурыз айының 28 жұлдызында Бәйгеқұм ауылында тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор айтулы шара өтті. Бұл күні тыл және еңбек ардагері Әнуарбек Ыбырайұлының 100 жылдық мерейтойына орай Бәйгеқұм теміржол стансасының ғимаратында мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты ұйымдастырылды.Салтанатты жиынға ауыл әкімі Д.Сейітқалиұлы, ауыл ақсақалдары, сала ардагерлері және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі филиалының басшылары қатысып, жиналған қауымды құттықтады. Олар өз сөздерінде ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әнуарбек Ыбырайұлының еңбек жолы мен өнегелі өміріне кеңінен тоқталды.
Әнуарбек Ыбырайұлы 1926 жылы 5 мамырда Шиелі ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Сыр бойының кең даласында өтіп, еңбекқорлық пен төзімділікке ерте бейімделді. Еңбек жолын 1944 жылы Шиелі теміржол стансасында бұрушы әрі оператор болып бастап, өмірінің 40 жылдан астам уақытын теміржол саласына арнады.
Әр жылдары түрлі жауапты қызметті абыроймен атқарған ол пойыз диспетчері, станса кезекшісі, аға диспетчердің орынбасары секілді қызметтерде тәжірибесін шыңдады. 1959-1966 және 1972-1980 жылдары Бәйгеқұм стансасының бастығы болып еңбек етіп, ұжымның дамуына зор үлес қосты. Сондай-ақ Тереңөзек стансасын басқарды, Қызылорда жол бөлімшесінде ревизорлық қызмет атқарды.
1971 жылы Алматы теміржол транспорты техникумын тәмамдап, кәсіби білімін жетілдірген Әнуарбек Ыбырайұлы теміржол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, саланың тәртібі мен сапасын арттыруға ерекше мән берді. Сонымен қатар жас мамандарға тәлімгерлік жасап, олардың қалыптасуына ықпал етті.
Ерен еңбегі ескерусіз қалмай, ол «За трудовое отличие», «Ветеран труда», «Отличный движенец», ­­«Отличник ­социалистического соревнования» төсбелгілерімен және түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оның еңбек жолы мен жетістіктері жайлы кезінде «Ленин жолы», «Өскен өңір» сынды басылымдарда да жарияланған.
Өмірдегі ең үлкен жетістігі – өнегелі отбасы болды. Жары Мәмпаси анамызбен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, ұрпағына адал еңбек пен адамгершіліктің үлгісін қалдырды.
Мерейтой аясында Шиелі ауданының орталық мешітінде ардақты ата-бабалардың рухына арнап ас беріліп, Құран бағышталды.
Әнуарбек Ыбырайұлының ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі, елге қызмет етудің жарқын көрінісі. Оның есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

М.Кеңесұлы,
Сурет автордікі және Ибраевтар отбасының отбасылық архивінен алынды

31 наурыз 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031