Еңбекпен ер атанды, елге мұра қалдырды
Несіне қуанасың бала батыр,Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнекей жағада тұр, деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырға қосқандай, қариялардың қатары сиреп барады. Дүйсенбі күні таңертең сондай аузы дуалы абыз ақсақал, ғибратты ғұмыр иесі, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі Жұмабек Әлтайұлының да келместің кемесіне мініп кетті деген қаралы хабарды естіп, бойымыз суып, көңіліміз құлазып қала берді.Әйткенмен, Алланың ісіне не шара? Қолдан келері сол ақсақалдың артынан дұға жасап, сабыр етіміз.
Жұмабек Әлтайұлы 1939 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1955 жылы №149 «Қызылту» орта мектепті үздік бітіріп, Қызылту колхозында ауыл шаруашылық жұмыстарында еңбек ете бастайды. Төрт жылға жуық шаруашылықтың қыр-сырын меңгеріп, жас күнінен бейнеттенген азамат 1959-1962 жылдары Совет армиясының қатарында Ленин орденді Мәскеу әскери округіндегі Шуя қаласында отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, сержант шенімен оралады.
Әскери борышын өтегеннен кейін, сол жылы зейнетке шыққан әкесі Әлтай Айтбаевтың отарын қабылдап алады. Алдымен «Қызылту» колхозында, сонан соң «Телікөл» қаракөл қой совхозында 1962 жылдан 1994 жылы зейнет жасына шыққанша аға шопан болып еңбек етті. Шопан болу, үнемі мал соңында жүріп, ел игілігін еселеуге үлес қосу – оңайға соқпайтыны анық. Дегенмен, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әке жолын жалғастырған перзент, шаруаға тез бейімделіп кетеді. Жаңадан совхоз құрылып жатқан уақытта Жұмабек Айтбаев 100 саулықтан 152 бас төл алып бастап, шопандар арасынан үздік шығады. Сол кезеңдегі санақ бойынша әр жүз аналықтан 170 бас төл алып, ауданның атақты шопаны атанады. Осылайша «Даңқ» орденінің иегері болып, есімі Қазақстанның құрмет кітабына алтын әріппен жазылады. Шопанның жұмысы сағатпен өлшенбейді. Қыста жүздеген бас қойды бағып, қатты соққан ызғырық желдің өтінде жүріп, құдықтан суарып, шөбін салады. Көктемде малын өргізіп, түсте иіріп, қой төлдейтін шақта көз ілмей тынымсыз қадағалайды. Аталған сандар мен марапат қой бағудың, оны төлдетудің қиыншылығын білмеген адам үшін жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Бірақ, қақаған қыста қар кешіп, көктемде көк қуған қоймен арпалысқан адамдар бұл еңбекті жақсы біледі. Өйткені бұл көрсеткіштің артында қыруар еңбек пен маңдай тердің жатқаны белгілі.
Жұмабек Әлтайұлы қойдан қол үзгенше үздіктер қтарынан көрініп, елміздің экономикасының дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан бақташы. Зейнет жасына шыққан соң таяғын тастап, қолына қалам алып, өмірлік көрген-түйгенін қағаз бетіне түсіріп, оқырманға орамды ой айтып қалдырды. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттын тыс тілшісі болып, мал шаруашылығындағы өзекті мәселелер мен сол кездегі шопандардың мұң-мұқтажын жазып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
Оның «Монтай батыр», «Жалшы», «Дуалдағы төрт кәртеш», «Менің де айтарым бар» сынды көптеген мақаласы газет бетінде жарық көрген Жұмабек Әлтайұлы ауданның ата басылымы «Өскен өңір» газетімен түйедей құрдас еді. Ел арасындағы тарихи тақырыптарға қалап тербеп, деректер мен шежіре әңгімелер жазылған «Аманат» кітабы жарық көрді.
Ел игілі үшін еңбек еткен азаматтың адал маңдай тері елеусіз қалмады. Қажыр қайратының арқасында III және II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тақты. Сонымен қатар көптеген Құрмет грамотасы мен алғыс хаттармен марапатталды. Енді ғана I дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алар тұста, КСРО тарап кетеді.
Абыз ақсақал әр дүйсенбі сайын таңертең редакцияға келіп, тілшілердің жағдайын сұрап, батасын беріп кетуші еді. Көктем айында әдеттегіше Жұмабек Әлтайұлы есіктен кіріп келді. Жайдарлы жүзі, ақ сақалы, ерекше даусы бірден өзіне қаратады. Амандасып, бас редактор Нұрболат Пірімбеттің кабинетінде біраз әңгімелесті. Содан кейін қарсы бөлмеді отырған мені шақырып алып «Өлеңім бар еді балам, соны жазып ал» деді. Мен бірден отырып қаламымды алып жазуға кірістім. Шығарған өлеңінің тақырыбы «Қоштасу». Жүрегім селк етті. Өлеңін бастап оқығанда ақсақалдың ойын ұқтым. Жазып болған соң, «Бұл өлеңді сақтап қоя сал. Уақыт келгенде газетке жарияларсың. Маған бір данасын басып, шығарып бер» деп, төрт шумақ өлеңін аманаттады. Аманатқа қиянат жасамай, назарларыңызға ұсынайын.
Туған жерім – Мыңбұлақ,
Неге жатсың тұнжырап.
Басыңа қайтып бармаспын,
Суыңа бетімді жумаспын,
Сеніменен осылай
Қайыр-қош деп қоштастым.
Қаратауым жайлауым,
Талай топтан оздырдың.
Атымды Қазақстанның,
Алтын кітабына жаздырдың.
«Өскен өңір» құрдасым,
Бола білдің сырласым.
Жақсылығыңды жария етіп,
Ақындарың жырласын.
Басшысы мұның Нұрболат,
Алға бассын жұмысың.
Тілшілерменен кеңейіп,
Арта берсін ырысың.
Құда-жекжат, бауырлар,
Жора-жолдас ағайын.
Сендермен де осылай
Қош айтыса салайын.
Міне, осылайша абыз ақсақал соңғы сәттерінің бірінде қоштасу өлеңін қалдырып, жұмысымызға толағай табыс тілеген еді. Абай Құнанбайұлы «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» десе, данышпандарымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Өмірде адал еңбектеніп, артында өнегелі із, саналы ұрпақ қалдырған Жұмабек Әлтайұлының есімі мәңгі ел жадында сақталып қалары сөзсіз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Мейіржан ИБРАГИМОВ







