Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес – қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігі

Қоғамдық кеңес – қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігі

Қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастыру, мемлекеттік органдар жұмысының жариялылығы мен тиімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты талабының бірі. Осы бағытта маңызды қоғамдық институтқа айналған Қоғамдық кеңестер мемлекеттік шешімдердің сапасын жақсартуға, тұрғындардың пікірін ескеруге және өзекті мәселелерді ашық талқылауға ықпал етіп келеді. Кеңес отырыстарында көтерілген әрбір мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайы, экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды тақырыптарды қамтиды.
Осы орайда жергілікті Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында аудан экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқатына қатысты екі өзекті мәселе қаралды. Кеңес төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен өткен жиында аудандық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігін аудандық бюджетке аудару нормативін белгілеу және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің экологиялық қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстары кеңінен талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы У.Рахманов хабарлама жасап, «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына сәйкес әзірленген қаулы жобасының мән-маңызына тоқталды. Жобаға сәйкес әлеуметтік салада қызмет көрсететін аудандық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының 50 пайызы аудандық бюджетке аударылатын болады. Бұл, біріншіден, жергілікті бюджеттің салықтық емес түсімдерін көбейтуге мүмкіндік берсе, екіншіден, коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық тәртібі мен ашықтығын күшейтуге ықпал етеді. Хабарламашының айтуынша, аталған өзгерістің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кері әсері болмайды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің бас басқарушысының орынбасары Айбек ­Абсеметов кәсіпорынның өндірістік, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы жұмыстары туралы баяндама жасады.
Бүгінде «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» – «DANAKE Corporation» ЖШС мен Қытайдың «Gezhouba Group Cement Co Ltd» компанияларының бірлескен инвестициялық жобасы ретінде еліміздегі ірі цемент өндіруші кәсіпорындардың қатарында. 2020 жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп келе жатқан зауыт жылына 1 миллион 339 мың тонна цемент өндіреді. Кәсіпорында өндіріс қуатын арттыру мақсатында клинкер өндіру көлемі тәулігіне 2500 тоннадан 2900 тоннаға дейін ұлғайтылған.
Баяндама барысынд өнім сапасын бақылау жүйесіне тоқталды. Барлық өнім халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес сертификатталған. Заманауи зертхана мен автоматтандырылған басқару жүйесі өндірістің барлық кезеңінде сапаны үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.
Экологиялық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен сөз болды. Зауыт өкілінің айтуынша, кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау тұрақты жүргізіледі. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атмосфераға таралған нақты шығарындылар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге азайған. Ал жабдықтарды жаңғырту нәтижесінде жылдық шығарынды көлемі 6228 тоннадан 4575,78 тоннаға дейін төмендеген. Сонымен қатар өндірістік қалдықтар арнайы келісімшарт негізінде шығарылып, санитарлық-қорғау аймағында төрт мыңға жуық көшет отырғызылғаны айтылды.
Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда ­зауытта 268 адам еңбек етеді. Оның 79 пайызы – жергілікті тұрғындар. Қызметкерлер арнайы киіммен, ыстық тамақпен, тасымал қызметімен қамтамасыз етіледі. Ал басқа өңірден келген жұмысшыларға жатақхана қарастырылған. Осы жылы кәсіпорындағы орташа айлық жалақы 20 пайызға өсіп, 524 мың теңгеден асқаны мәлімделді.
Айта кетейік, дәл қазір «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-ның демеушілігімен «Самара – Шымкент – Еңбекші» автомобиль жолының 4,3 шақырымын реконструкциялау жұмысы жүріп жатыр. Жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстары сәуір айынан басталып, белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда.
Дегенмен, Қоғамдық кеңес мүшелері тек есепті тыңдап қана қоймай, тұрғындарды толғандырған мәселелерді де батыл көтерді. Кеңес мүшелері Болат Күлімбет, Мұхамеджан Салқынбаев, Ғани Есімов, Насыр Мырзабеков және Нұрболат Пірімбет жергілікті мамандардың жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, өндіріс аумағын көгалдандыру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ зауытқа шикізат жеткізуші тасымалдаушылардың әлеуметтік жағдайына назар аудару қажеттігін айтты.
Әсіресе, тас тасымалы мәселесі кеңінен талқыланды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, карьерден тас жеткізу құнының төмендігі салдарынан кейбір жүк тасымалдаушылар шығынды өтеу үшін белгіленген салмақтан артық жүк тиеуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде республикалық және аудандық маңызы бар жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әсер етуде.
Кәсіпорын өкілінің мәліметіне сүйенсек, ­зауыт жылына шамамен 1,4 миллион тонна тас қабылдайды. Бір жүк көлігінің рұқсат етілген жүк көтергіштігі 30 тонна деп есептегенде, жылына 45 мыңға жуық жүк көлігі зауытқа қатынайды. Бұл тәулігіне орта есеппен 125 жүк көлігінің келуін, ал қайтуымен қоса есептегенде 250 рет қозғалысты білдіреді. Осындай қарқынды қозғалыс Еңбекші–Шиелі автомобиль жолына айтарлықтай салмақ түсіріп, жол сапасының төмендеуіне әсер етіп отырғаны айтылды.
Кеңес мүшелері бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, тасымал тарифтерін экономикалық тұрғыдан қайта қарау, жүк көліктерінің салмақ нормасының сақталуын қатаң бақылау және жол инфрақұрылымын сақтау бағытында тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпорын арасында өзара үйлесімді жұмыс жүргізу қажеттігі ұсынылды.
Жиын қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын білдіріп, олардың орындалуын бақылауда ұстайтындарын жеткізді.
Қоғамдық кеңестің басты ерекшелігі – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің есептерін тыңдап қана қоймай, халықтың талап-тілегін ашық жеткізетін пікір алаңы болуында. Мұнда көтерілген әрбір мәселе қоғам мүддесі тұрғысынан сараланып, нақты ұсыныстар мен талаптар қойылады. Сондықтан мұндай басқосулар мемлекеттік шешімдердің сапасын арттырумен қатар, билік, бизнес және қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтуға қызмет етеді. Аудандық Қоғамдық кеңесінің бұл жолғы отырысы да өзекті мәселелердің ашық талқыланып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынған маңызды алаң болғанын көрсетті.

Гүлхан ЯХИЯ
03 тамыз 2026 ж. 62 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31