Ерекше бастама: Шиеліде алғашқы керамика студиясы іске қосылды
Өңірде шығармашылық пен демалысты ұштастырған тың жоба жүзеге асты. Аудан орталығында «Ais Ceramic Art Studio» керамика студиясы ашылып, тұрғындарға қыш өнерімен айналысуға мүмкіндік беретін алғашқы шығармашылық кеңістік өз жұмысын бастады.Қазіргі таңда адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт алыстап, уақытын пайдалы әрі ерекше өткізудің жолдарын іздейді. Осыған дейін мұндай шығармашылық демалыс түрлерін іздеген шиеліліктер көбіне Қызылорда қаласына баратын. Енді аудан тұрғындары үшін сондай мүмкіндік туған өлкеде де қолжетімді болмақ.
Студияның негізін қалаған Айсұлу Ханқожаева бұл жобаның басты мақсаты – адамдардың өнер арқылы тынығып, өз қабілетін дамытуына жағдай жасау екенін айтады.
– Шиеліде адамдардың шығармашылықпен айналысып, жан тыныштығын табатын орны жоқ екенін байқадым. Сондықтан осындай студия ашуды армандадым. Бұл ойымды қолдап, ұсыныс білдірген жандар да аз болған жоқ. Соңғы үш жылда керамика өнеріне ден қойып, қажетті құрал-жабдықтарды жинап, көп іздендім. Биыл сәуір айында Түркістанда өткен халықаралық байқауда осы саланың тәжірибелі маманымен танысып, ақыл-кеңесін алдым. Сол кездесуден кейін студия ашуға түбегейлі бел будым, – дейді кәсіпкер.
Студияда балалар мен ересектерге арналған керамикадан шеберлік сабақтары өткізіледі. Қатысушылар құмыра жасаудың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, өз қолымен жасаған бұйымын естелік ретінде үйіне алып қайтады. Мұндай шығармашылық үдеріс адамның ойын сергітіп, сабыр мен ұқыптылыққа баулып, күйзелісті азайтуға да ықпал етеді. Керамика студиясы күн сайын сағат 17:00-ден 23:00-ге дейін тұрғындардың отбасымен немесе достарымен келіп, уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді.
Шыны керек, соңғы уақытта шиеліліктер ерекше демалыс орындарын іздеп, облыс орталығына жиі барады. Өйткені ауданда шығармашылықпен айналысып, жаңа әсер алатын кеңістіктер аз еді. «Ais Ceramic Art Studio» – сол олқылықтың орнын толтыратын ерекше бастама. Осындай тың идеялардың көбеюі – Шиелінің мәдени өміріне серпін беріп, ауданның тартымдылығын арттыра түсетіні анық.
Айнұр ИБРАШЕВА







