Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ ТАРТҚАН МҰРА

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ ТАРТҚАН МҰРА

Тарих – халықтың жады. Ал сол жадыны сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізудің ең маңызды жолдарының бірі – өткеннің үнін жеткізетін құнды жәдігерлерді жинақтап, зерделеу. Әрбір көне бұйымның артында тұтас бір дәуірдің тынысы, ата-бабаның тұрмыс-тіршілігі, еңбегі мен өмір салты жатыр. Осындай тарихи мұраны сақтау мақсатында «Ел іші – алтын қазына» жобасы аясында «Руханият» орталығындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылды. Аталған акция аясында Бидайкөл ауылының тұрғыны болған Нұрбапа Оралбайұлының ұрпақтары музей қорына бірқатар құнды жәдігер табыстады.

Нұрбапа Оралбайұлы мен оның үлкен ұлы Түктібай ағамыздың еңбектегі жолы да ел жадында сақтауға лайық. Олар Шиелі өңіріндегі «Лесхоз» (орман шаруашылығы) мекемесінде қызмет етіп, туған өлкенің табиғатын қорғау, жасыл желекті көбейту, қоршаған ортаны сақтау ісіне өз үлестерін қосты. Табиғатқа жанашырлық танытып, туған жердің көркеюіне еңбек сіңіру – олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі жолының бір бөлігі.
Ал Лидия Каналқызының өмір жолы – қазақ әйелінің төзімділігі мен шеберлігінің жарқын көрінісі. Он үш перзент тәрбиелеп өсіріп, «Алтын алқа» иегері атанған ардақты ана отбасының ұйытқысы ғана емес, қолөнерді қастерлеген жан болды. Оның қолынан шыққан бұйымдар – әйел еңбегінің қадірін, ұлттық өнердің тереңдігін танытатын асыл мұра.
Музей қорына қабылданған әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Солардың бірі – тас диірмен. Бұл бұйым қазақ даласындағы ертедегі егіншілік мәдениеттің айқын белгісі. Бұрынғы заманда халық дәнді дақылдарды осы диірмен арқылы қолмен тартып, ұн мен жарма дайындаған. Тас диірмен – ата-бабалардың еңбексүйгіштігін, тұрмыстағы ұқыптылығы мен табиғи мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғанын көрсететін маңызды мұра.
Шоқ үтік – өткен дәуірдің тұрмысынан хабар беретін ерекше бұйым. Электр қуаты болмаған кезеңде ішіне жанып тұрған шоқ салынып қыздырылатын бұл үтік арқылы халқымыздың қарапайым тұрмыстық құралдарды пайдалана отырып, ұқыптылық пен тазалықты жоғары бағалағанын көруге болады.
Қазақ әйелдерінің қолөнер шеберлігін айғақтайтын жіп иіретін станок, ұршық пен өрмек құралдары да музей төрінен орын алды. Осы бұйымдар арқылы қой жүні мен түйе жүнінен жіп дайындап, киім-кешек, көрпе, алаша тоқу сияқты дәстүрлі кәсіптердің қыр-сырын тануға мүмкіндік бар.
Жез құман мен жез леген де – қазақы үйдің сәні мен мәнін танытатын ерекше жәдігерлер. Қазақ халқы үшін қонақ күту, тазалық сақтау, үлкенге құрмет көрсету әрдайым маңызды болған. Осындай жез бұйымдар көбіне сыйлы, дәулетті шаңырақтарда сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде беріліп отырған.
Ал тықыр кілем – Лидия әжеміз секілді қолөнер шеберлерінің маңдай тері мен талғамының жемісі. Түгі жоқ, тығыз тоқылған мұндай кілемдер өзінің беріктігімен ерекшеленіп, қазақ үйінің сәнін келтірген. Оның әрбір өрнегінде шебердің ойы, дүниетанымы, ұлттық нақышқа деген сүйіспеншілігі көрініс табады.
Музей қорына тапсырылған кітаптар мен газет-журналдар жинағы да – өткен кезеңнің құнды дереккөзі. Олар арқылы сол уақыттағы қоғамдық-саяси ахуалды, аудан мен ауыл өмірін, халықтың білім деңгейі мен мәдени тынысын зерттеуге болады. Кейде бір ғана кітап немесе газет беті тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналады.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы Оралбаевтар әулетіне тарихи мұраны сақтауға қосқан зор үлесі үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Атадан қалған асыл дүниені бағалап, оны көпшілік игілігіне ұсыну – үлкен мәдени жауапкершіліктің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Бүгінде музей қорына тапсырылған бұл жәдігерлер жеке отбасының естелігі болып қана қалмай, тұтас өлке тарихының бір бөлшегіне айналды. Олар енді шаң басқан үй бұрыштарында емес, музей залдарында сақталып, зерттеушілерге, жас ұрпаққа, келушілерге өткенді тануға мүмкіндік береді.
«Ел іші – алтын қазына» жобасы аясындағы «Музейге сый» акциясы – әрбір азаматты өз әулетінің тарихына үңілуге, атадан қалған мұраны қадірлеуге шақыратын маңызды бастама. Себебі халықтың тарихы – үлкен оқиғалардан ғана емес, қарапайым адамдардың еңбегі мен өмірінен де құралады. Тарихын құрметтеген елдің рухы биік болады. Сондықтан «Музейге сый» акциясына атсалысу – ата-баба мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізудің жарқын жолы.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
28 шілде 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031