ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА
Елім деп егіліп, жерім деп қоғам игілігіне өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғаларды көргенде, олардың өнегелі ісіне еріксіз тәнті боласың. Соның бірі де бірегейі – Жиделіарық ауылында дүние-жарыққа келген Дүйсен Есімұлы.
Ол – көзі тірісінде халқына пайдасын тигізіп, келешек үшін ғибрат болар іспен айналысқан жан.«Адамды мәңгі өлтірмейтін – оның артында қалған өнегеліісі» деген бар емес пе? Ендеше, халық игілігі үшін қыруар қызмет еткен ардақты азаматтың ғибратты ғұмыр жолына назар салсақ.
Ол – көзі тірісінде халқына пайдасын тигізіп, келешек үшін ғибрат болар іспен айналысқан жан.«Адамды мәңгі өлтірмейтін – оның артында қалған өнегеліісі» деген бар емес пе? Ендеше, халық игілігі үшін қыруар қызмет еткен ардақты азаматтың ғибратты ғұмыр жолына назар салсақ.
Дүйсен Есімұлы 1939 жылы Шиелі ауданы, Коммунизм колхозы, Жиделіарық ауылында дүниеге келген. Қазақ орта мектебін 1957 жылы аяқтап, 1958 жылға дейін осы ауылда механизатор болып еңбек еткен. 1959-1962 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы құрылыс техникумында білім алады. Бұл уақытта жас Дүйсен күндіз құрылыстағы жұмысымен бірге кешкі оқуын қатар алып жүрген болатын. Кейін 1962 жылдан 1975 жылға дейін аудандағы құрылыс мекемесінде (Межколхозстрой) прораб болып қызмет етеді. Осы аралықта Авангард совхозының халқына үй тұрғызу, мал бордақылау кешендерін салып береді. Сонымен қатар Гигант колхозына да екі қабатты мәдениет үйін тұрғызған болатын.
Жақындарының айтуынша, Дүйсен Есімұлы өз ісіне жауапты әрі өте еңбекқор адам болған. Ол 1975 жылы ауданда жаңадан Телікөл, Еңбекші совхоздарының ашылуына байланысты аудандық партия комитеті бюросының шешімімен Телікөл совхозына аға прораб болып сайланады. Бұл жерде 15 жылға жуық құрылыс саласын басқарады. Бұдан бөлек, партия ұйымының хатшысы, ауылдық советтің төрағасы қызметтерінде елеулі еңбек етеді. Кезінде облыс көлемінде ағаш алдыруға Дүйсен Есімұлын облыс атынан Сібірге жіберіп отырған көрінеді. Еліне сіңірген елеулі қызметінен кейін абыз ақсақал құрметті зейнет демалысына шығады. Салмақты сөзімен, абыройлы ісімен бейнетінің зейнетін көрді.
Ардақты әке 1995 жылы Алматы қаласындағы ұл-қыздарының қасына көшіп барады. Осында 10 жылдай жерлеу бюросында механик, май құю бекетінде және экспедитор болып үш қызметті қатар атқарады. 70 жасқа келгенде өзінің өтініші бойынша аталған жұмыстан босатылады. Мекеме басшысы ол кісінің еңбегін бағалай келіп, өзі мініп жүрген «Волга» автокөлігін сыйға тартады.
Д.Есімұлы 2023 жылдың 18 қаңтарында 85 жасқа қараған шағында Алматы қаласында бақилық болды. Жұбайы Гүлжаһан екеуі өнегелі өмірлерінде 2 ұл, 7 қыз тәрбиеледі. Барлығын да оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы білімге қол жеткізген әкенің еңбегі текке кетпеді. Қыздары қияға қонып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, ұлдары жауапты қызметтерде жүр. Бүгінде нар тұлғаның жолын артында қалған ұрпағы жалғастырып келеді.
Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің
4-курс студенті
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің
4-курс студенті